Сұхбат

«Мешіт есіктері жабылғанымен, сауап есіктері жабылған жоқ»

Written by Aray2005

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев.

– Бейбіт Әліпбекұлы, жер жаһанды коронавирус індеті әбігерге салып тұр. Осы адамзатты састырып, тығырыққа тіреген індет кезінде мұсылмандар шариғат бойынша қалай әрекет жасауы керек?
– Шарапатты шариғатымыз осы секілді індет, оба кезінде ауырған адамды өзін оқшауламай, өзгеге зиян әкелуден тыйса, сау адамды да ол кісімен қарым-қатынасқа түсуден, не сол ауру тараған аудан, ауылға сапар шегуден тыяды. Бұл оқиға Хазреті Омар (р.а) кезінде болып, ол кісі ауру тараған ауданға кіруден елді тосып, ішіндегі елді шығудан тосқан. Ісінің негізі асыл Пайғамбарымыз (с.а.с): «Оба дерттен арыстаннан қашқаныңдай қаш» деген хадисінен еді.
Оба Шам аймағында тез тарала бастады. Бұл дерт 25-30 мыңға жуық адамның өмірін жалмады. Дерттен көз жұмғандар қатарында Әбу Убайда ибн Жаррах, Мұғаз бин Жабал, Сухайл бин Амр (р.а.) және де басқа да көптеген сахабалар шейіт болды. Бұл хабар Мәдина қаласына жеткенде халифа Омардың Шам аймағына мемлекет басшысы ретінде іссапарға шығуы жоспарланған еді.
Аталған оқиғаны Абдулла бин Аббас (р.а.) еске алып былай деп баяндайды: «Халифа Омар (р.а.) Шам аймағына сапарға шығып, Мәдина қаласынан алыстап, Сарғ елді мекеніне де жетіп қалған еді. Осы кезде Шам қолбасшысы Әбу Убайда (р.а.) серіктерімен суық хабар алып келді. Шам аймағында оба барын хабарлады.
Халифа Омар (р.а.) Ибн Аббасқа алғашқы мұхажир сахабаларды шақыртып кеңес құрды. Меккелік мұхажир сахабалар бір шешімге келе алмады. Бір тобы: «Үлкен жоспармен жолға шықтыңыз. Кері қайтқаныңыз дұрыс болмайды», десті. Екінші тарап: «Сізбен бірге бұл жолға Алла елшісінің сахабалары да шықты. Олардың басын бәйгеге тігіп, оба жайылған жерге барғаныңыз жөн болмас», деген пікір білдірді.
Халифа Ансар сахабаларды шақыртып, олармен де жеке кеңес құрды. Мәдиналық сахабалар да бір тоқтамға келе алмады. Соңында халифа: «Ертең жолға шығамыз. Кері ораламыз, жұртқа хабар берілсін», – деді. Мұны естіген Әбу Убайда (р.а.): «Алланың тағдырынан қашып барасыз ба?» – деді.
Сонда халифа бұл шешімін қолбасшыға былайша түсіндірді: «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына бара жатырмын. Егерде сенің түйелерің болса, ал алдыңнан бір жағының шөбі шүйгін, екінші жағы сортаң жайылым кезіксе, түйелеріңді қалауыңмен шөбі шүйгін жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен, сортаң жағына жайсаң да Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба?» деді.
Осы кезде жеке шаруасымен жүрген сахаба Абдурахман бин Ауф (р.а.) қайтып келе жатқан еді. Болған жайтты естіп, халифаға: Бұл мәселеге қатысты менде Алла елшісінен (с.ғ.с.) естіген риуаятым бар: «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар», деген еді» – дейді. Мұны естіген халифа Омар (р.а.) қабылдаған шешімінің хадиске сай келгеніне шүкіршілік етті. Міне бұл риуаят жұқпалы ауру белең алған кезде орындалатын қажетті карантин шаралары.
Осыған орай қазіргі дәрігер-мамандардың айтқан шараларын назарға алып қарауы діни тұрғыдан да міндет.
– Қазір көпшілік адам құрбан шалғанның орнына науқастарға дәрі-дәрмек апарса болады екен деп жатыр. Облыс тұрғындарына бұл тұрғыдан қандай кеңес берер едіңіз?
– Құрбан Айтта құрбан шалу – мұсылман, ақыл-есі дұрыс, жағдайы жететін зекет уәжіп болған, сапарда болмаған кісіге міндет етіледі. Ал дәрі-дәрмек жағы садақа және жеке қайрымдылық қорлары арқылы жүзеге асады, екеуінің бірдей орындалғаны халыққа өте пайдалы, себебі халық дәріге мұқтаж болғаны секілді сүйек етін көтерер етке де мұқтаж!
Алла Тағала былай дейді: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе алыс жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атымен құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» («Хаж» сүресі, 27-28-аяттар).
Бұл аяттарда құрбандыққа шалынатын малдың Алладан берілген несібе екендігі айтылады. Айт күндері құрбан шалу – құлшылық. Ал мұның ең маңыздысы құрбандықты – Аллаға арнап шалу. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғибадатқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген ризығы болғандықтан оның етін сол отбасымен бірге қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күнделікті өмірде тұрмысы төмен жандардың да аз еместігін ескерген жөн. Ондай жандардың жай-күйін күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан да байқауға болады. Бір күндік өміріне талшық етерлік ас таппай жүрген жандар да жоқ емес. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, ал мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп.
– Құрбан айттың тарихы, мән-мазмұны, мерекенің биылғы ерекшелігі айтып өтсеңіз…
– Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.
Әуеліде бұл мейрам Ибраһим(а.с) кезінен бастау алса, біздің шариғатта асыл Пайғамбарымыз (с.а.с) уақытында да оны мейрам етіп бекіткен. Ол жайында имам Абу Дауд және Термизи өз сунан кітаптарында «Расында Пайғамбарымыз (с.а.с) Мединеге келген кезінде мединеліктердің ойын-сауық қылатын екі күні бар еді, оны көрген Алла елшісі «Алла Тағала бұл екі күннен де қайырлы болған Ораза және Құрбан Айтпен ол екі күнді ауыстырды» деп қуантса, Имам Термизи тағы бір риуаятта «Расында Алла елшісі (с.а.с) «Арапа күні (Зул-Хиджа айының тоғызы, қажылықтағылар Арапа тауына тұрып дұға қылар күн) және нахр күні (Зул-Хиджа айының оны, Айт мерекесінің бірінші күні) және ташриқ күндері (Зул-Хиджа айының он бірі, он екісі) біздің мейрамымыз Ислам иелерінің мейрамы, ол күн тойлап, ішіп-жейтін күн» деп айтқанын жеткізеді.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биыл алғаш рет Құрбан Айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта
qurban2020.kz сайтын апта басында толықтай іске қостық. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бүгінге дейін қабылданды. Кез-келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады.
Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші-қолаңға арнап, айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым, пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық!
Бұл айда мол сауапқа жету жолдары өте көп, оны әркім ниеті, амалына сай алады. Соның бірі Құрбан Айтта сойған малын үшке бөліп тарату, Арапа күні ораза тұту секілді амалдардан көрінеді. Бүгінгі жағдайға байланысты облыстық мешіт биылғы Құрбан айтты ерекше қызметпен қарсы алмақ. Сойылған мал етін онлайн тіркелген кісілерге мекенжайына қызметкерлер мен еріктілер арқылы жеткізеді. Алла амалдарымызды қабыл қылсын!
– Індет кезінде қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер адамдары қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Бұл жөнінен дін қызметкерлері де қалыс қалмаған шығар…
– Әлбетте Алланың қалауымен дін қызметіндегі мамандар, өңір мешіттері бірігіп қайырлы іске атсалысып жатыр. Баршаға аян, дін қызметкерлері елі қиын жағдайға түскен кезде қарап қалмайды! Мешіттеріміз іске асырған қайырымдылық шаралары өте көп, солардың кейбіреуін атап өтсек.
Осы кезеңде жалпы құны 11 миллион 177 мың теңгеге азық-түлік және ет таратылды. Облыс бойынша ауруханаларға 21 өкпені жасанды желдету аппараты табысталды. 1 миллион 200 мың теңгеге дәрі-дәрмек алынса, аурухана қажеттілігіне 150 мың теңге және 500 мың теңге оттегі баллондарын толтыруға жұмсалды. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға 5 миллион 150 мың теңге қаржылай көмек берілді.
Бұдан бөлек әлеуметтік жағдайы төмен, жалғызбасты 15 отбасыға LG WIKIKI дүкеніне 27 мың теңгенің және ABDI кеңсе туарлары дүкеніне 25 мың теңгенің сертификаттары берілді. Бұл сертификаттарға жалпы көлемі 402 мың теңге жұмсалды. Сөздің тоқетері мешіт есіктері жабылғанымен, сауап есіктері жабылған жоқ.
– Осындай сын сағатта мешіттен көмек сұрап келгендерге, шын мұқтаждарға таратыңдар деп садақалар беріп жатқан қалталы азаматтар бар ма?
– Алла елімізге, жұртымызға жанашыр азаматтарымызды мол етсін, Алла амалдарын қабыл етсін! Жоғарыда аталған амалдардың баршасы мешіттің бастамасымен, ел ағаларының қолдауымен өтіп жатыр. Мұқтаж жандардың тізіміне, жеке жазған өтініштеріне сай әр қайырымдылық шаралардан, мейрамдарда орын алатын істерден өз үлесін алады. Осының баршасы азаматтарымыздың еліме, жұртыма деген қаржысымен іске асып отыр.
Қазақта «алақан» деген бір тамаша сөзі бар. Дүниедегі ең ғажайып мейірім – аналардың алақанында. Ал енді алдыңғы толқын ағалардың ізгі жүректі, игі тілекті қамқор алақаны ше? Ағалар алақанының шарапаты тимеген, жақсылығын көрмеген жан бұл өмірде, сірә да жоқ болар. Осы «елім» деп еміренген азаматтардың демеушілігімен, кәсіпкерлердің қиын-қыстау сәтте қолдау көрсетуінің арқасында мұқтаждарға біраз көмек көрсетілді. Алла бұл кісілерге амандық, береке берсін. Садақаларын қабыл етсін!
– Індеттен, дерттен қорғанатын дұға, хадис, аяттарды парақшаларға жазып, не болмаса әлеуметтік желі арқылы таратса болмай ма? Меніңше облыс халқы материалдық қолдаумен қатар, рухани қолдауға да зәру секілді…
– Әлбетте, дініміз материалдық жағы мен рухани жағын да толықтырып келген. Осы тұста Әнәс ибн Мәлик (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үнемі үзіліссіз таңғы және кешкі уақытта дұғада жүретінін жеткізеді. Сол дұғалардың бірі «Уа, Алла Тағалам! Сенен тосын жақсылықтар сұраймын. Сондай-ақ күтпеген жамандықтардан сақтай гөр деп, бір Өзіңе сыйынамын» дегені жеткізіледі. Осы дұғаға қатысты Мунәуидің «Файдуль-қадиир» атты еңбегінде Ибн әл-Қайим: «Кімде-кім бұл дұғаны үзбей оқыса, қаншалықты ізгілікті дұға екендігін түсінеді әрі көптеген пайдасын көреді. Бұл дұға адамды Алланың қалауымен көз тиюден де сақтайды. Ал егер көз тиген болса, оның кері әсерін жояды. Әйтсе де бұл, осы дұғаны оқыған құлдың иманының беріктігіне, тәуекелінің бекемдігіне және жүрегінің тазалығына байланысты. Шүбәсіз, бұл дұға − оқыған адамды қорғайтын сауыт іспетті», деген.
Біздің asyldin.kz сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға күнделікті бірталай материал жарық көреді. Оқырманмен байланыс орнатылып, сұрақтарға жауап та беріліп, ұстаздар желі арқылы дәрістер де жүргізеді. Карантин екен деп тоқтап қалмадық. Онлайн түрде халыққа барлық ақпаратты жеткізуге тырысып жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда сайт пен әлеуметтік желілердегі жұмыс күшейе түсті.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР