"Алтын бесік" "Гүлдәурен"

«Меркінің жері ғаламат, Меркінің жері ертегі…»

«Меркі – жердің көркі» деп бабаларымыз тегін айтпаса керек. Топырағы текті, даласы дастан киелі қазақ жерінде табиғаты мен тарихы тұңғиықтан бастау алып, дараланып тұратын аймақтың бірі де осы өлке. Шырайлы да шұрайлы бұл мекеннің әрбір тау-тасы, өзен-көлі өз алдына том-том тарих. Қазақ хандығының іргесі қаланған далада Мәңгілік елдің мөлдіреген мөріндей мерейлі Меркі жері сөз зергері Сәкен Сейфуллин сұлу жырмен сарай салып, көңілге кестелеген Көкшенің көркінен де кем емес. Құт дарып, қасиет қонған өлкенің талай-талай тау тұлғалар мен мүйізі қарағайдай марғасқалардың алтын бесігіне айналғаны белгілі. Биыл аталмыш ауданның құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осынау айтулы мерейтойға орай «Меркі – қасиетті өлке» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті.

Ақындықтың адырнасындай қасиетті қара домбыраға сауыт бұзып, сүйектен өтер жыр жебелерін сүңгітіп тартқан сайдың тасындай сөз сардарлары бас қосқан айтысты аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков ашып беріп, толғаулы тарихы тоқсан жылға жетіп жығылған өлке шежіресін, тыныс-тіршілігін, атағынан ат, жорығынан жау үркетін Сыпатай, Жауғаш, Андас батырлардың өшпес ерлігін, Тұрар Рысқұлов пен Асанбай Асқаров бастаған қаранар қайраткерлердің тағылымды тағдырын жіпке тізіп айтып өтті. Осындай текті тұлғалардың ізін басып, көшін жалғаған кейінгі ұрпақтың адал еңбегінің арқасында ауданның бүгінгі табыстары да ауыз толтырып айтарлықтай екен. Аудан халқы толығымен көгілдір отынмен қамтамасыз етілгені де көңіл қуантты. Сонымен қатар, тіршілік нәріне айналған ауызсу мәселесі де түбегейлі шешімін тауыпты. Экономикалық байланыс тек ел арасында ғана емес, шет мемлекеттермен де айтарлықтай артқан. Нәтижесі нардай бұл жұмыстар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының, оны жүзеге асырудағы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іскерлігінің жемісі екендігін тілге тиек еткен аудан басшысы төл өнеріміз – айтыстың тұрақты тыңдарманы екенін де мақтанышпен жеткізіп, бабы мен бағы қатар шапқан жүйріктердің шабысына шалқар шабыт тіледі. Кейбір айтыскер ақындардың жыр шумақтарын жатқа оқып берген аудан басшысы «аузымен құс тістеген» үміткерлердің қайратын қанаттандырғандай әсер қалдырды.
Бұдан әрі айтыс ақындары додасының дүбірі басталып, жырдың жиырма жүйрігі сахнада сап түзеп, сөз сайысты. Өзегіне өлең тұнған тарпаң таланттардың талабына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова, облыстық «ARAI» жастар газетінің директор-Бас редакторы Дәулет Төленді және Жамбыл атындағы облыстық «Руханият» орталығының меңгерушісі, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков (төраға) қазылық етті.
«Сен тұр, мен атайын» деген ақындардың алғашқы жұбы болып құландық Асхат Қылышбеков пен байзақтық Дархан Әбдіманап ел алдына шықты. Текті сөзді тізгіндеген Асхат ақын тоғыз белден асып тоқсан жасқа толып отырған Меркі ауданының арғы-бергі тарихын тереңнен толғап:
«Бабалар батыр болған деп,
Шежіре сырын шертеді.
Осында рулы ел болған,
Өңірдің өсіп өркені.
Меркінің жері – ғаламат,
Меркінің жері – ертегі,
Осы жерден табасың,
Еліктей сұлу еркені», деген жырының соңын жас та болса жалына шаң жуытпай жүрген жүйрік қарсыласы Дарханның жуырда отбасын құрып, шаңырақ көтергенін: «Қорқыттай қашсаң-дағы қуып жеткен, өлімге құтты болсын себепкерің» деп әдемі әзілге айналдырды. Өз кезегінде дүлдүл Дархан да әуезді әзілге:
«Асеке, бұрын алған белесің көп,
Айтыссаң ініңменен егесің көп.
Бұрынырақ неліктен ескертпедің,
Жарыңа бәрібір де көнесің деп.
Әйелден бала болып туасың да,
Әйелге күйеу болып өлесің деп», деген әсерлі жауабын қайырып, қарымтасын жібермей тапқырлығын танытты. Және:
«Меркі халқы мерекең құтты болсын,
Осында келер ме едік той болмаса.
Байқаймын пейілдерің жомарт екен,
Айтпас ем жомарт­тыққа сай болмаса.
Қонақ түгіл қасқырдан ұялатын,
қорасында бір-екі қой болмаса», дей келе Меркі халқының марлан даладай кең көңіліне, ақ еділ адал пейіліне жырмен алғыс жаудырды.
Айтыстың көркін қыздырған кейінгі жұптың бірі шулық Нұрлан Жұмабеков пен ТИГУ-дің студенті Медеу Мырзатайдың қабілет-қарымы да көптің ықыласына бөленді.
Ал, меркілік жас айтыскер Мұқағали Балтабаевтың тұсауы осы айтыса кесілді. Ол таластық Нұржан Манатбекпен сынға түсті. Ауқымды шараға алғаш рет қатысса да Мұқағали қарсыласына: «Таласыңның жолдары нашар дейді, нашар болған жолдарың құрсын әрі, әкімге жолдың жайын айтпай, Нұржан, бір қызға сөз сала алмай жүрсің әлі», деп тұтқиылдан түйреп сөйледі. Осы сәтте көпшіліктің Нұржан Манатбек Ақкөл мен Үшарал арасындағы жолдардың жөнделіп жатқанын айтар деп асыға күткені де байқалды.
Меркінің тумасы Мейіржан Жекебаев пен жуалылық Дидар Апбасовтың арасындағы айтыс тартысқа толы болды. Мейіржан өз елінің біртуар азаматтарын жырлап келіп:
«Сөзімді жерлестерім, бір тыңдашы,
Ақын Дидар – Астананың бұл құрдасы.
Бөденедей бойы бар бір-ақ уыс,
Он тоғызға толса да былтыр жасы.
Жуалыдан Бауыржан батыр шыққан,
Оған тең бе әлемнің мың тұлғасы?!
Генералдың елінен шығып тұрған,
Ақынның осы боп тұр түр-тұлғасы», – деп жұртты ду күлдірді. Онан соң кезек күтіп тұрған Дидар:
«Мәке, сізге аласа көрінгенмен,
Анасы үшін бұл Дидар балуан шығар.
Кешегі батырлардың найза ұстайтын,
Көмекшісі мендей-ақ болған шығар», – деп ширақ жауап берді. Мұнан соң Мейіржан:
«Жуалыдан тау-шаңғы кешені салынады,
Мейіржан оны естіп ойға қалды.
Енді мен Жуалыға алып барып,
Қыдыртамын бауырым мен қайын ағамды.
Бұл – Асқар Мырзахметов идеясы,
Ол кісі мүмкіндікті пайдаланды.
Әйтпесе Жуалыда шаңғы кешені,
Бұрындары салынса қайда қалды?», – деп аймақта атқарылып жатқан ауқымды істердің игілігін иіріммен жеткізді. Және өзінің шымыр ойларын шебер шумақтай білген Мейіржан:
«Жерлестер үлес қосып думаныңа,
Өлең құйдым айтыстың құмғанына.
Сыпатайдың ерлігі аңыз болған,
Жауғаш, Андас есімінде тұр мағына.
Тұрар ізі қалған қайран Меркі,
Түлеткен Асқаровтай тұлғаны да.
Алтынбек, Бағдат, Разия, Әспеттердің,
Көп өнерпаз татымайды тырнағына.
Төрт түлігің өріске сыймай кетіп,
Алтын дән тола берсін қырманыңа.
Әр ауылда газ бенен ауызсу бар,
Біздің аудан мықты ғой бұл жағына.
Жүрегім жарылардай қуанамын,
Осындай текті өлкеде туғаныма», – деп көпшіліктің төбесін көкке жеткізгендей болды.
Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Рай Дөңбайдың айтысы да өзгеше өрнектелді. «КСРО бізді біраз басқарыпты, топ жарған тұлпарларың тасқа шықты. Бас көтерген қазақта тектілерге, көрсеткенін білеміз рас қауіпті. Сол кезде арашаға түскен жоқ па, Арғынбайдай атамыз асқақ рухты», – деген Нұрлыбектің ой оралымын Рай ақын:
«Ақындар сабаламай қу ағашын,
Ақиқаттың тұрғызсын мұнарасын.
Мың өліп, мың тірілген бұл Меркінің,
Тарихы сақталып тұр мұрада шын.
Ақкөз батыр бастаған көтерілісті,
Қалайша естен бүгін шығарасың.
Ақкөз батыр бабамның бұдан былай,
Қаракөз ұрпақтары жыламасын», – деп інілік ілтипатпен іліп әкетті.
Шудың тумасы Бақытбек Жұмабеков пен байзақтық Дидар Басығараевтың, шулық Айым Көшербай мен Байзақтың намысын қорғаған Ернұр Бейсеннің арасындағы айтыс та көпшіліктің көңілінен шығып, құлақ құрышын қандырды.
Байзақтық бұлбұл үн, дүлдүл сөздің иесі Алтынкүл Қасымбекова мен таластық ақын Есет Досалының айтысы да шебер тіркестер мен шараны шаттыққа бөлеген риясыз әзілдермен көпшіліктің көңілін марқайтты. Есет ақын:
«Алыс жатқан дау-жанжал бүліктерден,
Көңілі көк аспандай тұнық келген.
Аман ба, меркіліктер, сіздер десе,
Тұрады алтын сандық жылып кеудем.
Ауданның тоқсан жылы құтты болсын,
Батырдай астыңыздар қырық белден.
Мейірхан Азатұлы басқарғалы,
Ауданның ісі алға жүріп берген.
Өнеркәсіп саласын дамытқанда,
Кем емессің қытай, кәріс, түріктерден.
Қызылшаны Шайхиев Қанат ексе,
Тәтті түбір тонналап шығып берген.
Алма өсірген Сауранбаев Бақыт аға,
Табысқа кенелем деп үміттенген.
Меркі сыр зауытының жөні бөлек,
Табысын тай қазанға құйып келген.
Меркіліктер, сендерден айналайын,
Өнер десе, өзге ісін жиып келген.
Ауылға айтыскерлер келіпті деп,
Айтысқа қос құлағын түріп келген.
Меркіліктер, ақ таң боп аттыңыздар,
Дінді қолдап Хаққа да жақтыңыздар.
Сыраны шығаратын зауытыңның,
Жабудың төте жолын таптыңыздар.
Жетімдерге көрсетіп қамқорлықты,
Сауапқа белшесінен баттыңыздар», – деп төтеннен төге сөйлеп, «Алтын әпке, тұлғаңыздан айналайын, Меркінің жолдарындай жалтыраған. Жаңағы өзім жырлаған батырлардай, мен енді шегінбеймін жарты қадам. Сонша неге асқақтап кетті деме, алтын көрсе қай адам шалқымаған. Кезегіңді сәтімен жалғап жібер, Байзақ жақтан табылған алтын адам… Алтеке, сізден туған балалардың, батыр, балуан болғанын қалар едім. Бір балаңыз айтыскер ақын боп жүр, бес балаға ардақты ана едің. Үш ғасыр бұрынырақ туғаныңда, Сыпатайдың анасы болар едің», – деп қарсыласын да қағытпа әзілдермен қарық қылды. Бұл сөзге Алтынкүл Қасымбекова: «Үш ғасыр бұрынырақ туғаныңда, батыр боп сен де тарихта қалар едің» деп сарыны сарқырамадай сырлы ойды жылы қабылдап, ізеттілікке сабақтастырып жіберді.
Таластық Олжас Отар мен жуалылық Қанат Мырзахан арасындағы айтыс та сөз барымтасының көркін қыздырды. Олжастың «Ағайын, үлес қосып сауығыңа, Астанадан сәлем бердім қауымыңа. Ол жақтың балмұздағы жетпейді екен, сіздердің бал мен қарбыз, қауыныңа. Балапандай сағынып келгенімде, о, туған жер, бас мені бауырыңа» және Олжас ақынның: «Меркіден бір қыз алсам деп келдім» дегенін Қанат қалт жібермей: «Текті жерден тоқалды алу үшін, деңгейің Бәйдібектей болу керек» һәм «Олжеке, шетелге барып сен де демалыпсың, қаржыңызды сырт елге сыйладың ба? Салықта жүріп тапқан көп теңгеңді, «Меркі шипажайына» қимадың ба?» – деп қалжыңын тыңнан орағытып салды.
Жамбыл ауданының ақыны Айтмұханбет Исақов пен қордайлық Күміскүл Сәрсенбаеваның айтысы парасатты пайымның, сыйластық пен сырластықтың айналасында өрбіді.
Қызықты да тартысқа толы сөз сайысында астарлы әзіл де, шынайы шындық, сондай-ақ, дүлдүлдердің дарынын даралап, талантын бағалауға арқау болған Меркінің көркі көркем бейнеленді. Айтыс соңында қазылар алқасының төрағасы Ахметжан Өзбеков аудан мерейтойына орайластырылған доданың жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек етіп, игі іске ұйытқы болған Меркі ауданының әкімдігіне алғысын айтты.
Одан кейін жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз тізгіндеп, жыр бәйгесінде бақ сынаған ақындар арасында өз ісінің кіл мықты шеберлері, тәжірибелі майталмандары болғандықтан шараның деңгейі жоғары болғандығын, жастардың таудай талабын шыңдап, қанатын қатайту үшін облыстық айтыстарды ұйымдастырудың маңызы зор екенін жеткізді. Сөз соңында аудан басшысына және барша жиналған айтыссүйер қауымға алғысын білдірді.
Сонымен «Меркі – қасиетті өлке» атты айтыстың бас жүлдесі жуалылық Қанат Мырзаханның қанжығасына байланды. Жүлделі бірінші орынға құландық Асхат Қылышбек ие болды. Екі бірдей екінші орынға байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен Дархан Әбдіманат лайық деп танылса, екі үшінші жүлдені Жамбыл ауданының жүйрігі Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Рай Дөңбай теңдей бөліп алды. Меркілік Мейіржан Жекебаевқа, жуалылық Дидар Апбасовқа және таластық Есет Досалыға ынталандыру сыйлықтары, айтысқа қатысушылардың барлығына қаржылай сыйлық берілді. Меркі жеріндегі жыр майданы мерейтой аясында мәреге жетті. Енді «атқа мінгеннің алты шумақ, түйеге мінгеннің төрт шумақ өлеңі бар» дейтін аймақ ақындары қыркүйек айының соңында Сарысу ауданында жалғасады деп жоспарланып отырған облыстық айтыста тағы да бір бас қосады деген сенімдеміз.

Елдар БОРАНБЕК
Меркі ауданы

ПІКІР