Мейірге шөлдеп жүрсеңіз

0 8

«Су симфониясы»

Судың әнін суырылған тереңнен,
Теңеп айтсам, әуезия дер ем мен.
Поэзия секілді әсем жүйелі
Әр тамшысы әлдилейді өлеңмен.

Ұлы суды – дария деп атаған,
Ұлы жасты – қария деп атаған.
Ұлы әйелді – Мария деп атаған,
Ұлы әуенді – ария деп атаған.

Іздеп жырдың ұйқасы мен буынын,
Әуезия деп атадым су үнін.
Гәзәл күймен көзайым боп жазайын,
Таза судың таңғажайып шуылын.

Пейіш қалам, гүл райхан, бақ қалам!
Бейбіт қалам, қақпаларын жаппаған.
Хауіздерден бастау алып ауада
Су жолымен сызылады аппақ ән.

Алуан гүлдер ашылғаны саған түр,
Алаулайды ақшам гүл мен қалампыр…
Алатаудың түбіндегі құт-қала,
Ақ таңдармен дидарласып, аман тұр!

Байтақ елдің ертеңіне үлгі ашып,
Бәсекенің заманында шыңға шық!
Рим. Париж. Лондон… һәм Алматы,
Сұлулыққа, суға, Күнге шын ғашық!

Сүттей аппақ – сұлу түнің – уақтылы,
Ел алғысы – ерлік істің нақ құны.
Су – денсаулық, су – тазалық, су – сәулет…
Субұрқақтар – шаһарлардың шаттығы!

Аққұйын су атқақтайды алапат,
Қадалады қыздың көзі қарақат.
Қайнап тұрған аңызақта, аптапта,
Судың сұлу сыңғырлары рахат!

Жанға ләззат жасампаздық күй кешу,
Әуезия әлемімен үйлесу.
Бүлдіршіндер күлкісіне қосылып,
Сыңғырла су, еркеле су, биле су!

Қайта әуеле! Көңілімді қоса өрлет,
Рахман нұры себілгендей әсерлі ет.
Алматының қолқа, өкпесін тазартып,
Төгіл, тула, найзағайлат, нөсерлет!

Жауһар қала көркемдікке тұнып тұр,
Сұлулықтан сіміреді рух нұр!
Шаттан, кәусар, құбыл, құйыл, шашыра,
Шаршап жүрген жүйкемізді тынықтыр!

Аппақ гүлдер ашылғандай өріктен,
Өс, бұрқыра, өрнегіңді бөліп тең.
Бойжеткен мен бозбаланың сәніне
Сәуле қосып, нұрлан, түрлен, көріктен!

Сумен дүние суғарылмақ, тазармақ,
Адамдарға сарқырама саз арнап,
Субұрқақтар әуезия төгеді
Жер бетінің шаһарларын ажарлап.

Поэзия сөздің әні мың қырлы,
Әуезия – судың әні сыңғырлы.
Жетісудың сулары мол – Ай нұрлы,
Жетісудың гүлдері мол – Күн нұрлы.

Қыздырғанда тас төбеден Күн күйіп,
Күміс сымдай тартылады су биік.
Табиғатты түлеткендер – талантты,
Сұлулықты түсінгендер – тұңғиық!

Жаңбыр әнін тыңдай алмай қанып бір,
Жатқан шығар ана жақта жанып қыр.
Гүлзар бақпен, зәмзәм сумен көмкеріп,
Алматыны Алла нұрға малып тұр!

Алматының Алла – мәңгі панасы,
Жақсылықпен жақын болғай арасы.
Ақыл-ойдың ақ бесігі – Алматы
Жастық шақтың, болашақтың қаласы

Осыдан аттай он жыл бұрын «Алматы ақшамында» Субұрқақтар күніне орай қазақтың аса көрнекті ақыны Күләш Ахметованың «Алматының фонтандары» (№65, 3.06.2006.) атты өлеңі жарияланды. Өнерге қиянат болмасын деп өлеңді үзіп-жұлқымай тұтас жарияладық.
Өлең бірден оқырмандардың қызу пікірін туғызды. Редакциямызға телефон шалып, хат-хабар жіберушілер де аз болмады.
Алматыға жылдар салып оралып жатқан рухани көш, жылы ағыстар қарапайым халықпен қоса, оның өнердегі ірі өкілдерін де айрықша күйге бөлегені рас. К.Ахметова ешқашан «дежурный» өлең жазып көрген емес және-дағы өнерді өлермендікке айналдырған емес. Антуан де Сент-Экзюпери деген кісі «Су! Сен, әлемдегі теңдесі жоқ байлықсың!» депті. Ал, біздің Күләш апамыздың 17 шумақтан тұратын бітімі бөлек өлеңі Экзюперидің пікірін он орап кетер еді. Оқып болып, ойланып отырсаңыз, біздің ойымызбен келісетініңізге шүбәміз жоқ.
Аяулы ақынның қолына қалам алдырған не нәрсе? Осы бір тек қана адам игілігі үшін қолға алынған тамаша ой, идея ақынның көгілдір кеңістігінен қоныс тауып, нәзік жүрек қылын шертіп жіберді. Ахметова осы сұңғыла ойды жұрттан бұрын сезді. Оқырман қауым тарапынан су симфониясы іспеттес аса жоғары баға алған осы бір туынды «Алматы ақшамының» да еңсесін едәуір көтеріп тастады. Пікір дегеніңіз ырғын болды. Танымал ақын Кәдірбек Құныпияев осы өлең туралы «Он жеті шумақтан тұратын поэма» деген пікір жазды. Шынында да, мұндағы көркемдік келісім, ой тереңдігі поэманың жүгін көтеріп тұрғандай ғой.
Болмаса, әлгі «дежурный» дегеннен келіп шығады, «О, су, сен кереметсің, бізге сенсіз тіршілік жоқ, сен тіршілік көзісің» деп ұйқас қуып жаза берсе қалай болар еді. Жоқ, Ахметова олай демейді, өзіміз күнде көріп жүрген субұрқаққа жұртты таңғалдырып, тек классика, өнер тудырады.
Қысқасы, бұл туынды дүниенің бар келісімін, үйлесімін су тілімен жырлаған «су симфониясы» болып шықты. Бұған дейін де, бұдан кейін де Күләш ақын редакцияға жиі хабарласып, өзінің көңілінен шыққан дүниелерге шынайы пікірін білдіріп, ой, пікір, ұсыныстарын, сын-ескертпелерін бүкпесіз айтып отырды. Әлі күнге дейін солай. Бүгінде әйгілі Жібек жолы бойындағы жеті кенттің бірі Таразда тұратын ақын газетімізді жаздырып алып, Алматының жаңалықтарын оқып отырады.
Фариза апамыз өмірден озарынан бір ай бұрын Алматыға келіп газеттегі жарияланымдар жөнінде пікірін айтып, «Айналайын, жақсы адамдар туралы көбірек жазыңдаршы» деп еді. Күләш апамыздың да осы төңіректегі ойларын бүкпесіз білдіруі де біздің іңкәр ізденістерге бет бұруымызға да көп ықпалы тигенін айтуымыз керек.

Ақын мен алма

Әрине, оның өлеңдерін оқып, тамсанып өстік. Ол енді бір көңіліңді алысқа алып ұшатын бір биік, қарасаң көзің қуанатын көгілдір кеңістік. Шағын мақалада ұшы-қиырына жетіп ештеңе дей алмайсың. Әлгінде апайдың газет жұмысына байланысты ой-пікір білдіріп отыратынын айтып едік қой. Енді сол төңіректегі толғаныстардың бірсыпырасына тоқталып өтсек.
Осыдан тағы да он жыл шамасы бұрын болуы керек, ақын «Алматының көз жасы» деген өлең жазды. Өлең сол кездегі шаһар басшысы Иманғали Тасмағамбетовке арналған.
Өлең бір қарағанда қала басшысына арналғанымен, ол Алаштың алқасындай, анасындай Алматы туралы таңғы шықтай мөлдір, таза, аяулы жыр еді. Ойдың соңы қашанда мұңға ұласатынына таласымыз жоқ. Бұл өлеңде мұң бар, бірақ, ол сарыуайымшыл емес, мөлдір мұң. Өлеңде мақтан, мақтау емес, жігер, қуат, асқақ патетика, қалаңды сүю соншалықты сыршыл өріледі. Мәдениеттің исі райхан гүліндей бұрқырап тұрған нағыз элиталық үлгідегі өлең. Жалпы, менің түсінігімде өлеңнің бәрі арнаудан тұрады. Бірақ, ол шынайы өнер туындысы болса тек арнаумен, тар мағынамен шектелмейді. Онда өмірдің қыр-сыры, мол құпиясы, тіршіліктің түйткілдері де қоса қанат қағады. Сол арқылы образ жасалады, кейіпкер болмысы бедерленеді. Бұл өлеңге де сол тұрғыдан қарау керек. Қала деген ұғымның өзі араб тілінен алғанда «Маданият» деген мағына беретінін қаперге алсақ, бұл ойымызды ұңғып айтуға әбден болады. Қашанда тұлғалы азаматтардың бәріне деген құрметі айрықша ақынның бірде ақ жарылып айтқан мына сөзі есімде қалыпты.
«Иманғали сен бізді қаланы сүюге үйреттің» деп те жазайын деп едім, айналайын, білесің ғой, бізде мұндайды түсіне бермейді ғой, қазір біреуді мақтай алмайтын, айта алмайтын да болдық қой. Азаматтың еңбегін айтсақ жағынды деп ойлайды».
Шынында да, қоғамда көлеңкеңдей ілесіп қалмайтын, жақсы ойдың, ниеттің жанында жарбиып жасырынып қатар жүретін мұндай тенденция бар екендігін, ерекше назарға алынатындығын несіне жасырамыз. Шын өнер адамының, ақынның жағымпаздықтан гөрі, жасампаздыққа жақын екенін түсінгісі келмейтіндердің де көбейіп тұрғаны рас.
Бұдан бұрын да баспасөзде қызмет істеген ақынның оның жарияланымдарын назардан тыс қалдырмай оқып отыратыны белгілі.
Баспасөз демекші, бұл – қаламгерлер отбасы. Отбасы, қазақ баспасөзінде ойып алар орны бар, көбімізді баспасөзге бала кезден баулыған танымал қаламгер Қайырбек Асанов ағамыз бен апамыздың тандеміне таңырқай, қызыға қарайтындар қарасы да көп. Өте көп. Олай дейтініміз, олардың отбасындағы мейірім, қарапайым қасиеттер өнердің өзегіне айналып қана қоймай, өзге әріптестеріне, айналасына да шуағын мол шашып, қуат беріп тұрады. Мына бір пікірге де ден қойыңызшы.
Бірде апайдың Республика күнінде (ол кезде осындай мереке болатын) Алматыдағы алаңда шатыр астында кездесіп былай дегені бар еді.
– Алматының апорты туралы жақсы жаздыңдар. Пікір қоссам деп жүр едім, жақсы кездестің. Кезінде осы апорттың арқасында жүкті әйелдерде анемия дейтін ауру атымен болмайтын. Алматының бренді еді, өзіміз құрттық қой. «Атты екен қандай адам көзі қиып?» дейтін Сәкенде ме, бір сөз бар еді ғой, қайтіп қана қираттық?
«Ата-анадай елжіреп» (Абай) жазатын, жырлары да Алматының апортындай Ахметованың алма туралы осы бір толғанысы әлі күнге есімнен кетпейді.

Ахметова – Ахматова емес

Күләштің талантын бозбала кезінен таныған адам Кенен Әзірбаев екен. Жамбылда медициналық училищеде оқып жүріп ақындар айтысына қатысады. Сол айтыстың қазылар алқасының төрағасы болған Кенен ата «Ат жақты, қыр мұрынды екенсің, жақсы ақын боларсың» деп болашағын қалай дәл болжаған. Одан кейін біз білгенде ақиық ақын Әбділдә Тәжібаевтан бата алып, Мұқағалиды қайтқан күнінде түсінде көрген. Міне, Күләш ақынның тұлпарлығын тай кезінен тұлғаларымыз осылай таныса, өзі де осы қасиеттен кенде емес еді.
Әдетте, өзі талантты адамның таланттыны танитыны, оның тағдырына шын жаны ашитыны, аши тұра сол тағдырының сырына үңілгісі келіп, жүрегіндегі сөзін айтады. Пушкинді оқығанда «Талантты талант қана түсінеді» деп ой түйген С.Есенин болар шамасы. Ғабең айтпақшы, «Қазаққа он талант аздық етпейді, жүз талант көптік етпейді», әрине. Дейтұрғанмен, сол шіркіндердің мына дүниеге сыймай жүретіні, шырылдап өз отына өзі жанып кететіні несі екен?! Қазақ руханиятында да осындай тағдыр құшқан тұлғалар аз болған жоқ. Соның бірі кезінде өте танымал болған тенор Аманкелді Сембин еді. Осы таланттың тағдыры да талай адамды бей-жай қалдырмағаны рас.
Димекең даңғыл жол ашқан дарынды әнші Өзағаңның да қамқорлығының шет жағасын көрді. Бірақ, қайтесіз оның тағдыры басқаша болды.
Алайда, бір күні Күләш Ахметованың әншіге арналған
«Не болды? Қалай сөнді отың ішкі?
Қаладың қалай әнсіз отырысты?
Гауһарын табиғаттың жаныңдағы,
Теңізге тастағаның өкінішті» деген өлең жолдарын оқып, көкейіміздегі сауалға жауап тауып, дамылдағандай болып едік.
Жалпы, Күләш ақынның өлеңдерін оқысаңыз, ән тыңдап отырғандай, алыстан құлағыңа бір ән болып естілетіндей ынтызар көңілді бастан кешесің.
«Гүл тергенде өзіңмен беткей қырдан,
Құлағымнан бір нәзік кетпей тұрды ән.
Өміріме осынау ризамын,
Бәрі жетіп, сәл нәрсе жетпей тұрған».
Ал енді осы ән емес пе? Әнге сұранып тұрған жоқ па? Егер зерттеушісі табылса, ақын поэзиясындағы әуездің, саздың өзі бір кемел тақырып болар еді.
Күләш ақынды анаңды, бауырларыңды сағынғанда, жалпы мейірге шөлдеп жүргенде оқыған дұрыс. Бұл ойды не үшін айтып отырмыз? Кісіні қолтаңбасына, жазуына қарап мінезін, болмысын танитын, анықтайтын графология деген ғылым бар. Ахметованың жырларын үздіксіз оқып, шығармашылығына терең бойлаған адам оның көсем ойына, көркем мінезіне таңырқап қана отырар еді. Достоевскийде «Есть умный глаз, есть чудный глаз» деген сөз бар. Ұлы ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың, өкінішке орай, бітпей қалған «Махамбет» атты романында «Махамбетте екі жанар бар-ды. Бірі – батырдың жанары, бірі – ақынның жанары» деген ой және бар. Демек, ақынның жанарына, сол жанарына шалынатын әсем әлеміне енген кісі әманда мейірленіп, мерейленіп жүрер еді.
– Е, Расулалла, айтыңызшы, адамдардың абзалы қайсы?
– Әрбір таза жүректі адам – адамның абзалы.
– Таза жүректілік деген не?
– Көркемдікті жақсы көру. Әдемілікті аңсай білу, – делінген екен хадисте.
Демек, «Әрбір таза жүректі адам – адамның абзалы» екен. Яғни, дүниеден сұлулықты көру үшін ақылға, нұрға малынған таза жүректілікке ғана жүгінесіз. Оны айта алатын Ахметовадай ақындар. Сондықтан, жақсы көру сезімі дамымай қалған, дүниені тек дүниемен ғана өлшейтін адамдар үшін Ахметованың кітабын оқу – абзал. Ақынның «Жаратқанға жалбарыну» атты өлеңі осы ойымызға былай деп жауап та беріп қойыпты.
Өмір бердің, Көз бердің, көрік бердің,
Есім бердің, Ес бердің, Ерік бердің.
Хауа-Ана, Адам ғалихиссалам нұсқасымен
Ғашық еттің, ғұмырлық серік бердің.

Отан бердің, От бердің, қорек бердің
Бесігіңді тербет деп бөбек бердің.
Саясында тынықтым теректердің,
Сенің Рахымыңды медет көрдім.

Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің,
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің.
О, Раббым, сенен бөлек осыншалық
Нығметтерді мен үшін әзірлер кім?!
Мынадай бір ой жосығына қалай қарар едіңіз. Әсия есімі араб тілінен алғанда «бас көтеруші, «қарсылық білдіруші» деген мағына береді. Сондықтан, Пайғамбарымыз Әсия есімін ұнатпай, оны Жәмила, яғни, «көркем мінезді» деген мағына беретін есіммен ауыстырған. Әрине, Ахметова – Ахматова емес. Екеуінің ұстанымы екі бөлек. Екеуіне де айрықша ақындық тән болғанымен, екі бөлек тұлға. Күләш мағынасы да сол Жәмила мағынасымен қарайлас көрінеді маған.
Кісі баласы өмірден өзі іздеген үйлесімге жолыға бермейді. Бәлкім, сол үйлесімді өмірбақи күтіп, іздеп өтер. Ал, сол үйлесімге Сізді тура апарар, шексіз шаттыққа бөлер жол – мейірім, мейір болар, мейірге шөлдеу шығар. Ендеше, поэзия Күләшін оқыңыз, сол сауалыңызға толыққанды жауап алатыныңызға еш шүбәміз жоқ.

Қали Сәрсенбаев,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

…1968 жылы Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түстік. Студент атандық. Мені қатты таңғалдырған көрініс – заңғар шыңдарын қар басып жататын асқақ Алатау. Содан кейін Алматының алма бақтары. Ол кезде елдің бәрі жер үйде. Әрбір үйде алма ағашы өсіп, сабақтары шарбақтан асып шығып, сыртқа иіліп тұратын. Көшеде арықтарда алма ағып бара жататын. Қаланың тау жағында қып-қызыл апорт өседі. Енді исі де керемет, дәмі де керемет. Осы күнгі алмалар өте құрғақ қой. Ол кездің апорттары тістеген кезде-ақ шырыны шашырап, тілді үйіретін.
Өзім ағашты, олардың гүлдеп тұрған кезін жақсы көремін. Әсіресе, өріктің, алма ағашының, шиенің гүлдеген кезі сондай бір тамаша. Жер бетіндегі түрлі жеміс-жидектер – Ұлы Жаратушының адам баласына берген ғажайып нығметі ғой!
Жастау кезімде Қайырбек екеуміз ұлымыз Жарқын мен қызымыз Жазираны ертіп алып, демалатынбыз. Ол кезде Ленин көшесі дейді, оң жағында Орталық комитеттің демалыс үйі, сол жағында Министрлер кеңесінің «Алатау» демалыс үйі бар. Күз айларында біз отбасымызбен сол демалыс үйлерінде демалуға сондай құштар едік. Неге десеңіз, дәл сол уақытта алма деген жерге төгіліп, көк шалғынның үстінде хош исі бұрқырап, әсіресе, таңертең оянған кезде, таңғы шыққа малынып, жарқырап жататын. Таудың саф ауасы – жан дауасы еді. Сол алмаларды біз тор дорбаға толтырып, үйге жіберетінбіз. Алма жинап жүргенде «неге жинайсыңдар, неге алдыңдар?» дейтін адам жоқ. Ол бір игілік, ол бір дәулет, ол бір байлық болатын. Өзімізге деп жинаған алманы қағазға орап, балконға сақтап, қыс бойы жеп шығатынбыз.
Бұл еркіндік дегеннің де екі ұшы бар ғой. Тәуелсіздік алғаннан кейін жер бөлініп, жаңа иелерін тауып жатты. Халыққа ортақ болған жерлердің бәрі жекешелендірілді. Таудағы алма бақтарының орнына зәулім-зәулім ғимараттар салынды. Ол да жаман емес. Бірақ, менің ақын көңілім апортты, алма бағын, алманы қимайды. Ақын жүрегім жап-жасыл бақты сағынады.
Амал нешік, бүгінде дүкеннен алма сатып жейміз. Бірақ, баяғы алманың дәмі де, шырыны да, түрі де жоқ. Қазір елге барсақ, дастарханға деп жүгіріп барып, базардан қытайдың, қырғыздың алмаларын қояды. Ол да менің көңіліме қонбайды. Бұл әлі басы. Жетісудың жеріне Алланың төгіп берген алмасын бұдан былай сирек көреміз бе деген қаупім де жоқ емес…

Күләш Ахметова

Leave A Reply

Your email address will not be published.