Сұхбат

«Мейрамханада ән айту әнші үшін үлкен мектеп»

Written by Aray2005

Эстрада әншілерінің кәсіби деңгейін саралайтын байқаулардан сүрінбей өткен, бүкілодақтық «Песня года» кештеріне тұрақты қатысқан, сол уақытта көп әншілердің түсіне де кіре бермейтін шетелге гастрольдік сапармен шыққан, кинода да бағын сынап көрген Нағима Есқалиеваның есімі жиырмасыншы ғасырдың 70-жылдарының соңында Кеңес Одағына кеңінен танылды. Ол Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де киелі сахнадан алыстаған жоқ. Қайталанбас дауысы, ешкімге ұқсамайтын тағдыры, боямасыз болмысы бар ҚР Халық әртісі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының педагог-профессоры Нағима Есқалиевамен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Нағима Қабылқызы, балалық шаққа саяхат жасайықшы. Бала Нағима қандай болып еді?
– Мен өте тынымсыз бала болдым. Ата-анамды апта сайын менің жаман тәртібім үшін мектепке шақыратын. Сабақ үлгерімім нашар болғанымен қоймай, тәртібім де адам төзгісіз болғанын мойындаймын. Тек қана ұл балалармен тіл табыса алатынмын, төбелесіп, ағаштарға өрмелейтінбіз, аяғым жарақаттан көз ашпайтын. Бойымның ерекше ұзындығынан мектепте көбіне шеттетіліп қалатынмын, құрдастарым «жираф» деп келеке ететін, мен ұнатқан жігіттердің бірі маған көзінің қиығын да салмайтын. Кейін мені ел танығанда олар да маған өз көңілдерін білдіре бастады. Бірақ, мен үшін енді олардың маңызы жоқ болды.
– Сіз де біздің көп атақты әншілері­міз сияқты эстрададағы алғашқы қадамыңызды мейрамханаларда ән айтудан бастадыңыз ба?
– Мейрамхана кез-келген әртіс үшін үлкен мектеп қой. Мейрамханаларда ән салып жүрген шақтарым ешқашан есімнен шыққан емес. Мен әртүрлі кафелерде, «Алма-Ата» мейрамханасында, «Турист» қонақүйінің сахнасында өнер көрсетіп жүрдім. Ал, қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында студенттерге вокалдан сабақ беріп жүргеніме 16 жылдың жүзі болыпты. Сонда да, менің ойымша әртіс үшін мейрамханадан асатын мектеп жоқ. Неге десеңіз, әртіс мейрамханаға кешке келеді де, таңға дейін ән салады. Оның үстіне өзі ұнататын әнді емес, келген қонақтардың қалаған шығармасын орындайды. Бұл дауысқа таптырмас жаттығу болып табылады. Өнердегі жолын енді ғана бастап келе жатқан әншілерге де мейрамханада ән салуға кеңес берер едім. Әлемдік дәрежедегі жұлдыздардың да кейбірі осы мейрамханаларда ән салып жүріп көтерілді емес пе?
– Өнер адамы болу бала кезден бергі арманыңыз ба?
– Мен мектепте оқып жүрген жылдары әнші емес, кино жұлдызы болуды көп армандайтынмын. Оның ішінде комедия жанры қатты ұнайтын. Хорда ән салдым, бірнеше үйірмелерге де қатысып жүрдім. Кейін Республикалық эстрада және цирк өнері студиясына оқуға түстім. Білесіз бе, мені бірінші курстан соң бұл мамандыққа сай келмейді деген себеппен оқудан шығару қаупі төнді. Өнер жолына түсу үшін көп тер төгуге тура келді. Сонымен, мен Мәскеуге Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында білім алуға шешім қабылдадым. Бірақ, отбасымыздағы қаржылық жағдайға байланысты, бұл ойымнан бас тартудан басқа амалым болмады. Отбасымызда менен басқа үш қыз және бір ұл болды. «Бұйырған кетпейді» демекші эстрада-цирк студиясында бір кереметтің арқасында қалдым, білімімді қуыршақтар бөлімінде жалғастырып жүрдім де, ұстазым Лаки Кесоглының арқасында қайтадан вокал бөліміне ауыстым ғой. Осыдан кейін білімімді П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде жалғастырдым. «Гүлдер» ансамбліне де бір дегеннен ала қоймады. Оның себебі де сол ұзын бойым болды. 178 сантиметр бойым олардың талабына сай келмейді екен. 1978 жылы, арада сегіз жыл уақыт өткен соң ғана мені «Гүлдерге» қайтадан шақырды.
– Жас кезіңізде бірнеше фильм­дерге түсіп үлгердіңіз. Қай кейіп­керіңіз ерекше есіңізде қалды?
– Әрине, «Родные степи» фильмі. Бұл 1981 жылы қолға алынған жоба болатын. Сол уақыттарда өзі әншілердің арасында киноға түсудің сәнге айналып кеткені бар емес пе? Атап айтсам, Алла Пугачева, Роза Рымбаева, София Ротару, тағы да басқа әнші қыздар кино саласында бағын сынап жүрді және бұл мүмкіндік маған да бұйырды. Мен ол кезде 27 жаста болатынмын, алайда, 45 жастағы ананың рөлін сомдадым. Келінімнің рөлін Венера Нигматуллина ойнап шықты. Венера ол кезде 19 жаста екен. Қазір сол фильмді қайталап көріп отырып, өзіме тәнті боламын.
– 1979 жылғы Бүкілодақтық «Әнмен өрнектелген өмір» жас әншілер сайысында жеңіске жеткенде қандай сезімде болдыңыз? Қазір есіңізге түсіре аласыз ба?
– Мен ол кезде қандай сезімде болға­нымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын! Ол сайыста жеңіске жетем деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Лауреат болудың өзі мен үшін қол жетпес сағымдай боп көрінді. Маған орындауға Давид Тухмановтың «Дадим шар земной детям» әнін тапсырды. Сол уақыттарда оны София Ротару орындап жүретін. «Дәл сол секілді өте жоғары деңгейде орындау қолымнан келе ме?» деген ой мені жегідей жеп қойды. Сахнаның құдіреті ме, білмеймін, бұл өмірдегі ең соңғы орындап жатқан әнімдей сезініп, барымды салдым. Әнімді орындап біткен соң, иығымнан ауыр жүк түскендей сезімде болдым. Сол жерде жүріп, мен қазіргі Башқұртстанның халық әртісі Назифа Қадыровамен достасып кетіп едім. Сайыс мәресіне жеткенде, екеуміз дипломанттардың тізімінде жоқ екенімізді көріп, салымыз суға кеткендей күй кешіп отырғанбыз. Бір кезде сахна жақтан: «Сайыстың Гран-при иегері Нағима Есқалиева!» деген дауыс шықты, сайыстың ұйымдастырушысы мені шарқ ұрып іздеп жүр. Ал, мен болсам түс көріп отырғандаймын, сонымен не керек сахнаға жүгіріп шығып, жүлдемді алдым. Мен ол жеңісіммен сондай мақтанамын!
– Кеңес Одағы кезіндегі әртістердің ішінде тағы кіммен достасып кеттіңіз?
– Кеңес Одағы кезінде мен Людмила Рюминамен жақсы қарым-қатынаста болдым. Тағы Лариса Долинамен, Ирина Отиевамен, Валентина Толкуновамен, Иосиф Кобзонмен де өте жақсы дос болдық. Негізі, сол уақыттарды еске алсам жүрегіме жылу ұялайды. Сенесіз бе, ол кезде Мәскеуге айына 34 рет ұшып барған кездерім де болған. Кремль сарайында, «Россия», «Олимпийский», «Лужники» концерт залдарының сахналарында жанды дауыста өнер көрсетіп жүрдім. Сонымен қатар Ауғанстанда, Кубада, тіпті, БАӘ-де де өз өнеріммен халықтың ыстық ықыласына бөленгенмін.
– Сіз «Х Факторда» қазылар алқасы мүшелерінің қатарында болды­ңыз, сонымен бірге Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында студенттермен тығыз қарым-қатынас­тасыз. Айтыңызшы, бүгінгі жастардың өнерде жетістікке жету мүмкіндіктері сіздердің жастық шақтарыңызбен салыстырғанда қалай?
– Қазір ақшаң болса ғана алға жылжуға мүмкіндігің бар. Қаржың болса әніңді жаздырасың, оған бейнебаян түсіресің, оны неше түрлі музыкалық арналарға, радиоларға бересің, сонымен сен жұлдызсың! Оның арасында қаншама талантсыз, тек ақшаның күшімен ғана жүргендер шаш етектен. Осы себеппен, яғни, талантты жастарға өнер жолына түсуге мүмкіндік беру үшін ғана мен «Х Фактор» жобасында қазылық етуге келісімімді берген едім. Бұл жобаның ерекшелігі, сенің талантың, еңбекқорлығың, бірбеткейлігің сынға түседі. Біздің міндетіміз, талантты жастардың биікке самғауына жәрдем беру. «Х Фактор» шоуында, естеріңізде болса, менің шәкірттерім Андрей Тихонов, Қайрат Қапанов және Евгений Выбловтар жеңіске жеткен болатын. Олардың жеңісі менің де жеңісім.
– Ал, қазір қандай жанрдағы әуендерді тыңдайсыз?
– Маған джаз ұнайды. Оның ішінде классикалық джаз-модерн. Маған Айгүл Бабаеваның, Жанна Орынбасарованың джаз стильінде ән салғаны қатты ұнайды. Ал, заманауи әншілерден Кристина Агилера, Уитни Хьюстон, Мэрай Кэри, Джастин Тимберлейк, Стиви Уандер, Тина Тернердің өлеңдері ұнайды (күлді).
– Шыныңызды айтыңызшы, таны­малдылыққа деген көзқара­сыңыз қалай? Тілшілер мен жанкүйер­лерден шаршайтын уақыттар бола ма?
– Шығыспен, Ресеймен салыстыр­ғанда біздің жанкүйерлер өте сабырлы ғой. Мейрамханаларға, театрларға, саябақтарға ешқандай уайымсыз бара беруге болады. Керісінше, сені танып, қолтаңба алып, суретке түсіп жатса керемет емес пе? «Жұлдыз» ауруына шалдыққан жас әртістеріміз бар. Сұхбаттарында жанкүйерлер мен тілшілерден шаршағанын айтып отырады. Соларға қарасам күлкім келеді. Әртісті өсіретін де, өшіретін де халық екенін естен шығармау керек. Халықтың сүйіспеншілігі – кез келген әртістің ең үлкен жеңісі.
– Ашық сұхбатыңызға алғыс айта отырып, шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан Ақнұр ТОРҒАУЫТҚЫЗЫ

ПІКІР