«Мөп-мөлдір көздің қарасы…»

0 0

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Мөп-мөлдір көздің қарасы…» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Шараны Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Басқосуда алғашқы болып сөз алған халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы жас қаламгерге табыс тілеп, әдебиетке адалдық, қоғамға құрмет, дұрыс азамат болып қалыптасу тұрғысынан ой қозғады.
Ал Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қала басшысы атынан ризашылығын білдіріп, қаламгерге құрмет көрсетті.
Мұнан соң Н.Дәутайұлы мен К.Олжабай кітаптың қызыл лентасын салтанатты түрде кесіп, жазушыға сәттілік тіледі.


Кеш барысында Бейбіт Сарыбай сөз алып, әуелі әдебиетке өлең жазу арқылы келгенімен, бертін келе прозаға ауысып жатқанын айтты. Сонымен бірге тұсауы кесілген жаңа кітаптың шығу тарихы, ондағы кейіпкерлер жайлы кеңінен айтып, жиналғандардың сұрағына жауап берді.
Жылы жүздесуде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Жасан Тілеубаев пен Ерғали Оразымбетов әннен шашу шашты. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері көне шаһар жайлы арнау өлеңдерін оқыды. Ақын Есет Досалы жазушыға әзіл өлең арнап, жұрттың езуіне күлкі үйірді. Сондай-ақ өңіріміздің жас ақындары Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадырәлі, Арайлы Жақсылық сиясы кеппеген жаңа өлеңдерінен оқып, жұртты бір серпілтіп тастады. Ақын Үміт Битенова, ТарМПУ-дың доценті Сейсекүл Исматова қаламгердің қадамына ақ жол тілесе, замандасы Құралай Сейсенбекқызы, курстасы Райхан Шәлібекқызы жылы лебіздерін білдірді.
Шара барысында ғимарат дәлізіне фотосуретші, әріптесіміз Алтынбек Қартабайдың суреттер коллекциясы қойылып, кештің ажарын ашқанын айта кеткеніміз жөн.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.