Мойынқұмда КВИ жұқтыру деңгейі төмендеп келеді

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында орталық аудандық ауруханаға арнайы барды. Бас дәрігер Жайдар Әйтішев ауданда пневмониямен аурушаңдық деңгейі төмендеп келе жатқандығын атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңдағы анықталған науқастар саны өткен аптамен салыстырғанда үш есе азайған. Бүгінде аурухана барлық қажетті дәрі-дәрмекпен, ИВЛ аппараттарымен және оттегі концентраторларымен қамтамасыз етілген.

Бұл орайда жергілікті кәсіпкерлер де шет қалмай, үлкен қолдау танытып, демеушілік білдіруде. Провизорлық стационарда екі дәрігер, алты медбике кезекшілікпен жұмыс істеуде.
— Өңірде ауа райы қатты ыси бастады. Мұндай жағдайда сегіз сағат жұмыс істеу оңай емес. Арнайы киіммен жұмыс істеуге міндетті стационардағы медициналық қызметкерлерді айтпағанда, тіпті маска тағып жүрудің өзі қиын. Сондықтан, кезекшілік кестесін қайта құрып, ауысым уақытын төрт сағатқа дейін қысқарту жағын қарастыру керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Б. Сапарбаев қосымша жүктелген жұмыс көлемі үшін медициналық қызметкерлерге төленетін үстемақы туралы сұрады. Бас дәрігер провизорлық стационардағы медбикелер мен дәрігерлерге жұмыс сағатына байланысты толық көлемде төленіп жатқандығын жеткізді.

— Үстемақы уақытылы және тұрақты түрде төленуі тиіс. Бұл іске кейбір аудандардағыдай бей-жай қарауға болмайды, — деді аймақ басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.