Модульдік оқыту технологиясының тиімділігі неде?

0 15

Қазіргі жаңа заман талабына сай білім беру – ол бүгінгі күнге өзекті мәселе. Колледж студенттері ертең өз жолында кездескен қиыншылықтарды жеңуге, өз мәселелерін өздері шешуге, саналы шешім қабылдауға және де заман талабына сай жаңа технологиялардың ақпараттарына дайын болуы керек. Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшілігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы.

Жаңа педагогикалық технологияның XX ғасырдың 60 жылдарында пайда болған түрі – «Модульдік блокпен оқыту жүйесі». Бұл жүйенің дүниежүзінде 4 жолы бар. Олар – америкалық модуль, неміс модулі, Скобиннің орыс модулі, Алексюк пен Фурманның украиндік модулі.
Студенттің жеке тұлғасын дамытуға, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, қажетті дағдыларының дамуына бағытталған технологиялардың бірі – модульдік оқыту технологиясы екені анық. Бұл технологияны қолдану білімді демократияландыруға, ізгілендіруге, оқыту сапасын арттыруға ықпал етеді. Модульдік технология жалпы білім сапасын, сабақтың тиімділігін жоғарылатуға, жеке тұлғаның өзін-өзі реттеу, өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі дамытуына мүмкіндік береді. Студенттің мүмкіндігіне қарай модульдік оқытуда мәтіннің мазмұны бөліктерге бөліп ұсынылады.
Модуль арқылы студенттердің өзіндік ізденісіне жол ашылады. Олар әр бөліктер бойынша ойланады, қосымша материалды пайдаланады, тұжырым, қорытынды жасайды. Бөлінген мәтіндермен жұмыс жасай отырып, оларды толықтырады, қысқартады, мазмұнға сай өзгертулер жасайды, оқу материалының дербес бөлік екеніне көз жеткізіп, дәстүрлі оқыту мен модуль арқылы оқытудың ерекшеліктерін танып біледі.
Модульдік оқыту технологиясы – білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді.
Модульдік оқыту берілетін білімнің студенттердің жеке бастарының ерекшеліктеріне, іскерліктеріне, жұмыс істеу қабілетіне, белсенділігі мен пәнге қызығушылығына бағыттауға, оқыту жүйесін студенттің жеке басының игеру қабілетімен үндестіру мәселесін іске асыруға мүмкіндік туғызады.

Қазіргі таңдағы егеменді еліміздің болашағы дарынды, ізденімпаз, білімді жастарға байланысты. Осыған орай Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде көптеген мамандықтар модульдік оқыту технологиясы және дуалды оқыту үрдісі бойынша оқытылуда.

C.КОДАНОВА, М.ҚАЛЫБАЕВА,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылары

Leave A Reply

Your email address will not be published.