Мойынқұм десе, Жаз-ата еске түседі

0 45

Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туған күніне орай әйгілі шопанның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Шараға қатысушылар ең алдымен «Малшылардың маршалы» атанған Жаз-ата мен еңбек ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін аудан әкімі Мәден Мұсаев сөз алып, өмірі өнегеге толы шопанның еңбек жолы мен ерлігіне тоқталды.
– Бүгін біздің жерлесіміз, аты аңызға айналған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың туған күні. Мойынқұмның маңғаз даласын мыңғырған малға толтырып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жаз-атаның 125 жылдығын атап өткелі отырмыз. Аңыз адамның отарынан алынған қаракөл елтірілері Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йоркте өткен аукциондарда көрсетілді. Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда еліміз бойынша Жаз-ата онымен алғаш айналысқандардың бірі болды. Жазылбек атамыз өзі ғана табыстың тайқазанын тасытып қоймай, көптеген шәкірт тәрбиеледі. 1962 жылы еңбек демалысына шыққаннан соң да қарап отырмай, қой өсіру жөніндегі қоғамдық нұсқаушы болып, тәлімгерлік жасап, ортақ іске өзіндік үлесін қосты. Ауданда шопандар мектебін қалыптастырды. Көптеген малшыларға ұстаз болып, өзінің білгенін, мал бағудың қыр-сырын үйретті. Қазақтың қыдыр қонған ақсақалы, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевты біз әркез мақтан етеміз. Атамыздың жүректерге нәр құйып, тұла бойды шымырлатып өтетін аталы сөздері ұрпақты отансүйгіштікке, адал еңбекке, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтей білуге баули беретін болады, – деді Мәден Тоқтарбайұлы.

Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Бақытжан Қалымбетов те даңқты шопанның ерен еңбегін дәріптеді.
– Мал шаруашылығында еңбегі жоғары бағаланған Жаз-атаның даңқы Қазақстан ғана емес, бұрынғы Кеңес одағы көлемінде мәлім болды. Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді. Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, біздің ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қашан, қай жерде болсын Мойынқұм десе, Жаз-ата есімізге түсетіні де бекер емес,– деді Б.Қалымбетов.
Ал ауданның Құрметті азаматтары Күлзада Тілеубаева мен Әбдікерім Тойшыбеков аңыз адам Жаз-атаның мерейлі жасын атап өтуге қолдау білдірген аудан басшысына ризашылықтарын білдірді. Мұнан кейін Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің оқушысы Ділназ Ақылберген және Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы Жанасыл Жарылқасын еңбек майталманына арнаған жүрекжарды жырларын оқыды.
Рәсімнің соңында Көкжелек ауылындағы «Шопан ата» мешітінің имамы Әлімбай Қойшығұлұлы Жаз-атаға және арамыздан кеткен еңбек ардагерлерінің рухына арнап Құран бағыштады.
Еске алу шарасы Бірлік ауылдық округінде де өтті. Онда халқымыздың еңбекпен есейген арда перзентінің ескерткішінің алдына гүл шоғы қойылып, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Нәметқұлов жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ жақсының көзін көрген ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Асан Асанов және Жазылбек Қуанышбаевтың бастамасын қолдап, комсомол жастар бригадасының жетекшісі болған Анаркүл Шынбалаевалар сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Одан кейін Бірлік ауылдық клубында мәдениет үйінің әншілері жырдан шашу шашса, ұстаздардан құрылған «Бірлік бұлбұлдары» ансамблі «Жазылбекшілер маршы», «Хантауым» әндерін нақышына келтіріп орындады.

Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ,
журналист,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.