Меркіліктер бұдан былай Тараз бен Алматыға сабылмайды

0 20

Сарымолдаев ауылында диагностикалық орталық пайдалануға берілді.

Жаңа диагностикалық орталық Меркі ауданындағы Сарымолдаев ауылында орналасқан. Сала мамандары бұл нысанның ауылдық жерде ашылған алғашқы диагностикалық орталық екенін айтады.

– Бізде ең заманауи қондырғылар, оның ішінде магнитті-резонанстық томография, 80 тілімді компьютерлік томограф, цифрлық рентген және флюорографиялық, жаңа үлгідегі УДЗ аппараттары орнатылған. Магниттік-резонансты және компьютерлік томографияға арналған заманауи аппараттар барлық мүшелерді тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ талдау, зерттеу қорытындыларының ең жоғары дәлдігін қамтамасыз етеді. Коронавирустық пандемия кезінде бәріміз компьютерлік томография диагноз қоюдағы ең сенімді және негізгі әдіс екеніне көз жеткіздік, – деді «Мейірім» медициналық орталығының бас дәрігері, желінің басқарушы директоры Гүлчахра Маметова.
Сондай-ақ диагностикалық орталықта терапевт, кардиолог, невропатолог, педиатр, окулист, отоларинголог, гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің қабылдау кабинеттері ашылмақ. Тәулігіне 50-ден астам адам мамандардың қабылдауында болып, 120 адам МРТ және КТ, сондай-ақ 250 адам флюорографиядан өте алады.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев адамның ең үлкен байлығы – оның денсаулығы екенін атап өтті.
– Ең бастысы біздің тұрғындар өздерін жақсы сезінуі тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлу үшін басымдықтарды белгіледі. Тек дені сау ұлт қана табысқа жете алады. Меркі ауданында үлкен жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз, қымбат жабдықтар сатып алынып, білікті мамандар даярланған. Облыста төрт МРТ және 11 КТ аппараты бар. Жамбылдықтардың денсаулығы үшін біз облыстың әрбір аудан орталығын заманауи томографтармен қамтамасыз етуіміз керек, – деді ол.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының сондай-ақ жақын көршілес Шу, Қордай және Т.Рысқұлов аудандары тұрғындарын сапалы, ең бастысы уақытылы диагностикамен қамту мүмкіндігіне қол жетіп отырғанын баса айтты.
– Денсаулық жағдайын білуі үшін енді мұндағы тұрғындар сонау Тараз бен Алматыға сабылмайды, – деді облыс әкімі.
Орталық директоры толық қуаттылықта жұмыс істеу үшін 110 медицина қызметкері жұмылдырылатынын айтады. Олар жергілікті тұрғындар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.