«Мираста» мәдениет мәселесі сөз болды

0 8

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің қатысуымен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес мүшелері жиын барысында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама, ішкі саясат басқармаларының жыл ішінде атқарған жұмысын саралады.

Басқосуда облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынып жатқан және күрделі, ағымдағы жөндеуден өткізілген мәдени нысандар жайын сөз етіп, өткізілген мәдени іс-шаралар мен театр, архив, кітапхана секілді ұлт руханиятын көтеретін салалардағы атқарылған шаруаларды бүге-шігесіне дейін баяндады.
– 2021-2025 жылдар аралығында 36 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіледі. 2021-2022 жылға құрылысы жоспарланған нысандардың құжаттары дайын. Былтыр басталған Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінің құрылысы биыл аяқталады. Сондай-ақ 4 нысанның мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурстары жүргізіліп, жеңімпаздары анықталып, бір ауылдық мәдениет үйінің құрылысы басталды.
2021 жылы 8 мәдениет нысанын күрделі жөндеуден өткізу бойынша құжаттар дайын, 8 нысанға қаржы қаралды. Сондай-ақ бүгінгі таңда 16 мәдениет нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Е.Нұрманұлы.
Өз кезегінде Мейрамбек Мылтықбайұлы мемлекеттік бағдарлама арқылы республикалық Жол картасына енгізіліп, құрылысы жүргізілуі тиіс мәдени нысанның ішінде бюджетті оңтайландыруға байланысты қысқарып кеткен бес нысанның жайына назар аударды. Жол картасына енгізілген кез келген іс жүзеге аспаса болмайтынын баса айтқан М.Төлепберген мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын білдірді. Сонымен қатар халық қалаулысы көрнекті жазушы Ә.Кекілбайдың «Талайғы Тараз» кітабын қайта басып шығару жөнінде ұсыныс білдірді. Бұдан бөлек ұлттың мүддесі, мемлекет тұтастығына қатысты келелі сөз қозғады. Жиынға қатысқан кеңес мүшесі Ғайни Әлімбекқызы Жамбыл ауданындағы Еңбек ауылының мүмкіндігі шектеулі тұрғыны, талантты жас ақын Қуаныш Ауғанбаевтың кітабын шығару туралы ой қозғады. Ал ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Үміт Қыранқызы облысымыздағы өнерге еңбегі сіңген театр қызметкерлерінің жұмыстан қысқартылуының себебін білгісі келді. Бұл мәселеге жауап берген Е.Жүнісбай мұның жас актерлерді жұмыспен қамту үшін жасалған қадам екенін, сол үшін зейнет жасынан асып кеткен қызметкерлерді жұмыстан босату ұйғарылғанын жеткізді. Жиынды ашып, жүргізіп отырған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов облыстық кино орталығы тарапынан қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады. Аталған басқарма басшысы жаңадан түсірілген «Зере» фильмі «Қазақфильм» киностудиясы арқылы халықаралық конкурсқа жолданғанын, алдағы уақытқа ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін 25 бейнеролик түсіру жоспарланғанын сөз етті.
Бұдан кейін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов баяндама жасап, бұған дейін атқарылған шаруаларға тоқталып, алда қолға алынуы тиіс іс-шаралар мен жүзеге асырылатын жоспарлар жайын әңгімеледі.
Жалпы кеңес отырысында саналы қоғам құрудан бастап, ұлттық болмыс пен әлемдік бәсеке, өнер, руханият, ақпараттық саясат тақырыбында да ой қозғалды.

Н.Болатұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.