БАСТЫ БЕТ

Міндеттелген меженің орындалу барысы қалай?

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2018 жылдың қорытындысы бойынша салалық басқармалардың басшыларын жекелей қабылдап, есептерін тыңдауды бастады. Алдымен облыс әкімдігінің дін істері және тілдерді дамыту басқармаларының жұмыстары қаралған есепті жиынға аталмыш мекемелердің мамандары мен аудан әкімінің орынбасарлары да қатысты.
Басқосуда әуелі облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров аймақтағы діни ахуалдың жай-күйі туралы баяндады. Оның айтуынша, былтыр жыл басында жасалған облыс әкімі мен қала және аудан әкімдері арасындағы басқармаға тиесілі екі индикаторлық көрсеткіш толығымен орындалған. Сондай-ақ басқосуда 2018 жылдың 3 мамырында өңір басшысының төрағалығымен өткізілген кеңестің №51 хаттамасына сәйкес берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Нұр Мүбәрак» университетінің оқытушылары құрамының қатысуымен өңірдегі 100 имамға арналған 2 апталық оқыту курсы ұйымдастырылған. Бұған дейін имамы болмаған облыстағы 16 мешіттің де мәселесі толығымен шешіліп, діни қызметшілермен қамтылған. Мектептердегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін барлық мұғалімдер арнайы курстан өткен. Сонымен қатар пәнді меңгеру деңгейін анықтау үшін 450 мұғалім, 16 127 оқушының қатысуымен тестілеу жүргізілген. Әйтсе де шешімін таппаған мәселелер жоқ емес. Атап айтсақ, 23 хаттамалық тапсырманың 14-і шешімін тапса, қалғаны орындалмаған болып шықты. Өңірдегі жеке иеліктегі мешіттердің ғимараттары мен жер телімдерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізу мәселесі толығымен шешімін таппаған.
19 мешіттің құжаттары рәсімделуде десек, 4 мешітті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізуге кедергілер туындауда. Шетелде діни білім алып жатқан 26 азаматтың 10-ы сенімді, 16-сы күмәнді оқу орындарында оқуда.
Өз кезегінде өңір басшысы діннің ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын айрықша атап өтіп, ертең ел тұтқасы болар бүгінгі өрендерге имандылық пен білімді дұрыс сіңіру арқылы қоғамдағы әділетсіздіктер мен арсыздықтарды айтарлықтай азайтуға болатынын жеткізді. Сонымен қатар Асқар Исабекұлы оқыту курсы мен мектептегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің тақырыптарын толықтырып, нақтылауға басқарманың атсалысу керектігін ескертті. Сондай-ақ жекеменшіктегі мешіттерді ҚМДБ-ның меншігіне өткізуде тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды.
Осы күні облыстық тілдерді дамыту басқарма­сының да өткен жылғы атқарған жұмыстары сараланды. Аймақтағы тілдерді дамыту басқармасы мен облыс әкімдігімен белгіленген түйінді нысаналы индикаторлардың барлығы былтыр түгелімен орындалған. Мемлекеттік тілдік саясатты насихаттау жұмысы тиісті деңгейде жүргізілген. Ең бастысы, облыста ономастикаға қатысты түйткілді жайттар түбегейлі шешіліпті. Лайықты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біздің өңірдегі мағынасы ескірген атаулар толығымен жойылып отыр. Тіл мәдениетінің деңгейін арттыру бағытында да жасалған тірліктер аз емес. Басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбекованың айтуынша, тоқсан сайын аудандар мен Тараз қаласында әр бағытта меже қойылып, олардың орындалу барысы басқарма тарапынан қатаң қадағалануда. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған іс-шараларға тартылған халықтың саны 150 мың. Аталмыш саладағы өзекті болып отырған мәселе – қазақ тіліне танауын шүйіре қарайтын кәсіпкерлермен жұмысты жандандыру екен. Нақтысы, қонақүйлер мен мейрамханаларда тіл заңдылығының сақтала бермейтіндігі қынжылтады. Ендігі кезекте тілдерді дамыту басқармасы бұл мәселені де алғашқы жартыжылдықта шешуге күш салатындығын жеткізді. Ол үшін құзырлы мекемелермен, атқарушы органдармен және кәсіпкерлік палатасымен бірлескен жұмыс жос­пары жасақталуы мүмкін. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың аз еместігін жеткізе отырып, бір­қатар мәселелерге де мән беру керектігін атап өтті. Оның ішінде мектептердегі қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің сабақ беру деңгейін анықтау.
«Тілге деген қызығушылықты арттыру мақса­тында жүргізіліп жатқан жұмыстар жетерлік, алайда оның нәтижесі қандай деген сауалға талдау жасау қажет», – деді Асқар Исабекұлы. Сонымен қатар аймақ басшысы назарға алынуы тиіс бірқатар хаттамалық тапсырмаларды да жауаптыларға жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР