Жамбыл жаңалықтары

Мониторингтік топтың тірлігі қанттай

????????????????????????????????????
Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев қатысып, департамент жанынан құрылған арнайы мониторингтік тобы мен ақпараттық үгіт-насихат штабының жұмыстары туралы баяндама жасады.
Спикердің сөзінше, ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының орындалуын бағалау үшін құрылған арнайы мониторингтік тобы қазіргі уақытта барлық өңірлерде облыстық және аудандық деңгейде жұмыс жасауда. Топ мүшелері қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға өз септігін тигізіп келеді. Өңірде арнайы мониторингтік топтың құрамына әр салада өзіндік тәжірибелері бар қоғам белсенділері кіргізіліпті.
– Арнайы мониторингтік топтың мүшелері білім саласындағы кемшіліктерге, Тараз қаласы аумағындағы жол белгілеріне, қоғамдық көлік қызметі төңірегінде қордаланған мәселелерге, қалалық емханалардың қызметіне, азаматтарды мекенжайға тіркеу, полиция учаскелерінің материалдық жағдайына, атаулы әлеуметтік көмек алу кезіндегі ақпараттық базасының кемшіліктеріне, мемлекеттік органдардың ресми сайттарының жаңғыртылуына мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар теміржол көлігінде билетсіз жүру, қызметтік автокөліктерді жұмыстан тыс уақытта қолдану және мемлекеттік қызметкерлердің және өзге де жол қозғалысы қатысушыларының жол жүру ережелерін бұзу фактілерінің алдын алу бойынша рейдтік іс-шараларға қатысуда, – деді Равиль Қуанышбайұлы.
Мәселен білім саласында жүргізілген мониторинг өңіріміздегі 442 мектепке өткізу қабілеттілігі 35 мб/с болатын заманауи кең жолақты желіні тартуға бюджет қаражатынан 235 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалғанын көрсетіпті. Алайда мониторинг қорытындысы бойынша барлық мектептерде интернет желісінің жылдамдығы 35 мб/с жетпейтіндігі анықталған екен. Сол секілді денсаулық сақтау саласы бойынша қалалық емханаларда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін азаматтармен телефон арқылы сауалнама жүргізіліп, қылмыстық құқықбұзушылықтардың орын алып жатқанын дәлелдеген. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметтік автокөліктерді жеке мақсатта қолданып жүргендігін де анықтапты. Қазіргі таңда арнайы мониторингтік топтың анықтаған осы және өзге де кемшіліктері бойынша сала мамандары жауапқа тартылып, айыппұлдар салынған.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР