Моноқалалар жылда қалай өзгерді?

0 3

2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Үкіметке моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Бұл тәуелсіздік таңындағы ең ауқымды әрі маңызды жоба болатын. Сегіз жылға межеленген бастама ел-жұрт пен болашағы бұлыңғыр көрінген шаһарларға не берді? Межелі міндет пен тетігін тапқан тірлікті бір таразылап көрсек.

Құлпырған Қаратау

Аймақта моноқала мәртебесін Қаратау мен Жаңатас қаласы алғаны белгілі. Алғашқысы Талас ауданына қарасты болса, екіншісі Сарысу ауданының орталығы саналады. Осы ретте ең әуелі Қаратау қаласын сөз етсек, 1990 жылы қала халқы 47 мың тұрғынды құраған. Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қаратау қаласындағы өндіріс орындарының жұмысы тежеліп, өнім көлемі күрт төмендеуіне байланысты жалпы ішкі өнім айналымы, қала бюджеті кеміп, жұмыссыздық белең алған. Соның салдарынан қала тұрғындары әлеуметтік қиыншылықтарды бастан өткеріп, жаппай көшудің салдарынан қала халқының саны екі есеге кеміген.
Алайда Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қаратау шаһары моноқалалар тізіміне еніп, жаңа дәуірі басталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалада барлығы 202 шағын және көпқабатты тұрғын үй болса, кейіннен оның 41-і бұзылып кетті. Міне, осы қаңырап бос қалған үйлердің құрылысы қайта қолға алынып, бүгінде Қаратауда 161 көпқабатты үй қалпына келтірілді. Жеке сектор аумағында 3 216 жеке үй бар.
2012-2019 жылдар аралығында қалада жалпы ауданы 35965,4 шаршы метрді құрайтын 9 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, аталған үйлерді қайта жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 2433,6 миллион теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы 44 пәтерлі көпқабатты жатақхана күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне беріліп отыр.
Былтырдан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 7 294 шаршы метрді құрайтын 115 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылуда. Бұған бюджеттен 711,755 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ал бос тұрған 44 пәтерлі көпқабатты жатақханаға сот шешімімен коммуналдық меншік құқығы танылып, 2020 жылы бюджеттен қаралған 259242,37 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы қаладағы проблемалы бос тұрған жеке меншік құқығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді сатып алу жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі күнге №3 ықшамаудандағы 44 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй меншік иелерінен сатып алынған. Аталған 3 көпқабатты тұрғын үйдің инфрақұрылымын қайта жаңғырту үшін аудандық бюджеттен өткен жылы 3 708 мың теңге бөлініп, сараптама қорытындысы шығарылып отыр.
Сондай-ақ 2013-2015 жылдар аралығында «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қаратау қаласының инженерлік коммуникацияларын дамыту және орналастыруға бюджеттен 3474,2 миллион теңге қаралып, қаланың инженерлік жүйесі толығымен жаңартылған. Барлығы 168 шақырым құбыр жүргізіліп, 2 042 құдық орнатылған. 2017 жылы қаладағы жеке тұрғын үйлер және әлеуметтік мекемелерді ауызсумен жабдықтау үшін сервистік желілерін жүргізу жобасының құрылыс-монтаж жұмыстарына 324 547 мың теңге бағытталып, халық тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр.
Орталықтандырылған жылу жүйесі бойынша қалада 4 102 абонент тіркелген. Ал электр желісінің ұзындығы 196,4 шақырымды құрайды. 2017 жылы
5 көшеге жобалық құны 11 632 мың теңгені құрайтын жарық орнату жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылы
7 көшенің көше жарығы қайта жаңғыртылған.
Көше жамылғысын жөндеу бойынша 2016 жылы қаладағы 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына 299 миллион теңге бөлініп, тетігін тапқан.
Бүгінгі күнге негізгі қала құраушы кәсіпорын – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шолақтау» тау-кен кешені. Кәсіпорын жыл сайын 250 мың тоннаға жуық фосфат шикізатын өндіреді. Зауытта 534 адам жұмыс істейді.
2015 жылы жылдық қуаты 300 мың тонна М-400, 500 маркалы цемент өндіретін өндіріс орны да іске қосылған. Қазір зауыт 176 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал 2016 жылдан бастап қуаты жылына 110 мың тонна мәрмәр тасын өңдейтін «Қаратау Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын бастап, кәсіпорында 96 адам еңбек етуде.

Жаңарған Жаңатас

Жаңатас қаласы да басынан үлкен жаңғыру кезеңін өткізді. Қала экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталып, жылдан-жылға жаңа кәсіпорындармен толығуда.
Бүгінде шаһарда 1 192 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының I бағыты бойынша 2 кәсіпкер
18 миллион 280 мың теңге және II бағыты бойынша 290 жас кәсіпкер қайтарымсыз несие алып, өз бизнестерін бастауда.
Моноқалалар үшін берілетін несиелік қаражат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы берілгелі бері Жаңатас қаласынан 101 миллион теңгені құрайтын 18 жобаның тізімі жинақталып, 71,2 миллион теңгелік 13 жоба қолдау тауып отыр.
Ал «Береке 3» шағын және орта кәсіпкерлікті өңірлік қаржыландыру бағдарламасы бойынша Жаңатас шаһарынан ағымдағы жылы 1 жоба 5 миллион теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізсе, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 5 кәсіпкер 36,6 миллион теңге несие алып отыр.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қысқамерзімді кәсіптік оқытуға биыл 101 адам жіберілсе, кәсіпкерлік негіздері курсын 242 адам тәмамдаған. Нәтижесінде 14 азамат өз кәсібін ашуға 77,4 миллион теңге несие қаражатын алған.
Өткен жылы әр категория бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 180 отбасыға екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген.
Бұдан бөлек Қойгелді көшесінің соңынан жеңіл көліктерге арналған көпір салынса, Орталық базар аумағына жаяу жүргіншілер жолы жүргізілген.
Қала аумағындағы 12 баспалдақ қайта қалпына келтіріліп, 18 жерге балалар ойын алаңшасы жасалынып отыр. №1 ықшамаудандағы №22 үйдің ауласы абаттандырылып, Жібек жолы көшесі бойынан 2 автотұрақтың кірпіші қаланған. Сонымен қатар демеушілер тарапынан 19 миллион теңгеге «Ынтымақ» аллеясын абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Тағы бір айта кетерлігі, үстіміздегі жылы қаладағы ұзындығы 8 шақырым болатын 12 көше орта және
2 көше ағымдағы жөндеудан өтуде.
Сонымен қатар 3 ықшамауданда балаларға арналған ойын және спорттық алаңшалар салынуда. Қала әкімі аппараты 7 подъезге мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус орнатқан.

Міне, осылайша бір жылдары болашағы бұлыңғыр көрінген Қаратау мен Жаңатас қалалары кейінгі жылдары қайта құлпырып, тіршіліктің тайқазаны қайнап жатыр. Өндіріс орындарының бойына қан жүгіріп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бір кездері үдере көшкен халық қаланың ертеңіне сенім артып, туған топыраққа қайта оралуда. Сөз жоқ, бұл тәуелсіздік таңындағы моноқалаларды дамыту жобасының жемісі екені анық.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.