Экономика

«Меркі – Шу – Бурылбайтал» жолымен зырлайтын күн жақын

Written by Aray2005

«Жол азабын жүрген біледі» деген мақалдың мәнін жамбылдықтар, әсіресе Мойынқұм және Шу ауданының тұрғындары өте жақсы түсінеді. Өйткені қос аудан тұрғындары ұзақ жылдардан бері жол азабын тартудай-ақ тартып келді. Соңғы жылдары тіпті «Меркі-Шу-Бурылбайтал» жолының жағдайы жергілікті жұртшылықтың жанды жеріне айналды. Облыс билігінің мәселеге мән бермегенінен немесе қаржының жоқтығы, қолдың қысқалығынан емес, республикалық маңызы бар автожол болғандықтан жылдар бойы жабулы қазан жабулы күйінде қалып келді.

Дегенмен тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселенің түйіні тарқатылатын күн де жақындады. Өткен жылы өңірде ұзындығы 262 шақырымды құрайтын «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолын қайта жаңғырту мақсатында үлкен жоба басталып, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Жоба толықтай аяқталғанда Меркі мен Шу ауданы аралығында жатқан жолдың 86 шақырымдық учаскесі 4 жолағы бар І техникалық санаттағы жолға сай болады. Ал ұзындығы 176 шақырымды құрайтын Шу қаласы айналма жолынан Бурылбайтал елдімекеніне дейінгі жол учаскесі 2 жолағы бар ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілмек. Бұдан бөлек жоба аясында 6 көпірдің, теміржол арқылы өтетін 3 жол өтпесінің, жарықтандырылатын 11 жол айрығының, 276 құбырдың, демалыс алаңдарының, сондай-ақ, елдімекендердің маңында орнатылатын автопавильондардың құрылысы қамтылады.
Бүгінгі таңда жол құрылысын жүргізіп жатқан мамандар топырақтың 4,1 миллион текше метрін жайластырып, жолдың 112 шақырымында төсеме қабатты, 109 шақырымында жол негіздемесінің төменгі қабатын, 105 шақырымында жол негіздемесінің жоғарғы қабатын, сондай-ақ, 101 шақырымында жол жабындысының төменгі қабатын төсеп үлгерген.
Жол учаскесіндегі жұмыстарға 641 техника жұмылдырылып, 1300-ден астам жұмысшы тартылған. Ал құрылыс жұмыстарын салада мол тәжірибесі бар «Синьсин» және «АБК Автодор НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізіп жатыр. Кейінгі жылдары облысымызда автомобиль жолдарының сапасын арттыруға көп көңіл бөлінуде. Себебі мердігер компаниялардың салғырттығы салдарынан құрылыс жұмыстарында түрлі олқылықтар орын алып, жыл өтпей-ақ қыруар қаржы жұмсалған жолдардың тозығы жеткендері қаншама?! Сол мақсатта ауқымды жобада қандай бір кемшіліктер орын алмас үшін «Аркада KZ» және «Сапа СЗ» жауапкершігі шектеулі серіктестіктері сапаға бақылау жүргізеді. Сонымен қатар көптен күткен жобаға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та ерекше назар аударып, құрылыс жұмыстарын өз бақылауына алған.

Талғат Нұрханов

ПІКІР