"Шамшырақ" Саясат

Меркіде тозығы жеткен мектеп көп

Written by Aray2005

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Меркі ауданында жұмыс сапармен болды. Ержан Жұматұлының жұмыс сапары Ақермен ауылдық округінде орналасқан №11 Әмеди Хасенов атындағы мектеппен танысудан басталды.

1976 жылдан бері жөндеу көрмеген мектептің қазіргі жағдайы шын мәнінде мәз емес. Оқу орнының директоры Айсұлу Әліпбаеваның айтуынша, мектеп шатырынан су ағып, жылда өз күштерімен жөндеу жүргізіп тұрады. Дегенмен жылдан-жылға мәселені өздерінің күшімен шешу қиындап барады. 40 жылдан бері талай атақты кәсіпкерлер мен мәдениет қайраткерлері, спорт шеберлерін тәрбиелеп шығарған мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Аудан тарапынан құжаттары толық дайындалыпты. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, жөндеу жұмыстарын бастап кетуге болады. Мектеп кабинеттерін аралап көрген Ержан Жұматұлы білім ошағының материалдық базасына ғана емес, мұғалімдердің білім беру әдісі мен оқушылардың білім сапасына да ерекше назар аударды.
Аспара ауылдық округіндегі №2 мектеп те Е.Жылқыбаевтың назарынан тыс қалмады. Бұл мектеп Кеңес дәуірінде бастапқыда кеңшар жұмысшыларына жатақхана ретінде соғылған. 1986 жылы бой көтерген ғимараттың дәліздері өте тар. Спорт залдың едені шіріп, төбесінен су өтіп тұр. Мектеп директоры Бауыржан Мамырбаев асхананың да стандартқа сай еместігін айтып, күрделі жөндеуден гөрі, жаңа мектеп құрылысын қарастырса деген ұсынысын білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары мұнан соң Аспара ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Алғысөзді аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков алып, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесу барысында ауыл тұрғыны, зейнеткер Нұржау Байжұманов Аспара ауылдық мектебінің жағдайын айтып, Ержан Жұматұлына мәселені шешуге қолғабыс етуін сұрады. Ал зейнеткер Кәрден Қыстауова қызметке жаңадан келген облыс әкімінің орынбасарларына ақ батасын берді. Өз сөзінде алты баланы қатарынан кем қылмай өсірген жалғызбасты ана қазіргі атаулы әлеуметтік көмек үшін бет жыртысып жатқандарға үлгі болуы үшін өзінің өмірінен мысалдар келтірді. Сонымен қатар Кәрден апа ауылға жас мамандарға үй тұрғызылса деген ұсынысын білдірді. Өйткені ауылда тапшы мамандар сырттан қатынап қызмет көрсетеді екен. Бұл ұсынысқа Ержан Жұматұлы зерделеп барып шешім қабылданатынын жеткізді.
Жиын барысында ауылдық округ тұрғындары пилоттық жоба аясында жұмыс істеуге ниетті екендіктерін айтты. Бұл ұсынысқа аудан әкімі әрбір округ жобаға енуге дайын болу керектігін жеткізді. Ол үшін кепілге қоятын заттың құжаттарын қазірден бастап дайындап қоюды ұсынды. Алдағы уақытта пилоттық жоба жалғасын тауып жатса, қай ауылдық округтің құжаттары мен жобасы дайын болса, сол ауылды облысқа ұсынатындығын жеткізді.
Келелі кездесуден соң облыс әкімінің орынбасары Гранитогор ауылындағы тозығы жеткен №8 жалпы білім беретін мектепті аралап көрді. Бұл білім ордасында да қиындық тудырған мәселе жетерлік. Мектеп директоры білім ордасының құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайын тұрғанын айтты. 120 орындық мектеп құрылысына бюджеттен 539 миллион теңге бөлінген жағдайда биыл жаңа мектеп құрылысы басталып кетпек.
Ержан Жылқыбаев келесі кезекте бастапқыда кеден қызметкерлеріне пәтер ретінде соғылып, бүгінде қараусыз қалған ғимаратты көрді. Бұл ғимаратты ҚР ҰҚК Шекара қызметі аудан балансына өткізген болатын. Аудан әкімі Мейірхан Азатұлы аудандық бюджет қаражатынан нысанның құрылысын аяқтап, көпбалалы аналар мен жас мамандарға беруді жоспарлап отырғанын айтты. 3 ғимаратта жалпы 20 пәтер бар екен. Егер ұсыныс іске асса, үйсіз жүрген 20 отбасы баспаналы болғалы тұр. Бұл мәселеге Ержан Жұматұлы қолдау білдіріп, облыс әкіміне жеткізетіндігін айтты.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары таулы аймақтағы «Жұлдыз» сауықтыру лагерінің жай-күйімен танысты. Жергілікті кәсіпкер Қанат Шайхиевтің көмегімен 25 миллион теңгеге жаңа асханасы соғылып, пайдалануға берілген лагерьге қосалқы ғимараттар керек-ақ. Ол ғимарат соғылса, аудан спортшыларын қысы-жазы таулы аймақта жаттықтырып, дайындауға мүмкіндік туады.
Келесі кезекте Ержан Жұматұлы аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысты. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Данияр Нүсіпбаев мекемедегі қабылдау бөлімі, балалар, гинекология, перзентхана және жұқпалы аурулар бөліміне күрделі жөндеу қажет екенін алға тартты. Аталған бөлімдердің барлығын аралап, танысып шыққан жұмысшы топ жөндеуден өткізу үшін тиісті құжаттарын дайындап өткізуді ұсынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов жалпы облыс көлемінде биыл 16 медициналық ғимарат жөндеуден өткізілетінін, оның ішіне Меркі ауданы енбей қалғанын айтты.
Келесі нысан – былтыр ашылған мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту-бейімдеу орталығы болды. Жалпы аудан бойынша 335 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Соның 25-і арнайы сараптамадан өтіп, осы оңалту-бейімдеу орталығына жолдама алып, тиісті мамандар көмегіне жүгінеді. Ашылғалы мұнда 25 баладан 3 кезең балаларды қабылдап отыр. Мұндағы спорт залды қайта қалпына келтіруді қажет етеді.
Аудандағы жұмыс сапары аясында Ержан Жұматұлы №17 Иван Трубицын атындағы мектепте аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Білім ордасына жиналған ата-аналар мектептің жағдайын айтып, мұнда қосалқы ғимарат соғып беруді сұранды. Өйткені 1100 балаға шақталған мектепте қазіргі уақытта 2330 бала білім алуда.
Кездесуге келген Қазихан Жұмалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев пен өзге де аудан тұрғындары оқушылардың білім сапасына, ұстаздардың біліктілігінің шыңдалуына баса назар аударуды ұсынды. Сонымен қатар еңбекке баулуды ұмытпауды да тілге тиек етті. Сол сияқты тегін дәрі-дәрмекпен қамту және аудандық аурухана жұмысына ерекше назар аударуды өтінді.

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА,
Меркі ауданы

ПІКІР