Диагноз

Мейіргер – мәртебелі мамандық

Written by Aray2005

Ұдайы қозғалыстар мен өзгерістерге толы әлемде түрленбей жатқан сала жоқ шығар. Соның бірі медицина десек, өзгерістердің ауқымды бөлігі медбикелер жұмысына да қатысты. Жалпы, бүгінде мейіргер атанып жүрген орта буын медицина қызметкерлерінің тарихын іздесек, 1831 жылы Дублинде католиктік монах әйел Кэтрин Элизабет Маколи құрған конгрегацияға барып тіреледі. Ал Флоренцияда туып, сол қаланың құрметіне есімі қойылған Флоренс Найтингейль Қырым соғысында жаралы жауынгерлерге көрсеткен көмегімен ұлттық қаһарман деңгейіне дейін көтерілді. 1912 жылы халықаралық Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамы Флоренс Найтингейл дүниеге келген 12 мамырды «Халықаралық мейірбикелер күні» деп белгіледі.

Флоренс Найтингейл 1820 жылы Флоренция қаласында ауқатты отбасында дүниеге келіп, балалық шағы Лондон қаласында өтеді. Ол өзін қаршадайынан адамдарға қызмет етуге, әсіресе мүгедек адамдарды күтуге бағдарлаған. Ағылшын әскерінің Қырым соғысында қиын жағдайда екенін естіп, Флоренс бір аптаның ішінде 38 адамнан тұратын қайырымды мейірбикелер тобын құрып, 1854 жылы қазан айында жаралыларға және сырқаттанған адамдарға көмек көрсетуге аттанады. 1869 жылы Лондонда Флоренс жер жүзінде бірінші қайырымды мейірбикелердің мектебін ашады. Мектеп бітірген мейірбикелер Флоренс Найтингейлдің антын беретін. Сөйтіп, Флоренс Найтингейл мейірбикелер даярлаудың негізін қалайды. Оның көмегімен көптеген медициналық мекемелер ашылады.
Ол алғаш рет мейіргер ісін дәрігерлік қызметтен мамандық ретінде бөліп алды және дәрігерлік білімнен, практикалық және ғылыми дайындықтан арнайы өзгешелікті талап етті. Оның идеясы, көзқарасы үлкен сенімге ие болды. Заманауи зерттеушілер мейіргер ісі модельдерінің концептуальді теориясы ретінде Ф.Найтингейлдің еңбектерін қарастырады.
Айта кету керек, Ф.Найтингейл Ұлыбританиядағы орта және кіші медицина қызметкерлерін дайындау жүйесін құрды. Ол құрған мектеп медицина қызметкерінің басқарушы және педагогикалық шенін дайындау модельдері болды. Сондай-ақ ол мейірбикелік мектептерде мамандандырылған медицина мейірбикелердің сабақ бергенін көздеді, ал ауруханаларды басқаруға арнайы дипломы бар мейірбикелерді алды.
Ф.Найтингейл қызмет үдерісінде мейіргерлік көмектің дамуы үшін баға жетпес бірнеше еңбек жазды. «Науқасқа қалай көмек көрсетілуі керек?» деген кітабын сол кезде дәрігерлер жоғары бағалады, оқулық кітап ретінде есептеді. «Күтім туралы жазбалар» еңбегінде Ф.Найтингейл мейіргер ісіне анықтама берді, дәрігер ісінен ерекшелігін көрсетті. Еуропа мен Америкадағы алғашқы мейірбике мектептерінде оқытылған теориялардан мейіргер ісі модельдерін құрды.
Бірте-бірте мейірбике тәжірибесі теориялық білімде, практикалық тәжірибеде, ғылыми пайымдарда және клиникалық ойларда негізделген жеке профессионалдық қызметке өзгере бастады.
1912 жылы Халықаралық Қызыл крест және Қызыл жарты ай лигасы Флоренс Найтингейл атындағы медаль шығарды. Бұл медаль барлық әлем бойынша әлі күнге дейін мейірбикелер үшін ең құрметті және жоғары награда болып саналады. Екі жыл сайын Халықаралық Қызыл крест комитеті Ф.Найтингейлдің туған күніне (12 мамыр) оның атындағы 50 медальді беруді ұйғарды. Бұл мейірбикелер үшін және Қызыл крест белсенділері үшін жоғарғы марапат. Медальдің ережесінде «Мансаптың аяқталуы үшін емес, үздік қызметін ескеру және марапатталғандардың моральды сапасын ерекше мойындау үшін» деп жазылған. Бұл медальмен қазір әлемнің әр түкпірінде қызмет ететін 1 408 мейірбике марапатталған. Антонина Дмитриева, Рәзия Ысқақова, Анна Дмитриенко, Мария Смирнова және Вера Широкая есімді бес қазақстандық та аталған жоғары дәрежелі медальмен марапатталған. Көкшетау жоғары медициналық колледжінің жанындағы «Мейірбандылық және ержүректік» қоғамдық мұражайы 1982 жылы ашылып, барлық Флоренс Найтингейл атындағы медальмен марапатталған мейірбикелер туралы деректер мен экспонаттар жиналған. Бұл – төрткүл дүниедегі жалғыз мұражай.

Қазіргі мейірбике менеджерлік, педагогтық психологтық және лидерлік қабілеті бар маман бола білуі керек. Заман талабына сай әркез білімін жетілдіріп, сауаттылығын арттырып, көппен тіл табыса білгені жөн. Уақыт өзгерген сайын жаңа талаптар туындай береді. Сондықтан медицина мамандығын таңдаған жан мәдениетті, білімді, білікті, парасатты, болғаны абзал. Сонда ғана медбике құрметті, қадірлі, абыройлы, сыйлы болады.

Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз – Болашақ» жоғары
медициналық колледжінің оқытушысы

ПІКІР