Жамбыл жаңалықтары

Міндеттелген меже мүлтіксіз орындалуы тиіс

Жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов барлық аудандарға нысаналы индикаторлар бекітіп, нақты жұмыс істеу үшін арнайы тапсырма берген болатын. Негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту әрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайту. Алайда, аймақ басшысы міндеттеген жұмыстар өз межесін діттей алып жатыр ма? Жарты жылда жасалған жұмыстың жемісі қандай? Аудан әкімдері өз жұмысына қаншалықты қырағы қарауда? Міне, осы мәселелерді саралау мақсатында өңір басшысы осы аптада Байзақ, Жамбыл, Қордай аудандарында іссапармен болып, олқылыққа орын берген, тірліктің тетігін таппағандарды сын тезіне алды.

Байзақта түйінді түйткілдер көп

Жасыратыны жоқ, облыс орталығына іргелес жатқан Байзақ ауданының өзгелерге қарағанда әлеуеті әлдеқайда жоғары, мүмкіндігі мол. Әйтсе де, жыл басында белгіленген кейбір индикаторлық көрсеткіштердің орындалуына көз жүгіртсек, көңіл көншімейді. Әлеуметтік-экономикалық дамуда бірқатар нәтижелерге қол жеткізілгенімен, алты айлық жұмыстың қорытындылары ауыз толтырып айтарлықтай емес. Асқар Исабекұлы ең алдымен ат басын бұрған Байзақ ауданы әкімдігінің актив жиынында осы мәселелер ашық айтылды.

Басқосуда ауданға өңір басшысы­мен бірге барған облыс әкімдігінің басқарма басшылары рет-ретімен баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Хабарламашылар жасалған жұмыстарды ұзын сонар баяндама ретінде тізбей, облыс әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша нақты туындаған мәселелер мен олардың шешілу жолдарын айтты.

Алғашқы болып сөз алған облыс­тық экономика және бюджетті жос­пар­лау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова аудан дамуында былтырғы есепті мерзіммен салыстырғанда оң динамика сақтал­ғаны­мен, облыс пен аудан әкімі ара­сында жасалған келісімге енген 37 индикатордың 21-і бойынша 4 индикаторға қол жеткізілмегенін хабарлады. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 71,4 пайызға, өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 7,7 пайызға, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 89,1 және 10 мың адамға шаққанда қылмыс­тың деңгейі 98,8 пайызға ғана орындалған. Сондай-ақ облыс басшысының тапсырмасына сәйкес 2013-2018 жылдары әзірлену барысында немесе әзірленген және іске аспаған жобалау-сметалық құны мен мемлекеттік сараптама қорытындысына жүргізілген талдау нәтижесі бірқатар жайттардың бетін ашып берген. Атап айтсақ, Қостөбе ауылын­дағы орта мектепке спорт, акт залдарының және 3 оқу кабинетінің қосымша құрылысын жүргізу, Сарыкемер және Байзақ ауылдарында су қабылдау ғимараттарының және су жүйелерінің құрылысын салу бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмей, құжаттар қайта әзірленуге жолданыпты.

Осы аптада облыс әкімі А.Мырзахметов үш ауданның жартыжылдық жұмысын саралады

Бұдан кейін өзге де басқарма басшылары сөз алып, сала бойынша өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтар болсақ, ауданда 15 мал дәрігерлік пункт жетіспейді. Ол үшін облыстық бюджеттен 57 миллион теңге қаржы қарастыру қажет екен. Жергілікті басшылар қаржы қарастырылса, мәселені үш-төрт жылда кезең-кезеңімен шешпек. Бұдан хабардар болған өңір басшысы мәселені бір жарым жылдың көлемінде толығымен шешуді тапсырды. Аудандағы 2 000 гектарға жуық жердің игерусіз жатқандығы, ауылдық округтердің аумағындағы тазалық жұмыстары да сын көтермейді. Үйілген қоқыстар облыс әкімдігі инспекторларының ауылдарға жүргізген рейд барысында анықталып, суретке түсіріліп алынған. Орын алған олқылықтар бойынша аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округтер әкімдері жиында мардымды жауап бере алмай, «жұмыс жасаймыздан» әрі аса алмады.

– Біз бүгінгі жиналыста тек атқарылған жұмыстарды бағамдап қана қоймай, туындап отырған нақты мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Бірқатар сын айтылды. Солар бойынша тиісті жұмыстар қолға алынуы тиіс. Иә, қай өңірдің болсын өркендеуі үшін барлық салада межелеген көрсеткіштерге қол жеткізу маңызды. Әсіресе, экономиканың алға жылжуына ең алдымен өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық саласы зор ықпал ететіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Байзақ ауданының өзге аудандармен салыстырғанда әлеуеті жоғары. Біз осыны ескеруіміз керек. Тек, өткен жылмен салыстырғанда осынша пайызға өстік деп, бірлі-жарым өсімді алға тартпай, ауданның әлеуетін барынша пайдалана алсақ, үлкен жетістікке жетеміз. Бұл орайда құр сөзбен іс тынбасы анық. Сол үшін жыл басында аудан әкімдері мен ауылдық округ әкімдері арасында тиісті келісімге негізделген құжат қабылдану керектігін тапсырған болатынбыз. Ол құжатта бір жылда немесе жарты жылда қандай жұмыстар атқарылу керектігі, нақты қандай мәселелер шешілу қажет екендігі анық жазылғаны дұрыс. Бұл сіздердің құжаттарыңызда көрініс таппаған. Сонымен қатар, ауыл әкімдері мен жергілікті полиция қызметінің ауылдық учаскелік инспекторларының жұмыс орнына басқа мекеннен барып-келіп жүргені жайлы мысалдар аз емес. Бұл жауапсыздық тез арада ретке келтірілсін. Әкім де, инспектор да қызмет ететін ауылында тұруы керек. Қалайша ол басқа ауылда тұрып, тек жұмысқа ғана барып келмек? Сондағы ел-жұртпен араласып, ішкен суын ішіп, ауасын жұтқанда ғана тұрғындардың жай-күйін сезініп, алаңдайтын болады. Түн ортасында әртүрлі жағдай орын алса да, басы-қасынан табылады. Жалған құжат жасап, туыстарының үйінің бір бөлмесін жалға алған, бірге тұрып жатыр деген сылтау болмасын. Бәрі қатаң тексеріледі, жауапкершілік жүгі де жеңіл болмайды, – деген Асқар Исабекұлы ауылдық округ әкімдіктерінің жұмысын ширату, жерді дұрыс пайдалануды ретке келтіруде жергілікті биліктің мүмкіндігі мен құзыреттілігін тиімді пайдалану керектігіне назар аударды.

Жамбыл ауданындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалы­ғымен дәл осындай форматта өткен Жамбыл ауданындағы жиын барысында да көптеген мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан экономикасының негізгі салаларында өсімге қол жеткізілген. Десек те, кезегін күткен шаруалар да аз болмай шықты.

Облыс әкімі мен аудан әкімінің арасындағы келісімге енгізілген 37 индикатордың мониторинг жүргізілген 21-і бойынша 5 меже орындалмағаны анықталған. Олар: ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 89,9 пайыз, өсімдік шаруашылығы – 69,2 пайыз, мал шаруашылығы – 89,8 пайыз, белсенді шараларға тартылатын жастар саны – 64 пайыз және 10 мың адамға шаққанда қылмыстың деңгейі 97,4 пайызды құраған. Ал, облыстық басқармалар мен аудан арасындағы келісімдегі 163 индикатордың 16-сының межелеріне қол жеткізілмеген.

Жамбыл ауданына 8 мал дәрігерлік пункттің қажет екенін ескерген Асқар Мырзахметов бұл мәселені бір жылда шешуді, алайда, олардың бағасын бір жүйеге келтіру қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, ауданда кооперативтер құру, жұмыстарын жандандыру бойынша атқарылған шаралар мүлде сын көтермейтіні, 1 240 гектар жер игерусіз жатқандығы белгілі болды.

Бүгінгі таңда аудан көлемінде шаруалардың сұранысымен 17 құдық қазылуда десек, ол құдықтар шын мәнінде қажеттілікті өтеуге пайдаланылып отыр ма? Өйткені, бұл бағыттағы жұмыс шығынының 80 пайызын мемлекет төлесе, қалған 20 пайызы ғана шаруаларға тиесілі. Субсидияның пайдасын көруге асығатын кейбір топтар құдық қазуды кәсіпке айналдырып алғаны да өтірік емес. Осы орайда, мұндай шараларға қатаң бақылау керек екенін ескерткен облыс әкімі тегін олжаға кенелгісі келетіндердің жолын кесуді тапсырды.

Құрылыс мәселесін көтерген облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев ауданда 15 жобаның конкурсы тиісті басқармалардың келісімінсіз басталып кеткенін жеткізді. Бұл облыс әкімінің қаулысымен бекітілген регламенттердің талабына сай емес деген Әділет Бегалыұлы жауапты тұлғаларды жауапқа тартуға ұсыныс білдірді. Асқар Мырзахметов регламенттің маңыздылығына тоқталып, оның талаптарын сақтамай отырған тиісті тұлғаның қызметіне сай еместігін қарау керектігін тапсырды.

Ауызсу мен табиғи газ мәселесі бірқатар жамбылдықтардың да бас ауруына айналған. Атап айтсақ, көгілдір отын құбырлары көшелерге жүргізілгенімен, тұрғындарға оны ауласына тартуда бірқатар қиындықтар туындауда. Бүгінде 5 500-ден аса отбасы бағасының қымбаттылығына байланысты көшесінен өткен көгілдір отынның игілігін көре алмауда. Яғни, газ құбырын үйге тарту бағасы 120-150 мың теңгеден асып отыр. Ал, аудандағы 42 елді мекеннің 17-сіне ауызсу тартылғанымен, кейбір елді мекендерде су тәулік бойы берілмеуде. Мысалы, Аса ауылында судың қысымының төмендігінен судың түгелдей берілуінде кілтипан бар. Бұл – жобаның құрылысын жүргізуде су қысымы мен халық санының есепке алынбауы салдарынан туындаған.

– Кейбір елді мекендерде көшеден газ құбыры жүргенімен, үйлерге кіргізілмеген. Себебі, оның өзіндік құнын тұрғындардың қалтасы көтермейді. Әрине, әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасылар бар. Біз осыны ескере келе, «Жамбыл-жылу» мекемесімен келісімге келіп, бір шешімін таптық. Яғни, 120-150 мың теңгеден 80 мың теңгеге түсіріп отырмыз. Осыны көпшілікке жақсылап түсіндіріңіздер. Бүгінде облыс бойынша көшесінен өткен табиғи газды ауласына тарта алмай отырған 90 мыңға жуық үй бар. Оның 30 мыңы Тараз қаласында болса, қалғандары аудандарға тиесілі. Бұл мәселені бірінші желтоқсанға дейін толығымен шешуді тапсырамын. Тиісінше, ауданда да бұл шаруа сол уақытқа дейін аяқталуы керек, – деген Асқар Исабекұлы ауызсу жайын да түпкілікті зерделеп, кездескен түйткілдерді тезірек шешу керектігін жауаптыларға міндеттеді.

Сондай-ақ, жиында аудан әкімі мен ауыл әкімінің арасындағы келісімді индикаторлардың жай-күйі сараланып, тазалыққа салғырт қараған ауылдық округ әкімдіктерінің жауапкершілігі қатаң сыналды. Облыс басшысы алты айдың қорытындысы бойынша алдағы уақытта шешім шығарылатынын, тоғыз айдың қорытындысы да мұқият қаралатынын жеткізді.

Қордайда қордаланған мәселе жеткілікті

Ал, кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қордай ауданында жұмыс сапарымен болып, аталмыш өлкеде алты айда атқарылған жұмыстың жүйесін саралады.
Рас, Қордай ауданы қай жағынан алсақ та әлеуеті жоғары аймақ. Жері шұрайлы, елі еңбекке бейім ауданның экономиканың кез келген саласын, әсіресе, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылықты барынша өркендетуге мүмкіндігі мол. Дегенмен, бұл бағыттағы баянсыз жұмыстардың салдарынан ауданның аxуалы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Бүгінде мал саны еселеп артып келе жатқан ауданда бар-жоғы бес кәсіпорын тіркелген десек, сүт өңдеумен жалғыз «Куликов и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана айналысып отыр. Оның өзі негізінен балмұздақ шығарумен шектелген. 130 мыңнан астам xалқы бар аудан үшін бұл қаншалықты қисынды? Ағымдағы жылдың алты айының нәтижесі бойынша аудан әкімдігінде өткен актив жиынында осы тектес сауалдар көтеріліп, жан-жақты талқыланды.

Өңір басшысы Асқар Исабекұлы төрағалық еткен жиында облыс әкімдігінің басқарма басшылары сөз алып, индикаторлық межелердің орындалу деңгейіне тоқталды. Бірінші болып баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова облыс әкімі мен аудан әкімі арасында жасалған келісімдегі 37 индикатордың 21 -і бойынша мониторинг жүргізіліп, аудан есепті кезеңде 2 межені орындамағанын жеткізді. Атап айтсақ, өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 79,7 пайызға, бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлерді қайта айналымға енгізу 48,4 пайызға ғана орындалған. Ал, облыстық басқармалар мен аудан басшылығы арасындағы келісімге енген 163 индикатор бойынша 19 межеге қол жетпеген.

Басқа да басқарма басшылары баяндағандай Қордайда қордаланған мәселелер аз емес болып шықты. Тұрғын үйді коммуналдық меншікке өткізуде, аудандық xалыққа қызмет көрсету орталығын жаңа ғимаратқа көшіруде орын алып отырған келеңсіздіктер көңілді күпті етті. Бұл бағытта облыс әкімі Асқар Мырзаxметов ақпан айында тапсырма бергенін айтып, шаруаның сағызша созылуына жол берген тиісті бөлім басшысы мен аудан әкімінің орынбасарын қатаң сынға алды. Ауданда майлы дақылдарды егу жоспары да өз деңгейінде жүргізілмеген. «Оның орнына дәнді дақылдардың егістік көлемін ұлғайттық» деп ақталған аудан басшылығының индикаторлық межелі келісімге қол қоярда қажеттілікті бажайлап сараламауы жауапкершілікті жете сезінбегенін көрсетеді. Бірқатар шаруалардың облыс басшылығы тарапынан шешілген тегін тыңайтқышпен топырақ құнарлылығын арттырып, мол өнім алуға құлшыныс танытпай отырғандығы да осы тұрғыдағы түсіндіру жұмыстарының әлсіздігінің салдары екендігі даусыз. Он төрт елді мекеннің қоқыс полигондарына зәру екендігі, кейбір ауылдардағы көгеріштендіру бойынша отырғызылған көшеттердің күтім көрмеуі, туризмді қарқынды дамытуға қауқарлы ауданның бұл бағытта марқая айтар тиянақты тірлігінің болмауы да ащы шындық.

Құрылыс саласындағы кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Ағымдағы жылы аудан бойынша 8 жобаның сметалық құжаттары бойынша әзірлеу жұмыстары басталса, оның ішінде 5-нің мемлекеттік сатып алу конкурсы облыс әкімінің 2018 жылғы 27 наурыздағы №50 қаулысына дейін жарияланып кеткен. Алайда, қаулы шыққаннан кейін де аудан тарапынан басқармадан келісім алу жұмыстары жүргізілмей, 3 жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы белгіленген. Ол туралы облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев баяндады.

– Масанчи ауылында 600 орындық мектеп құрылысы бойынша өткен жылы теріс қорытынды алынып, жобалаушы мекемеге тиісті шаралар қолданылмады. Ал, Күнбатыс-2 ауылында 150 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы және Қордай аудандық білім бөлімінің әкімшілік ғимаратының құрылысы бойынша сметалық құнының жоғары болуына байланысты, аудан өз тарапынан аталған мекемемен келісім жүргізіп, жобалаушы мекеме есебінен оңтайландыруды жүргізу керек болатын. Алайда, жобалаушы мекеме емес, аудандық бюджет тарапынан оңтайландыруға 4 800,0 мың теңге және 5 000,0 мың теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Сол сияқты Қордай ауылында «Шығыс» және «Солтүстік» ықшамауданының сумен жабдықтау инженерлік инфрақұрылымының құрылысының жобалық-сметалық құжаттары аяқталғанымен, қазіргі күнге дейін сараптаманың оң қорытындысы алынбаған. Аудан тарапынан жобалаушы мекемеге жобалық-сметалық құжаттарын сапасыз әзірлегені үшін шара қолданылмаған, – деді Ә.Ахатаев.

Айта кету керек, ауданда әлеуметтік мәселелер де жоқ емес. Ауызсу, көгілдір отынмен қамту шаралары да жүйелі жүргізілуде дей алмаймыз. Бұл бағытта да облыс тарапынан атқарылып, шешімін тауып жатқан жеңілдіктер қарапайым халыққа дұрыс жетпеуінен көптеген қордайлықтар табиғи газ бен таза ауыз судың игілін толық көре алмауда. Білім сапасы да, ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші де көңіл толарлықтай емес. Алты айда оқушылар арасында сегіз құқықбұзушылық орын алса, облыс бойынша тіркелген бес өз-өзіне қол жұмсау дерегінің үшеуі, алты суға кету дерегінің екеуі осы ауданға тиесілі болып отыр.

Жиын соңында өңір басшысы Асқар Мырзахметов кемшіліктер мен сылбыр жұмыстарды сынға алып, жұмысты жүйелеуді, сол бойынша тиісті шараларды қолға алуды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес, ұсыныстар бойынша шешім қабылданатынын жеткізді.

Жанғазы Ахметов,
журналист

ПІКІР