Жамбыл жаңалықтары

Міндет. Абырой. Ерлік

7 мамырда «Отар» 40-әскери базасында жауынгерлік шеру өтеді

Еліміз бойынша Отан қорғаушылар күніне арналған ең негізгі шара қасиетті Әулиеата өңірінде, қазыналы Қордай жерінде өткізілмек. Бұл – әскери әлеуетімізді танытатын, қорғаныс қабілетімізді дамытатын жауынгерлік шеру.

«Отар» 40-әскери базасында өтетін ауқымды шараға Елбасымыз, Қазақстан Қарулы Күштері­нің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысады деп күтілуде. Жалпы, шеруге 3000-нан астам әскери қызметші, 300-ден астам жауынгерлік техника, 30 жауынгерлік ұшақтар мен тікұшақтар, ұшқышсыз ұшу аппараттары қатыстырылмақ. Соның ішінде Гвардейск әскери гарнизонынан 800-ге жуық әскери мен 150-ге тарта техника тартылады екен. Аталған шеруге еліміздегі сан түрлі әскери құрамалар мен бөлімдерден кәсіби шеберліктері жоғары, жауынгерлік сабақтарда өте жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген әскери қызметшілер іріктеліп алыныпты.

Жалпы, 8 сәуірге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен келген барлық жеке құрам мен жауынгерлік және арнайы техникалар «Отар» 40-әскери базасына шоғырландырылған. Қазіргі уақытта олар 4 далалық лагерь мен казармаларда жатып, әскери шеруге дайындықтарын пысықтауда. Нақты айтқанда, жаяу парадтық есептоптардың, авиациялық, артиллериялық, сауытты тактикалық топтардың жекелеген және бірлескен жаттығулары жүргізілуде.

Ал, 7 мамыр күні өтетін жауынгерлік шеруде Қазақстан Қарулы Күштерінің шынайы тактикалық қимыл-әрекеттері жаңа және модернизацияланған қару-жарақ пен әскери техникаларды пайдалану арқылы көрсетіледі. Тұңғыш рет барлау-соққы беру және барлау-ату кешендерінің, арнайы мақсаттағы барлау бөлімшелері мен аумақтық әскерлер құрылымдарының жұмыстары назарға ұсынылады деп күтілуде.
Республикалық аталмыш әскери шеру мемлекетіміздің жауынгерлік рухын, әскеріміздің әлеуетін, сарбаздарымыздың айбынын айшықтайтын ауқымды шара болатыны анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР