Жастар.kz

Миыңды жұмыс істетсең – миллионерсің

Written by Aray2005

«Zhas Project» жобасының жақсылығы қандай?

Бүгінде мемлекет тарапынан жалынды жастарға жан-жақты қамқорлық жасалып, көптеп көңіл бөлініп келеді. Білім қуғың келе ме, гранттық жүйенің жемісін көр, «Болашақ» бағдарламасымен бағыңды сына. Еңбек жолыңды елдің ішінен бастауды қаласаң, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасының мүмкіндігін пайдалан. Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді көздесең, «Бастау бизнестен» бас тартпа. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет өз тарапынан барлық мүмкіндіктерді қарастырып қойған. Ең бастысы, ізденіс пен іскерлік керек. Міне, осы тұрғыда тағы бір баянды бастама- «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасының берері мол. Дегенмен, тиісті мекемелер тарапынан түсіндіру жұмыстарының тиянақты жүргізілмеуіне байланысты көп жастардың «қолын мезгілінен кеш сермегені» байқалады. Міне, сондықтан да біз осы олқылықтың орнын толтырып, жарқын жоба туралы кеңінен жазуды жөн санадық.

Жалпы, қандай жұмыс болмасын қаражатсыз алға баспайтыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде «Zhas Project» жобасының тиімді тұстары жетерлік. Мұнда идеясы мол жастарға 1 000 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы беріледі. Халықаралық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен жүзеге асқан жоба өткен жылы басталып, еліміздің төрт облысынан 2 000-ға жуық жасты қамтыған. Ал, биыл «Zhas Project» жобасы Әулиеата өңірінде алғаш рет іске асып, жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, ниет білдіруші жастар ауылды дамыту, білім беру, салауатты өмір салты және спорт, мәдени тынығу, волонтерлік қозғалыс, білім және техника, патриотизм мен азаматтық белсенділік, туризм, экология және абаттандыру, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер бағытында жобаларын ұсыныпты. Осылайша, бас-аяғы 222 жоба 219 239 456 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр. Бұдан өзге, 216 120 000 теңге стипендия қарастырылған. Яғни, бұл стипендия жобаны іске асыратындарға 6 ай бойына айлық жалақы ретінде беріледі. Жалпы, жеңімпаз атанған 222 жобаның 77-сі облыс орталығынан болса, қалған 145-і аудан, ауылдық округтерден. Осы жобалар арқылы алдағы уақытта өңірдің 762 жасы жұмыспен қамтылмақ. Оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
– Айта кетерлігі, қолға алынып отырған бұл жоба негізінен дипломы жоқ, жұмыссыз немесе жалақысы аз, мүмкіндігі шектеулі не ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандарды қолдауға бағытталған. Қатысу қағидалары да қарапайым. Ол үшін 14-29 жас аралығындағы жастар жүйелі жоба дайындап, бірнеше адамнан тұратын команда жасақтауы қажет. Демек, бір қолдың саласындай біріккен жастар үшін жұмыссыздық мәселесінің шешімі табылады. Ал, алты ай бойы берілетін стипендияның көлемі жоғары оқу орнын бітіргендер үшін – 60 мың теңге болса, орта оқу орнын немесе мектеп бітірген жастарға – 40 мың теңге көлемінде. Осы кезге дейін жобаға қатысушыларды арнайы тренерлер жаттықтырып, түрлі тренингтер өткізді. Келелі кездесулер ұйымдастырылып, керекті кеңестер берілді. Бір ерекшелігі, «Zhas Project» әлеуметтік жоба болғандықтан, жарты жыл көлемінде жас кәсіпкерлер бизнесінен пайда көрмей, мұқтаж жандарға тегін қызмет көрсетуі қажет, – дейді аталған жобаның аймақтағы грант менеджері Тұрлыхан Камал.
Сонымен өңірде жоба жеңімпаздары анықталды. Енді олар өздері дайындаған жобалары бойынша жұмыс бастау үшін кәсіптік және құжаттамалық негіздерді жетік меңгеруі тиіс. Осы орайда, Астана қаласынан келген тренерлер облыста 3 күн бойы арнайы іріктелініп алған 53 менторға семинар өткізіп, жобаны қалай іске асыру керектігі жөнінде кеңестер берді. Өз кезегінде олар қала, аудандардағы жоба жеңімпаздарына идеяны іске асыру барысын түсіндіретін болады. Бұл тұрғыда аталмыш менторларға да арнайы қаражат қарастырылған.
– Былтыр 5 өңірдің жастарына кәсіп ашуға мүмкіндік берген жоба ұйымдастырушылары биыл еліміздің 6 аймағын қамтыды. Мұнда ең бастысы – идея керек. Ал, идея бағыт-бағдарсыз іске аспайды. Сондықтан, арнайы Астана қаласынан Таразға келіп, іріктелініп алынған менторларға оқу семинарларын жүргіздік. Бұл шарада оларға жоспар құрып, кәсіпті ашу жақтары кеңінен түсіндірілуде. Алдағы уақытта олар бізден үйренгендерін жергілікті жерлердегі жоба жеңімпаздарына жеткізеді. Негізінен, бұл жобаның ұтымды тұстары көп. Мәселен, былтыр 2 000-нан астам жас жобаларын ұсынып, 600-ге жуығына қолдау көрсетілді. Жастар жылыжай, тігін цехы, тіл курстары мен түрлі үйірмелер ашып, бүгінде жұмыстарын жандандырып отыр, – дейді жастар корпусын дамыту жобасының үйлестіруші маманы Надежда Трубова.
Расында, аталмыш жоба идеясы бар жастардың қиялына қанат бітіріп, құлшынысын арттыруда. Осы жобаның жеңімпазы атанған жоба авторларының бірі, Байзақ ауданының тұрғыны – Нұрбек Надырбеков. Ол ауылдағы өзі құралпы жұмыссыз жүрген жастардың басын қосып, арнайы жобаны қолға алып отыр екен.
–Жасыратыны жоқ, ауылда жұмыссыз жастар көп. Сол жастардың бірі – мен. Дегенмен, жаңалықтарға құлақ түре жүріп, «Zhas Project» туралы естігенде қуанышымда шек болмады. Ауылдың 5-6 жасы болып бірігіп, өзіміздің ауылдан кинотеатр ашу туралы жобамызды ұсындық. Қарап отырсақ, ауылымызда жастардың басы қосылып, тынығатын жері жоқ екен. Ашығын айтқанда, кейбір жастар қолдары босай қалса ішімдікке құмартатын болған. Ал, солардың ойын жақсы жаққа қарай бағыттап, кинотеатрға тартсақ деп ниеттеніп отырмыз. Біз ашқалы отырған орталықта тек қана кино көрсетілмейді. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында түрлі шараларды қолға алуды жоспарлаудамыз. Осы арқылы талантты жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, танылуына қол ұшын созғымыз келеді, – дейді Н.Надырбеков. Олар алдағы уақытта арнайы бөлінетін қаржыға кинотеатр құрылғыларын алмақшы. Сондай-ақ, мекеменің орналасатын ғимаратын да тауып қойыпты.
Халқымызда «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген сөз дәл осы бастамаға байланысты айтылғандай. Себебі, идеясы толысып, жолы мен қаражатын таппай жүрген жастарға үлкен мүмкіндік туып тұр. Сондай-ақ, қоғамда «мұндай болмақ қайда деп, жанбай жатып сөнетін» жастардың бизнес алаңында бақ сынауына да жол ашылып отыр.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР