«Мойныңды бұрап жұлып аламын деді»: Атақты айтыскер өзін кім қорқытқанын айтты

0 14

Айтыскер ақын Айбек Қалиев белгілі тележүргізуші Нартай Аралбайұлынына Youtube желісінде сұқбат беріп, Nur Otan партиясына не себепті мүше болғанын, айтыста сынға алған ел ағаларының әрекетін айтып берді.

Торғайда туған Айбек Қалиев бүгінде Арқалықта тұрады. Ол 2016 жылы партияға мүше болған, сол жылы қалалық мәслихат депутаты атанған. Әңгіме барысында партияға не үшін мүше болғанын, депутат болып тұрғанда қандай іс атқарғанын сөз етті.

«Nur Otan партиясына кіруді әбден ойландым. Біздің партиялар сайлаудың алдында ғана қозғала бастайды ғой. Оған дейін алаулатып, жалаулатып айттық, нәтиже болмады. Депутат боламын деп те ойлаған жоқпын. 2016 жылы Nur Otan-ға кірдім. Елге қызмет жасайын деп ойладым. Соның нәтижесінде партия мүшесі болдық», – деді айтыскер.

Арқалық қаласының мәслихат депутаты болған тұста сол аймақтың бірлі-жарым мәселесін шешкенін жасырған жоқ.

Сонымен қатар 2020 жылы праймеризге бірқатар айтыскер қатысқан еді. Оның ішінде Айбек Қалиев те бар. Ол бұл әрекетін айтыс арқылы ештеңе шеше алмай, саясатқа араласу арқылы шешкісі келгенімен түсіндірді.

Қалиев айтыста ел ағаларын сынайтынын, оның ішінде бірі жағдайды түсіндіріп ақталса, енді бірі қоңырау шалып, қорқытатынын айтты.

«Амантай қажы хабарласып, «айтыста сынадың, мойныңды бұрап жұлып аламын» деді. Тікелей эфирде жекпе-жек айтыс болды. Ақшасы бардың бәрі қажылыққа барып келетіні сөз болды. «Амантай қажылардың қажылығы, қажылықтың қадірін кетіріп жүр» дедім. Айтыстан кейін телефон шалып, «мен сені қолдап дауыс беріп отырсам, сенің айтып отырғаның не сөз?» деді. Жұлып алған жоқ, мойнымыз аман», – дейді айтыскер.

nur.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.