Жамбыл жаңалықтары

Меркіде қар барысы жүр

Written by Aray2005

Бірер апта бұрын Меркі ауданындағы ерекше қорғалатын таулы аймақта «Қызыл кітапқа» енген қар барысы фототұзаққа түсіп қалғаны жан-жануарлар әлемі үшін үлкен сенсация болды. Облыс көлемінде тұқымы тұздай құрыған жыртқыштың фототұзаққа ілігуі мамандардың таңданысын тудыруда.

Дүйім жұртты елең еткізген көріністі тамашалап болған бойда облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарластық.
– Мамандарымыздың фототұзағына үш қар барысы 26 ақпан күні түсті. Негізі 12 қаңтарда да бір қар барысы фототұзаққа түскен болатын. Сондықтан сол маңайға көптеп құрылғыларды орнатқанбыз. Міне, тағы үш қар барысының барын анықтап отырмыз. Алайда аңдардың қауіпсіздігі үшін фототұзақ орнатылған аумақ жайлы мәлімет бере алмаймыз. Десе де біз қазір арнайы жоба дайындап, сол маңнан парк ашсақ па отырмыз. Яғни, парк аумағында аңшылық жүргізуге және жеке шаруашы­лықпен айналысуға тыйым жасамақпыз. Сондай-ақ арнаулы парктың аумағында ерекше кездесетін өсімдіктерді де өсірсек деген жоспарымыз бар. Бұл үш қар барысы облыстың жануарлар дүниесі үшін үлкен олжа болып тұр, – дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақов.
Бұл сөз жоқ, өңір табиғаты үшін теңдессіз олжа екені даусыз. Осы орайда Меркі ауданындағы аталған таулы аймақ пен ондағы жан-жануарлар әлемі туралы толыққанды ақпарат алу үшін Меркі ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемеге байланысқа шықтық. Мекеме директоры Ж.Ибраймов атқарылған жұмыстан хабардар етіп ғана қоймай, қар барысы анықталған аймақты да жобалап меңзеді.
– Мекемемізге қарасты орман қоры жерінің таулы аймағы Қырғыз Алатауының, жергілікті маңызы бар «Меркі» қаумалына кіретін жерлерінде қызметкерлеріміз жабайы аң-жануарларды қорып күзету жұмыстарын жүргізу барысында алғаш рет ағымдағы жылдың 23 қаңтарында арнайы орнатылған фототұзақ құралына қар барысының 1 бас еркегі мен арқардың 23 бас құлжасы ілікті. Осылайша Біріккен Ұлттар Ұйымының бағдарламасы бойынша арнайы мекемеге берілген фототұзақ құралын пайдалану арқылы қар барысының Меркі орман қоры жерлерінде бар екеніне көз жеткіздік.
3 ақпан күні Алматы қаласынан зоология институтының мамандары келіп, қар барысының фототұзаққа түскен жерлерін зерттеп, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қар барысының ізі түскен жерлерді суретке түсіріп, қиының үлгісін зерттеу үшін алды. Ал фототұзақтардың түсірген суреттері мен бейнетаспаларын қарау кезінде, қар барысының тағы да 2 бейнесі, сонымен қатар үнді жайрасының (дикобраз) бейнесі жазылғаны анықталды. Нәтижесінде мамандар Меркі тауының аумағында 4 қар барысы бар деген тоқтамға келді. Қар барыстарының Меркі тауларында жүрген жерлері олардың өсіп-өнуіне қолайлы. Одан бөлек алматылық мамандар зерттеу экскурссиясы барысында Меркі тауының бір шатқалының өзінде 40 бас арқар, 150 бастан аса тауешкі және «Қызыл кітапқа» енген ақбас бүркітін сүретке түсіріп алды. Зоология институтының мамандары өз тарапынан қосымша фототұзақтар орнатып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, көктем шығысымен тағы зерделеу жұмыстарын жүргізетіндіктерін айтты. Бір сөзбен айтқанда мекемеге тиесілі «Аспара-Меркі» орман қорының таулы аймағын қырағы қорғау мен күзету жұмыстарының арқасында «Қызыл кітапқа» енген аңдардың саны артып келеді, – дейді мекеме директоры.
Әрине бұл қуанышты хабар. Алайда Меркі ауданының таулы аймақтары Қырғыз Республикасымен шектесіп жатқандықтан жабайы аңдарды толықтай елімізге тиесілі деп айту қиын көрінеді.
– Қар барысының фототұзаққа түскен жері таулы аймақ болғандықтан ол аңдар Қырғыз Республикасынан бізге келіп, қайта кетіп қалуы мүмкін. Дәл сондай арқарлар мен тау текелері де тастан-тасқа секіріп, жүре береді. Бір сөзбен айтқанда аңдарға шекара мәселесі жүрмейтіні белгілі. Сондықтан Меркі ауданының орман шаруашылығы және жан-жануарлар дүниесін қорғау мекемесі аталған аймақтан арнайы парк ашатын болса, ең алдымен аңдардың нақты есебін жүргізіп, құжаттарын заңдастырып алғандары жөн. Және қырғыздармен де тау-тасты мекендейтін аңдарға қатысты келісім жүргізу керек. Әйтпесе ертең бұл мәселе күрделеніп кетуі мүмкін, – дейді «Аңдасай» қорығын ұзақ жыл басқарған натуралист-құсбегі Жапар Сатылғанов.
Иә, табиғат жанашырының сөзі орынсыз дей алмаспыз. Себебі шекара мәселесіне келгенде түрлі кикілжіңдер тууы мүмкін. Ертең қырғыздар «бұл біздің қар барысымыз» деп аңды өздерінің таулы аймағынан аулап алып, торға қамап қойса кімге шағымданып, қандай құжатпен дәлелдемекпіз? Сондықтан натуралист-құсбегі Жапар Тілеужанұлының ұсынысына құлақ түру керек сияқты.
Қалай дегенде де қар барысының Меркі жерінен табылғаны өңір үшін үлкен олжа. Енді тек мамандар айтып отырған паркті тездетіп құрып, аңдарды жіті бақылауға алса игі.

С.Жапарұлы

ПІКІР