Мобильдік топтарға босаңсуға болмайды

0 4

Елімізде коронавирус инфекциясы бойынша қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал мәз емес. Індеттің қайта өршуіне вирустың мутацияланған жаңа штамдары себеп болып отырған көрінеді. Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен осы мәселеге қатысты кеңес өткізілген болатын.

Осыған орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен шұғыл түрде облыстық штаб отырысы өтті. Жиын барысында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі эпидемиологиялық жағдай және коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына дайындық барысын баяндады.
– Өткен тәулікте өңірде коронавирус инфекциясының 26 жағдайы тіркелді. Жалпы індетке шалдыққандардың ішінде 3 127 науқас симптомды, 3 296 адам симптомсыз. Осы күнге дейін 6 147 азамат сауығып шықты. Инфекциялық стационарда 313 науқас емделіп жатса, оның ішінде 30-ы жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. 29 қаңтар мен
31 наурыз аралығында жалпы 348 509
адамға КВИ-ге қарсы зерттеу жүргізіл­ген болатын. Нәтижесінде 6 423 тұрғынның індет жұқтырғаны белгілі болды, қалғаны дерттен аман, – деді Әсет Әскерұлы.
Бүгінде бекітілген жоспарға сәйкес
облыстағы ауруханаларда 1 200 инфекциялық төсек, оның ішінде 145 реанимациялық төсек қоры жасақ­талып, оған қоса 135 төсек орынға арналған карантиндік стационарлар өз жұмысына кірісіпті.

Бұдан бөлек індеттің эпидемиологиялық өршуіне байланысты орын алуы мүмкін 3 сценарийге сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен.
Медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдарды алуға жергілікті бюджет есебінен 1,18 миллиард теңге бөлініпті. Аталған қаражатқа 114 дана медициналық құрал сатып алынса, сонымен қатар жергілікті бюджет резервінен қосымша қажеттілікке және пандемияның екінші толқынының дайындығына байланысты бөлінген 2,119 миллиард теңгеге 1 литотриптор, 1 лазерлі литотриптор, 4 эксперт класс УДЗ аппараты, 1 универсалды эндовидеохирургиялық кешен аппараты, 15 фетальді монитор, 1 дана 190 модельді бейнеэндостойка аппараты, 3 бірдей 170 модельді бейнеэндостойка аппараты, 2 хирургиялық «озық құрылғы» аппараты, 1 флюрограф аппараты, 240 көпфункциональді төсек, 2 дефибриллятор – монитор аппараты, 30 науқас монитор аппараты, 70 дана инфузомат, 70 дана перфузор, 10 хирургиялық сорғыш аппараты, 3 дана ЭКГ аппараты, 100 пульсоксиметр, 2 синоптофор аппараты, 2 амблиокор аппараты және 100 рециркулятор алынған. Бұған қоса емдеу, алдын алу ұйымдары үшін жергілікті бюджеттен 344 миллион теңге бөлініп, 642 медициналық құрал-жабдық алынған.
Штаб отырысында баяндамашы халыққа үйде медициналық қызмет көрсету, дәрілік заттарды жеткізіп беру секілді салада атқарылған басқа да шаруаларды егжей-тегжейлі баяндап, 1 ақпанан бастап облыста 7 700 адам 1-компонентті вакцинациядан өткенін, 2-компонентті өсіммен 2 608 тұрғынға екпе жүргізілгенін сөз етті. Науқастардың бойында екпе егуден кейін асқынулар болмағаны да айтылды.
Жиынды қорытындылаған Бердібек Машбекұлы жауаптыларға Қордай ауданында құрылысы жүріп жатқан биофармацевтикалық зауытты жақын арада іске қосуды, бұл тұрғыда тиісті министрлікпен бірлесіп жұмыс жүргізуді міндеттеді. Әсет Әскерұлы мен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовке әрбір мекеменің бірінші басшыларының екпе алуы, олармен бірлесе тұрғындарды вакцина салдыруға шақыру, үгіт-насихат жұмысын жүргізу секілді бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар аудандық, қалалық мобильдік топтардың жұмысы соңғы уақытта босаңсып бара жатқанын айтып, мобильдік топтарға өз жұмысын күшейтуді жүктеді.

Н.Болатұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.