Қоғам

Мейірбике болу үшін мейірім керек

Бас ауырып, балтыр сыздаса «Жедел жәрдем» қызметіне жүгінетініміз жасырын емес. Ауру-сырқаудан айыққан сәтте ақ желеңді абзал жандарға алғысымызды жаудырып жатамыз. Расында да, халықтың денсаулығын нығайтуда дәрігерлердің алатын орны бөлек. Десек те, олардың қолын ұзартып, елмен етене жұмыс жасайтын мейірбикелердің еңбегін ескере бермейтіндігіміз де шындық. Осы орайда біз 12 мамыр — Халықаралық мейірбикелер күніне орай, Тараз қалалық №1 ауруханаға ат басын бұрып, «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында орта медицина қызметкерлерінің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуды жөн көрдік.

Алдын ала келісілгендей, аурухана табалдырығын таңғы сағат 8.00-ге 20 минут қалғанда аттадық. Мекеменің бас мейірбикесі Анар Бейсенова бізді жылы шыраймен күтіп алып, мейірбикелердің негізгі қызметі жайында әңгімеледі. Анар Келісқызының айтуынша, бүгінде ауруханада 22 бөлімше бар екен. Емдеу орталығындағы мейірбикелердің жалпы саны 360-қа жуық адамды құрайды.
– Мұндағы жұмыс қабылдау бөлімінен басталады. Сол жерде мейірбикелер науқастарды жалпы жағдайы мен ауру түріне қарап бөлімшелерге бөледі. Науқастың нозологиясы анықталған соң, ауру тарихы бірнеше журналға тіркеледі – дейді ол.

Ауруханадағы ең маңызды әрі жұмысы қауырт бөлімшенің бірі – инсульт орталығы. Орталықтың аға мейірбикесі Нұржамал Тұрдалиеваның жалпы жұмыс өтілі 30 жылдан асыпты. Жүзінен нұры төгілген жан бізді мамандығының қыр-сырымен таныстырды. «Мейірбике жауапты, табанды болуы тиіс. Ауыр жағдайға тап болған кезде қорқыныш сезімін ысырып тастап, дүрлігуге жол бермеуі шарт. Сондай-ақ барлық ережелер мен нұсқауларды дұрыс қолданып, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы керек», – дейді ол. Аға мейірбикенің айтуынша, соңғы жылдары инсультқа шалдығатындардың саны жыл санап артып отыр екен. Маман бұрындары тек 50 жастан асқанда дендейтін дерттің жас талғамай бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді.

Жалпы, инсульт бөлімшесінде 18 мейірбике бар. Ондағы ең жас әрі алғыр, мамандығына адал мейірбикелердің бірі 23 жасар Ұлжан Елеевамен бірге лезде жұмысқа кірісіп кеттік. Ұлжан Расулбекқызы бөлімшенің ішкі тәртібі, жұмыс жүйесімен таныстыра жүріп мейірбикелердің киетін арнайы киімін ұсынды. Сонымен «жаңа» жұмыс орнымызда үстімізге жасыл түсті костюм, сыртынан ыңғайлы, ұзындығы тізеге дейін түскен ақ түсті халат іліп, бір реттік қалпақ пен аяққа ыңғайлы жеңіл сүйретпе кидік. Келесі міндет – қолды мұқият тазалап жуу. Оның да белгілі қағидасы бар екен. Мәселен, №111 бұйрық бойынша қолды өңдеу керек. Сабынды сумен жақсылап уқалап жуу қажет. Ары қарай тағы бір рет шайып, бір реттік қол сүрткімен құрғатып, тағы бір рет антисептикпен қолымызды өңдедік. Өңдеудің де алты түрі бар екен. Осы процедураның барлығынан соң қолғапты киіп алып, жұмысқа араластық.

Алдымен Ұлжанмен бірге түнгі кезектегі мейірбикеден жұмысты қабылдап алдық. Бұл уақыт таңғы сағат 8:30. Түнгі кезектегі мейірбике дәрі-дәрмектер мен науқастарға дәрігердің бекіткен күні бойғы тағайындаулары мен процедуралық кабинеттердің санитарлық-гигиеналық тазалығына дейін ұқыптап тапсырды. Осы кезде біз арнайы МРТ,УДЗ секілді бөлімшелерге науқастарды жіберуге тапсырыс жолдадық.

Ары қарай таңғы процедураларды орындауға кірістік. Бұл мейірбикелер үшін ең жауапты әрі қым-қуыт уақыт. Өйткені, дәрігерлердің тағайындауларын орындап, науқастарға дәрі-дәрмектерді ішкізіп, кейбіреуін егіп, система салу керек. Біз бірінші кезекте барлық палатаны аралап, науқастардың дене қызуы мен қан қысымын өлшедік. Жылы жүзбен дидарласып, түнде өзін қалай сезінгенін, қазіргі көңіл-күйінің қандай екенін сұрап шықтық.

Сағат 9:30-дар шамасында таңғы тамақтану уақытында науқас кісілерге тілге жұмсақ, жұтуға ыңғайлы ботқалар үлестірілді. Алайда, мұның барлығы бір қарағанда демде жасап тастайтын жұмыс көрінгенімен, оның өзіндік қиындығы да бар екен. «Инсульт бөліміндегі науқастарға ерекше күтім керек. Кейде мұндай дертке шалдыққандар өздігінен тамақтанып, дәрілерді қабылдай алмайды. Мейірбикелер ол кісілерді өз қолдарымен тамақтандырып, дәрілерін ауыздарына салып, ішкізеді. Арасында мұрын арқылы тікелей асқазанға ас-ауқат жібереміз. Ол тағам сұйық түрінде беріледі. Одан бөлек ауырып осындай күйге түсіп қалдым-ау деген оймен ішкі күйзеліске түсетіндері бар. Біз ол кісілердің әрқайсысының қас-қабағына қарап, жағдайын жасап, көңілдерін аулауға тырысамыз. Кейде психолог болып кететін кездер де болады» деп жұмыс арасында Ұлжан ойымен бөлісті.

Ұлжанның жылдамдығына ілесіп, оның қадағалауымен науқастарға ем-шараны жасап, енді дамылдай бергенімізде біздің арнайы постымызға жаңадан науқас келгенін хабарлады. Қабылдау бөлімінің мейірбикелері 55 жастағы қала тұрғыны Мая есімді азаматшаны алып келіпті. Біз бірден ол кісінің қан қысымын өлшеуге кірістік. Қан қысымы жоғары… 180/100. Науқасты алдын ала жабдықталған екі адамдық палатаға жеткізіп, жайғастырдық. Дәрігерді шақырып, ауру тарихына көз жүгірттік, журналға тіркедік. Біз сол мезетте дәрігердің нұсқауын орындап, небәрі 1,5 сағаттың ішінде жоғарыға ытқып тұрған қан қысымын 150-ге түсірдік. Науқастың жағдайы жақсарып, есін жиып, бет-әлпетіне қан жүре бастады.

Осы күні кезекті палатаның біріне бас сұққанымызда мейірбике Ұлжан орта жастағы ер кісінің қантамырының соғу жиілігін тексеріп, хал-ахуалын сұрады:
– Аға, сіздің жағдайыңыз бүгін өте тамаша секілді…
– Рахмет, айналайын! Бірінші Алланың, екінші сендер секілді ақ халаттылардың арқасы!-деп ол кісі батасын жаудырып жатты. Бұл осыдан бірнеше күн бұрын ауыр жағдайда түскен қала тұрғыны Әбдірахман Гариев. Біздің редакциядан келгенімізді естіген ол, мұндағы медицина қызметкерлеріне алғысы шексіз екенін айтып жатты.
– Мұндағы дәрігерлер мен мейірбикелердің жұмысына разымын. Әсіресе, Ұлжан Расулбекқызы деген жұдырықтай қызымыздың жұмысын бас бармақпен бағалар едім. Сенімен мейірлене сөйлесіп тұрып, білдірмей екпесін салады. Дәрі ексе де, система салса да қолы жеңіл, иненің ізі қалмайды. Бұдан бөлек, қандай өтінішті болсын жерге тастамай алып-ұшып жүгіреді де жүреді. Сұрақтарға да ерінбей жауап береді. Мұндағы барлық мейірбикелерге кәсіби мереке қарсаңында еңбектерінің жемісін көруін тілеймін, – деді А.Гариев шын көңілмен.

Біздің ары қарайғы жұмысымыз басқа палатадағы жандардың жағдайын бағдарлаумен жалғасты. Мейірбике уақытының тығыздығына қарамастан, әрбір науқастың әңгімесін осылай тыңдай жүре, өз жұмысын тындырып жатты.
Мейірбикелер – медицина саласындағы негізгі буын, әрі дәрігердің оң қолы. Дәрігердің қызметі мейірбикенің біліміне, өз ісіне деген ынта-жігеріне, шыдамдылығына, біліктілігіне байланысты алға басады. Тек шынайы мейірімді адам ғана нағыз мейірбике бола алады. Әрбір науқастың көңілін аулап, шыдамдылық таныту, қамқор болу, жазылып кетуіне септігін тигізу – ерекше қасиет. Жұмысына адал жандардың тәжірибесімен бөлісу, міндеттерін тереңірек түсіну, бір күндік қызметін өз көзімізбен көріп, эмоцияларын сезіну бізге ерекше әсер етті. Екінші ауысымдағы мейірбикелерге кезекшілікті тапсыра отырып, біз керемет күйге бөлендік. Расында да, адам баласына қол ұшын созып, алғысына бөленуден асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Сөз соңында барша мейірбикелер қауымын төл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық, ел игілігіне бағытталған қызметтеріне табыс тілейміз.

Айжан Өзбекова

ПІКІР