Жамбыл жаңалықтары

Меркіде мал басы артып келеді

Written by Aray2005

Халықтың тұрмыс сапасының артуы ел экономикасына соны серпін береді. Бұл орайда Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алдымызға бірқатар міндеттер қойып, тұрмыс сапасын арттырудың негізгі тетіктерін атап көрсетті.

Бүгінгі таңда алға шыққан ауыл шаруашылығы саласының да бұл ретте халықтың тұрмыс сапасының артуына қосатын өзіндік үлесі мол. Асыраушы саланың алға қойған мақсаты егін, мал шаруашылығын еселеп, елдің әлеуметтік жағдайын жақ­с­артуға бағытталған. Бүгін­­де шаруаларға мемлекет тара­пы­нан тиісті қолдау да көр­сетіліп келеді.

Ежелден жердің көркі санал­ған Меркі ауданында Елба­сы­ның тапсырмалары мен бастамаларын ауыл шаруашылығы саласында іске асыру жұмыстары жүйелі жүр­гізілуде. Ауданда жалпы кө­лемі 705697,0 гектар жер бол­са, оның 202173 гектары ауыл шаруашылығы саласы­на тиесілі. Меркі жерін­де бүгінде 84 мыңнан астам ха­лық тұрады. Көпшілігі негі­зі­нен асыраушы саланың игі­лі­гін көріп, тірлігін тіктеп келе­ді. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтің айтуынша, ауданда негізінен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларына тиісті көңіл бөлінген. Бұл ретте атқарылған жұмыстардың көлемі де ауқымды. Аудан бойынша өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 10 миллиард теңгені құраған. Ал елімізді Индустриялық-инно­вациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы аясында Меркі ауданында кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 1,7 мил­лиард теңге болатын 2 ин­вестициялық жоба жүзеге асы­рылған. Нәтижесінде 38 жа­ңа жұмыс орны ашылып, жер­гілікті тұрғындар жұмыс­пен қам­тылған. Сонымен қатар «Орталық Азия қант компания­сы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі филиа­лы­ның жылына 200 мың тоннаға дейін өнім шығару әлеуетіне ие болғаны өңір экономикасының артып отырғанын көрсетеді.

Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамыту басты назарда. Бұл орайда ауданда ағым­дағы жылы жалпы құны 662 миллион теңге болатын «Са-Ба ЛТД» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің «Шағын мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту» жобасы кәсіп­­керлікті қол­дау кар­­та­сы­на енгізіліп отыр. Қазір­­­­гі кезде ауданда 4433 ша­­ғын және орта кәсіпкерлік ны­­са­­ны жұмыс істейді. Бұл ны­сан­­­­дар­дың бәрі де халықтың тұр­­­мыс сапасын арттыруға ба­ғыт­­­талған. «Сонымен қатар аудан­­дағы «KazMicroFinance» мик­­ро­­кредиттік ұйымы мен «Мер­кі несие серіктестігі» жауап­кер­шілігі шектеулі серік­тес­тігі тарапынан 4814 азамат және 93 шаруа қожалығы несие­лен­ді­рілді. Бөлінген несие көлемі 3 миллиард теңгені құрай­ды. Ал аудан бойынша 5 мил­лиард 111,6 миллион теңге инвес­ти­ция биылғы қаңтар және тамыз ай­лары аралығында негізгі қор­ға салынды», дейді аудан әкімі.

Мемлекет үшін мал шаруа­шы­лығының да маңызы зор. Бұл орайда шаруаларға жеңіл­детілген несие, мал басы үшін субсидия беріліп келеді. Нәти­жесінде ауданда мал басы өз төлі есебінен көбейтілуде. Бүгін­де ауданда 48 834 мүйізді ірі қара, 276 664 қой-ешкі, 13 422 жыл­қы, 123 түйе және 81 395 үй құстары бар. Шаруалардың айтуынша, Меркіде мал басы­ның артуына ауданда құрыл­ған ауыл шаруашылығы коопера­тивтерінің септігі тиіп отыр. Бүгінде ауданда сүт бағытында 6 және ет бағытында 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс істеп келеді. Аталған агроқұрылымдар осы уақытқа дейін 1530 тонна ет және 439 тонна сүт өндірген. Шаруаларға өнімдері үшін мемлекет тарапынан 67 926 110 теңге көлемінде субсидия берілген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында аудан бойынша 6 миллиард 687,6 миллион теңгенің өнімі өнді­ріл­ген. Бұл көрсеткіштің өзі аудан­ның айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін көрсетеді.

Бұл орайда мал басын асыл­дандыру да маңызды іс. Ежел­ден бір-бірінен төрт түлік ма­лы­­­ның амандығын сұрауды ұмыт­­паған халқымыздың мал бағу, оны асылдандыру ерте­дегі кәсібі. Мәселен, Меркі ауда­­нын­дағы «Бахор» шаруа қожа­лы­ғы бүгінде қолдан ұрық­тан­дыру тәсілін қолға алуда. Нәти­жесінде әр аналық бастан тек ұрғ­а­шы төл алуға болады екен. Мал басын көбейтудің мұн­дай зама­науи тәсілі қазіргі кезде көп­теген меркілік шаруа­ларға үлгі болуда.

Меркі ауданы жасыл таби­ға­тымен ерекше. Сонымен қатар мал жайылымына да қо­лай­лы аймақ. Бүгінде мал басын көбейтуді, асылдандыру­ды қолға алып отырған меркілік шаруа­лардың жоспары ауқым­ды. Олар әрдайым мемлекет қол­д­ауының нәтижесінде жоға­ры көрсеткішке қол жеткізіп келе жатқандығын айтады. Бүгін­де Жамбыл өңірінде алдың­ғы­лар­дың бірі болып ауыл шаруашылығы кооперативін құ­рып, ет, сүт бағытында жұмыс ат­қа­рып келе жатқан, сонымен қатар мал басын көбейтуде көп­теген тәсілдерді қолданып отыр­ған Меркі ауданының мүмкіндігі асыраушы саланы алға шығаруымен ерекше.

egemen.kz

ПІКІР