Меркі ауданының мүмкіндігі өте мол

Оны тек ретін тауып пайдалану керек

0 6

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтің халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты. Жиында өткен жылғы меркіліктердің тынымсыз тірлігінің жемісті нәтижесі егжей-тегжейлі баяндалды.
Төрт түлік мал өсірумен қатар, дала төсінде еңбек дүбірін қыздыруға бұрыннан ебі бар аудан тұрғындары ешбір қиындыққа қарамастан елді берекеге бастайтын ырысты тірлігінен жаңылмай келеді. Өткен жылы ауданда өнеркәсіп өнімі 6,4 миллиард теңгені құрап, негізгі капиталға салынған инвестиция 16,96 миллиард теңгені құраған. Меже бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 143,3 пайызға орындалған. Бөлшек саудадағы тауар айналымы 8,3 миллиард теңгені құраса, ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 35,4 миллиард теңгеге жеткен. Сондай-ақ ауданда 106 жобаны жүзеге асыру үшін 5,7 миллиард теңге қаражат қаралыпты. Сонымен қатар 52721,1 гектар алқаптан 99130,3 тонна астық орылған. «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 106,6 тонна қант қызылшасын қабылдаса, оның 55,7 мың тоннасы Меркі өңірінің өнімі екен.
Аудан әкімі Мейірхан Азатұлы аудан экономикасын дамытуда туризм де маңызды саланың бірі ретінде қарастырылып отырғанын айтады. Соның арқасында аталған салада ілгерілеу бар.

– Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда «Мейірім Меркі», «Тұран», «Меркі радон» секілді бас-аяғы 6 заманауи қонақүй бар. Былтыр жеке кәсіпкер С.Садыров Меркі тау шатқалында жобалық құны 350 миллион теңгені құрайтын демалыс аймағының құрылысын бастады. Қазіргі таңда 2 монша, 3 коттедж және бассейн салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталады. Жоба іске асқанда демалыс аймағында 15 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек «Автогаз Трэйд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының бойында орналасқан «Анипа» сервистік кешенінің маңынан жобалық құны 500 миллион теңге тұратын «GAZENERGY» жанар-жағармай құю стансасының құрылысын бастап, құрылысты күзге таяу аяқтауды ниет етіп отыр. Тағы бір жеке кәсіпкер Тұрғынбай Душабаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының бойындағы «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай құю стансасының маңынан жобалық құны 30 миллион теңгені құрайтын сервистік нысан құрылысын қолға алып, жаз айында аяқтамақ. Жалпы Меркі ауданы бойынша биыл 880 миллион теңгеге 3 инвестициялық жоба іске асады, – деді М.Өмірбеков.
Жиын барысында Меркі ауданының Құрметті азаматы, ақын Шырын Мамасерікова сөз алып, облыс әкіміне ақжарма тілегін арнады. Бұдан кейін сөз алған қоғам белсендісі Исламбек Дастан Меркі ауданында негізгі капиталға салынған инвестициялық көрсеткіштің орындалмауы, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес санының азаюы, суармалы жерлерді ұлғайту, өрт қауіпсіздігі секілді облыстық индикатордың 5 бірдей көрсеткішінің орындалмай қалу жайын сұрады. Сонымен қатар И.Дастан карантин кезінде ауданда жиын-тойға тоқтам болмағанын, көліктердің жолда жоғары жылдамдықпен жарысып жүретінін сынға алды. Кенесары ханға ескерткіш қою мәселесін де көтерді.
– Негізгі капиталға салынған инвестиция биыл 149 пайызға орындалды. Облыс белгілеген межеге қол жеткізбегенімізбен, бұрнағы жылға қарағанда айтарлықтай өсім бар. Пандемия кезінде 300-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісі уақытша жұмысын тоқтатып, көрсеткішке айтарлықтай әсер еткені рас. Қазір қалыпты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы күннің ыстық және желді болуына байланысты біршама алқап өртке оранғаны рас. Қазір кемшіліктерді болдырмау жөнінде арнайы жұмыс жүргізілуде. Егіс алқаптарын суландыру бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Ал індет өршіп тұрған кезде сақтық шараларын ұстанбай, жиын-той жасаушыларға 11 миллион теңге айыппұл салынды. Кенесары ханға ескерткіш Тəуелсіздіктің 30 жылдығына орай тамыз айында тұрғызылатын болады, – деді Мейірхан Азатұлы.
Осы орайда Бердібек Машбекұлы аудан әкіміне жерасты суының қорын зерттеуде арнайы ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп жұмыс істеуді еске салды.
Ауданның Құрметті азаматы Шамсидин Сүлейменов ұлты əзірбайжан екенін, мұндағы өзге этнос өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешіп жатқанын айта келе, елді бірлікке, ауызбіршілікке шақырды. Ауданның тағы бір Құрметті азаматы Нұрсұлтан Жəнібеков егіс алқаптарында ауыспалы егісті қолдану, тұқым сапасын жақсарту, бұрынғы кондитерлік зауытты қалпына келтіру секілді бірқатар ұтымды ұсынысын ортаға салды. Сол секілді жеке кəсіпкер Ержан Қырғабақов аудан орталығында мұзайдын салғанын айтып, кəсібін кеңейту үшін қайтарымсыз қаржы беру арқылы қолдау көрсетуді өтінді. Өз кезегінде аймақ басшысы қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сондай-ақ тұрғындар Сыпатай батыр ескерткішін еңселі етіп қайта жасау, қоғам қайраткері Мәсімхан Бейсебаев атына көше беру, ауылдарға ауызсу, газ тарту секілді бірқатар мәселелерді көтерді.
Есепті жиынды қорытындылаған Бердібек Машбекұлы қоғамда ынтымақ, тәртіп бар болса, ол өңірдің экономикасы өрлейтінін сөз етті.
– Құрметті аудан тұрғындары, өткен жыл біз үшін оңай соққан жоқ. Аудан тұрғындары көтеріп отырған мәселелер мен ұсыныстар біздің назарымызда. Дегенмен елге ең керегі – ынтымақ пен бірлік. Егер елде тыныштық болмаса, тұрақтылық сақталмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде даму болмайды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халықтың мұңын тыңдайтын мемлекет құруға талпынып жатырмыз. Сондықтан кез келген әкім не мемлекеттік қызметкер халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Осы ауданға қосымша 5,8 миллиард теңге қаржының берілуінің арқасында елді мекендерге ауызсу жүйесі тартылып, көгілдір отын кіргізілді. Жол жөнделіп, көптеген ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Меркі ауданы ауыл шаруашылығын дамытуда өте қолайлы аймақ. Бір кездері осы ауданның атағы бал, балық, бау-бақша, жеміс-жидек өнімдерін өндірумен аты шыққан. Осы мүмкіндікке қазір де қол жеткізуге болады. Ол үшін істің көзін таба білуіміз қажет, – деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы биыл Меркі-Шу бағытындағы жол құрылысы аяқталатынын айтты. Жиын соңында әлеуметтік дүкен ашу, дәрі-дәрмекті шекті бағадан асырмау, шағын және орта бизнеспен айналысушылар құнды жоба ұсынса қолдау көрсету, үй іргесіндегі жерді дұрыс пайдалану, тұқым сапасына мән беру, Тәуелсіздіктің 30 жылдығығына орай түлектерді демеушілікке тарту секілді мәселелер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Жиын соңында аймақ басшысы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы алаңында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Қордай ауданындағы Әлжан ана ауылында жалғасын тапты. Б.Сапарбаев аталған ауылдағы Елбасының анасына арналған музей мен ауылдық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. 2018 жылы пайдалануға берілген музейде 54 жәдігер болса, оның 11-і нумизматика. Тұңғыш Президентіміз – Елбасының шығармалары, естеліктері мен бағдарламалары жазылған кітаптар саны – 37. Ал күрделі жөндеуден өткен 250 көрерменге арналған ауылдық мәдениет үйінде 13 адам еңбек етеді. Және де тұрғындарға, әсіресе балаларға арналған 6 үйірме жұмыс істеп тұр.

Нұрым Сырғабаев

Меркі ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.