Жамбыл жаңалықтары

Мойынқұм ауылына Жаз-Атаның аты берілсе…

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданында жұмыс сапарымен болды. Өңір басшысының шалғайдағы аудандағы сапары Мыңарал ауылдық округінде орналасқан «Компания Мыңарал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды.

Аталған серіктестік мұндағы жергілікті тұрғындардан балықты қабылдап алып, одан түрлі өнімдер шығарумен айналысады. Осыдан 6 жыл бұрын құрылған кәсіпорын жылына 1,5 мың тонна балық өнімдерін шығаруға қауқарлы. Алайда балық зауытының директоры Сергей Нидің айтуынша, Мыңарал ауылдық округінде балық аулауға машықтанған тұрғындар көп болғанымен, бұл кәсіппен заңды түрде айналысатындар аз көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі, балық зауыты әлі күнге дейін толық қуатына шыға алмай келеді. Оған шикізаттың жетіспеушілігі себеп болып отыр. Мәселен зауыт 2017 жылы 853 тонна балық өнімін шығарса, 2018 жылы 597 тонна ғана өнім өндірген. Ал өткен жылғы өндірген өнім көлемі тіпті 300 мың тоннаға да жетпей қалыпты. Мекеме басшылығы жергілікті жердегі балық аулайтын айдындардың көлемін ұлғайтып, квота берілсе деген ұсыныстарын да жеткізді.
– Мыңарал ауылдық округінде пайдаланылмай жатқан учаскелер бар. Бұл жерлерді өз аттарына заңдастырған кейбір тұрғындар материалдық базаның жоқтығынан тиімді пайдалана алмайды. Сонымен бірге биыл зауытқа 500 тоннаға дейін квота беріледі деп жоспарланған. Дегенмен оның өзі бізге аздық етеді. Зауытқа квотаның аз мөлшерде берілуінің бірден-бір себебі – меншігіміздегі учаскелердің аздығында болып тұр. Бұл аймақтағы учаскелердің басым бөлігі Алматы облысынан келген кәсіпкерлерге тиесілі. Олардың материалдық-техникалық базасы төмен болса да, учаске көлемінің үлкен болуына байланысты оларға 2 мың тоннаға дейін квота беріліп жатыр. Әзірге арнайы келісімшарт негізінде солардың учаскесінде балық аулауға мәжбүрміз. Облыс әкімдігі бізге дәл осы учаске мен квота бөлу мәселесін шешіп берсе, зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне мүмкіндік туар еді, – дейді Сергей Ни.
Облыс әкімі аталмыш мәселені жан-жақты зерттеп, тиісті министрлік өкілдерімен ақылдасып, зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне барынша атсалысатынын жеткізді.
Жалпы мұнда 100-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейтін болса, коронавирус індетіне байланысты әзірге 40-50 адам жұмыспен қамтылған. Бір қуанарлығы жұмысшылардың жартысынан көбі жергілікті азаматтар.
Бұдан кейін өңір басшысы дәл осы ауылдағы К.Қасымов атындағы орта мектепте болып, білім ошағының материалдық-техникалық базасын көзбен көріп, мультимедиялық кабинеттің жабдықталуымен танысты. Алғашқы іргетасы осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын қаланған білім беру ғимараты күні бүгінге дейін қатты отынмен жылытылады екен. Өйткені шалғайдағы ауылға көгілдір отын әлі тартылмаған. Мойынқұм ауданы өңіріміздегі газ мәселесі шешілмей тұрған жалғыз аудан екенін тілге тиек еткен Б.Машбекұлы алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстардың атқарылатынын айтты.

МАҢҒАЗ ДАЛА ТУРИЗМГЕ СҰРАНЫП ТҰР

Сонымен қатар аймақ басшысы Балқаш көлінің жағалауынан жағажай салуға лайықты деп танылған орынды да көзбен көріп қайтты. Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, дәл осы Балқаш көлінің маңынан «Мыңарал» жағажайы салынып, курорттық қалашықтар бой көтеріп, аңшылық пен балық аулауға арналған демалыс орындары ашылар болса, Нұр-Сұлтан мен Қарағанды, Алматы мен Шымкент қалаларынан келетін адамдардың қарасы қалың болмақ. Ол үшін ең әуелі республикалық мәндегі автожол мен жағалаудың арасына жол салу қажет екен.
Сондай-ақ Ғани Айдарұлы аудандағы 45 археологиялық, 46 сәулеттік, 6 тарихи ескерткішті жандандырып, «Қырбас», «Биназар батыр» және «Құралай сұлу» кесенелеріне жол салып, мұндағы туризмді жаңа деңгейге көтеруге болатынын тілге тиек етті. Оның үстіне кейінгі жылдары Мойынқұмдағы «Андасай» мемлекеттік зоологиялық қорығына көңілі ауған шетелдіктер арнайы лицензия алып, аң аулайтын көрінеді. Өз кезегінде «Мыңарал» жағажайының сұлбасымен танысқан Б.Сапарбаев Балқаш көлі маңындағы аталмыш жағажайға адамдардың алыстан ат терлетіп келетініне күмәнмен қарайтындығын жеткізді. Облыс әкімі туризм басқармасы басшысына аталған орынға жол салмас бұрын бұл жобаны әлі де пысықтап алу керектігін ескертті.
Өңір басшысының құмды өлкедегі жұмыс сапары бұдан әрі аудандағы іргелі өндіріс ошақтарының бірі «Жамбыл цемент» өндірістік компаниясында жалғасын тапты.

АҚБАҚАЙДЫҢ БАСТЫ ПРОБЛЕМАСЫ – АУЫЗСУ

Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақбақай ауылында да болды. Ауылда барлығы 604 адам тұрады. Қазіргі таңда ауылдағы 100-ге жуық оқушы 500 орындық мектепте білім алып жатыр. Биылғы оқу жылында 13 бала 1-сыныптың табалдырығын аттамақ. Білім ошағы соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Десе де мұнда химия және информатика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді
Ауыл тұрғындары негізінен «Алтыналмас» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалында жұмыс істейді. Облыс әкімі аталған кәсіпорынның да жұмысымен танысып, ондағы ұжыммен кездесті. Филиал менеджері Мұхтар Аманжолов мекеменің жай-күйін әңгімелеп, өндірістік үдеріс туралы айтып берді. Компания өнім шығаруда GPS технологиясын және заманауи құрылғыларды қолданады. Нәтижесінде басшылық жұмысшылардың орнын анықтап, барлық шаруаны режимде бақылау мүмкіндігіне қол жеткізген. Мұндағы шахталардың максималды тереңдігі 560 метрді құрайды.
Қазіргі уақытта компанияда 1056 азамат жұмыс істейді. Компания үнемі өз қызметкерлерінің біліктілігін арттырып отырады. Айталық Қарағанды, Тараз және Жезқазған қалаларындағы университеттерде 305 қызметкер арнайы курстардан өткен. Бұл қызметкерлердің орташа жалақысы 240 мың теңгенің шамасында. Облыс әкімі филиал басшылығына әуелі жұмысқа жергілікті кадрларды тарту қажеттілігіне баса назар аударды.
М.Аманжоловтың айтуынша, Ақбақай кен орнындағы барланған алтын қоры 38 тоннаны құрайды. Дегенмен кейбір жергілікті тұрғындар осынау кәсіптен көлденең табыс табуға ұмтылып, шахтаға заңсыз кіруге тырысады екен. Облыс әкімі мұндай жағдайлармен күресу үшін полициямен тығыз қарым қатынаста жұмыс істеу қажет екенін ескертті. Тағы бір мәселесі сапалы ауызсуға қол жеткізудің қиындығы. Сапалы ауызсуға қол жеткізу үшін 400 метрге дейін ұңғымаларды бұрғылау қажет.
Облыс әкімі әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын алға тартып, кәсіпорын облыс әкімдігінің қолдауына сенім арта алатынын айтты. Жиналысқа қатысқан «Қазақалтын» акционерлік қоғамының Үкіметпен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Ғани Сағиев пандемия кезінде айтарлықтай көмектесе алатын корпоративтік қор құру қажеттігін мәлімдеді. Облыс әкімі бұл ұсынысты мақұлдап, Мойынқұм ауданының әкіміне осы бағытта жұмыс жасап, «Алтыналмаспен» тиісті меморандум жасауды тапсырды.

МИРНЫЙ ГРАНИТІ ҚЫТАЙҒА ДЕЙІН ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Мирный ауылындағы «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көп жылдан бері гранит блоктары мен граниттен жасалған бұйымдарды шығарады. Серіктестік өнімдері Ресей мен Өзбекстанға экспортталады. Ал биыл Мойынқұм граниті алғаш рет Қытайға экспортталды. Б.Сапарбаев бұл кәсіпорынның жұмысына жоғары баға берді. Компанияның 2028 жылға дейін табиғи гранит өндіру бойынша бес келісімшарты бар. Бүгінгі таңда түрлі-түсті табиғи гранит кен орындарының сегіз карьері жұмыс істейді. Компания көптеген құрылыс компанияларымен тығыз байланыс орнатқан және Түркістан қаласындағы құрылыстарға гранит өнімдерін жеткізуші болып табылады.
Аудандағы «Меркі-Бұрылбайтал» автомобиль жолын салуды жеделдету үшін жолдың екі шетінен екі ауысымда жұмыс істейтін екі мердігер компания тартылған. Олар отандық «АБК-Автодор НС» компаниясы және қытайлық «China Xinxing Corporation» фирмасы. Қазіргі қалыптасқан карантиндік жағдайға байланысты құрылыстағы жұмысшылар саны 300-ден 31-ге дейін қысқарған.
Жақында еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов аталған нысанда болып, жұмыс барысымен егжей-тегжейлі танысқан болатын.
– Министрдің сапары кезінде біз қазақстандық фирма жыл соңына дейін мұндағы жұмысты аяқтап, көлік қозғалысы іске қосылатынына уәде бердік. Сондықтан, жұмысты күшейтіп, мүмкіндігінше көп жұмысшыны тарту қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ал «АБК-Автодор НС» компаниясының өкілдері жұмыс өз мерзімінде аяқталатынын, оған қажетті материалдардың жеткілікті екендігін атап өтті.
Келесі кезекте облыс әкімі Мойынқұм аудандық орталық ауруханасында болды. Аурухананың бас дәрігері Жайдар Әйтішев аймақта пневмонияға шалдыққандардың саны азайып келе жатқандығын айтты. Оның айтуынша, науқастар саны өткен аптамен салыстырғанда үш есеге азайған. Қазіргі таңда аурухана барлық қажетті дәрі-дәрмектермен, ӨЖЖ аппараттарымен және оттегі концентратторымен қамтамасыз етілген. Жергілікті кәсіпкерлер де игілікті істен тыс қалмай, қолдау көрсетіп жатыр. Провизорлық стационарда екі дәрігер мен алты медбике кезекшілік етеді.
– Аптап ыстықта сегіз сағаттан жұмыс істеу қиынға соқты. Тіпті бетпердені үнемі тағып жүру де оңай болмады. Ал біздің дәрігерлеріміз болса, арнайы костюмдерді киіп ауруханада жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан кезекшілік кестесін қайта қарап, ауысымды төрт сағатқа дейін қысқарту қажет, – деді облыс әкімі.

ҚҰМДЫ ӨЛКЕДЕГІ ӨРТ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ

Өңір басшысы аудандағы жұмыс сапары барысында Мойынқұм ауданында орын алған өртті де назарынан тыс қалдырмады. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков облыс басшысына қазіргі ахуалды баяндап, оқиға орнында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Басқарма басшысының айтуынша, тілсіз жауды ауыздықтау үшін Байзақ, Жамбыл, Ақкөл және Бурылбайтал орман шаруашылығы мекемелерінен барлығы 46 адам, 20 техника, сондай-ақ «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің облыстағы филиалынан 6 десантшы жұмылдырылыпты. Бұдан бөлек, жақын маңдағы ауылдардан да көмек қолын созған тұрғындар бар.
Одан кейін Б.Машбекұлы аудандағы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиев аудан орталығы саналатын Мойынқұм ауылына Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілсе деген ұсынысын білдірді. Шынын айту керек, өткен ғасырда құмды өлкенің маңғаз даласын жайлаған малшы қауымның шаруасы шалқып, жеткен жетістіктері мен көрсеткіштері әлі күнге дейін көптің есінде. Аты аңызға айналған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың есімін елге танытқан да осы Мойынқұмның малға жайлы даласы деуге болады. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған шопанның ауданға сіңген еңбегін еш нәрсемен өлшеуге келмесі анық. Міне, осының бәрін тілге тиек еткен өңір басшысы бұл ұсынысқа қолдау білдіретінін жеткізді. Кездесуде өзге де ақсақалдар түйткілді мәселелерді әкімнің назарына ұсынып, сауалдарына тұщымды жауап алды.

Ерғали Қартайған,
Мойынқұм ауданы

ПІКІР