Сұхбат

«Мұғалім еңбегінің жемісі – оқушының жетістігінде»

Written by Aray2005

Ұлы ақын Абай Құнанбаев «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дегендей, әркім ұстазынан алған ұлағатымен әрекет етіп ғұмыр кешеді. Мұғалімдер еңбегінің адам өміріндегі алар рөлі осындай мағыналы болғандықтан да қазан айында жеткен Ұстаздар күні өзге мерекелерден ерекше. Мәртебелі мамандық иелерінің мерекесінде Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаевамен сұхбаттасып, бүгінгі мұғалімдердің жай-күйін әңгімелеген едік.

– Мүбәрак Қасымқызы, кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күні құтты болсын! Мұғалім еңбегінің ерендігі бұрыннан да айтылып келеді. Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаш бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп бекер айтпаған болар. Сол құрмет бүгінгі қоғамда сақталған ба?
– Мұғалімдіктің асқан жауапкершілік жүктелген және құрметке лайық мамандық екені баршаға мәлім. Сол үдеден шыға білген педагог қана көпшіліктің құрметіне бөлене алады. Қазіргі уақытта қоғамдағы мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін талай шаралар жүзеге асырылып отыр. Жаңа реформалар жүргізіліп, арнайы «Педагог мәртебесі туралы» Заң дайындалуда. Педагогтардың еңбегіне, біліктілігіне қарай жалақысын көтеру де өз нәтижесін беруде. Жаңартылған білім беру мазмұны енгізілген сыныптарда сабақ беретін және жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін пән мұғалімдерінің жалақысына үстемақы қосылды. Мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа форматы бойынша біліктілігін көтерген пән мұғалімдерінің жалақылары да санатына қарай көтерілді. Сондай-ақ жыл сайын мұғалімдер күні қарсаңында үздік педагогтарды қаржылай марапаттау облыс, қала көлемінде дәстүрге айналып келеді. Әрине, бұл күні барлық білім беру ұйымдарында ұстаздарды ұлықтауға арналған іс-шаралар жоспары жасалып, жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Оқушылар арасында «Менің сүйікті ұстазым» бейнеролик байқауы, ардагер ұстаздармен кездесулер, «Менің алғашқы ұстазым», «Мұғалім – мектептің жүрегі» тақырыбында апталықтар ұйымдастырылып, эсселер жазылуда. Бұл шаралардың барлығы да мұғалімнің мәртебесін биіктетіп, оқушылардың алдында қадір-қасиетін арттыруға негізделген.
– Күздің алғашқы, яғни Білім күнінде барлық мектептер оқушыларын қарсы алады. Биылғы оқу жылы мұғалімдер үшін нендей жаңалығымен басталды?
– Биылғы оқу жылында 1 қыркүйек – Білім күні «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбындағы патриоттық сабақпен басталды. Мұндағы мақсат – әрбір жас жеткіншекке өзінің егеменді еліміздің ертеңіне тірек, іргесіне сүйеу болатынын терең түсіндіріп, Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азамат болуын сезіндіру.
Ал биылғы оқу жылының жаңалықтарына тоқталсақ, 4, 9, 10-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшті. 10-11-сыныптардың Үлгілік оқу жоспарларында міндетті пәндер саны қысқарып, білім алушыларға олардың жеке қызығушылықтары мен бейімділіктерінің дамуын қамтамасыз ететін пәндерді таңдауға максималды құқық берілді. Яғни 10-сынып оқушылары болашақ мамандығына назар аудара отырып, Үлгілік оқу жоспарындағы 19 академиялық пәннен 14 оқу пәнін таңдай алады. Оқушылардың таңдауы бойынша «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау» секілді жаңа пәндер енгізілсе, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәніне өзгерістер енгізілді. Және «Информатика» жаңа оқу бағдарламасы енгізілді. 10-сыныпты оқытудағы басты ерекшелік – нақты мамандануға және оқушының болашақ кәсіби қажеттіліктері мен таңдауы мүмкін мамандығына сәйкес оқу пәндеріне бағыттау.
– Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мақсатымен электронды күнделік, оқушыны бағалаудың жаңа түрлері секілді біраз өзгерістер енгізілді. Бірақ әлі де педагогтарды қағазбастылық шаршататын сияқты.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын және «Орта білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің жекелеген санаттарын жүргізуі үшін ұсынылатын құжаттарының тізбесін анықтау туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 26 қаңтардағы №32 бұйрығымен мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында жүргізетін 5 құжат бекітілді. Олар – сынып журналы, тақырыптық-күнтізбелік жоспар, күнделікті жоспарлар (қысқамерзімді жоспар), критериалды бағалау бойынша құжаттар (қалыптастырушы және жиынтық бағалау), білім алушылардың күнделігі. Міне, осы негізгі бекітілген құжаттарға ғана ұстаздар жауапты болуы шарт.
– Заң талаптарына сәйкес қызметкерлерге тарту-таралғы жасауға тыйым салынған. Қазір бұрынғыдай мұғалімге сыйлық ұсыну тоқтатылды. Дегенмен шәкірттері немесе баласының оқуына разы болған ата-ана ұстазға ризалығын қалай білдіргені жөн деп ойлайсыз?
– Әрине, алтын, күміс әшекейлер секілді қымбат бұйымдар сыйлау – тым артық. Ондай аса құнды сыйлық қабылдау мұғалімнің әдебіне, педагогтік этикасына да қайшы келеді. Ал енді гүл сыйлауды шын құрметтеу деп ойлаймын. Бір кездері «Анаңа гүл сыйла!», «Мұғалімге гүл сыйла!» деген әдемі шаралар ұйымдастырылушы еді ғой. «Әліппе», «Ана тілі» сынды оқулықтарда да мектептің алдында күлімдеп тұрған мұғалімге гүл ұстап бара жатқан оқушылардың суреттері болатын. Міне, осыларға қарап-ақ гүл сыйлауды жемқорлықпен байланыстырудың қажеті жоқ. Қазір гүлдің де қымбаттары бар. Сондықтан болар, оған да тыйым салынғандықтан мұғалімдер оқушыдан, ата-анадан гүл алуға да қаймығып қалды. Мысалы, кешегі 1 қыркүйекте өзім көрдім, ешбір оқушы гүл ұстамай барып, Білім күні жай ғана әдеттегі жиналыстардың бірі секілді өтті. Гүл адамның көңіл күйін көтерумен қатар, мерекенің де шырайын келтіреді емес пе?
Егер ата-ана баласының ұстаздан жақсы тәлім, білім алып жүргеніне тәнті болып, ризалығын білдіргісі келсе, қымбат сыйлық алмай, қамқоршылық кеңеске демеушілік көрсету арқылы мектептің қажеттіліктерін өтеуге үлес қоса алады. Бұл разылығымен тек бір мұғалімді ғана сыйлықпен қуантып қоймай, бүкіл бала білім алып жүрген мектепке пайдасы тиіп, ізгі іс атқарған болар еді.
– Өзіңіз ұстаз болған кезіңізде оқушыдан сыйлық алып көрдіңіз бе?
– Өзім ең алғаш Шу қаласындағы кәсіптік техникалық училищеде мұғалімдік еңбек жолымды бастаған едім. Содан кейін өзім оқыған №2 мектептің де басшысы болып қызмет еттім. Сонда оқушылардан сыйлыққа гүл алдым. Және балалар еңбек сабағында өз қолдарынан жасаған бұйымдарын сыйлайтын. Сондай қуанып қаласың. Баланың өз қолынан шыққан дүниеден артық сый бар ма?! Себебі онда пәк ниетті баланың ықыласы, бар уақытын, ой-қабілетін салған еңбегі жатыр.
– Алғашқы ұстазыңыз қазір қандай қырларымен еске түседі?
– Алғашқы ұстазым Нағима Омаралинова деген апай. Ол кісі дүниеден өтіп кетті, жаны жаннатта болсын! Үнемі орамал тағып жүретін. Нұр төгіліп тұратын мейірімді жүзіне орамалы сондай әдемі жарасатын. Мектебіміз қаланың орталығында, ол кісі жолдың арғы жағынан келетін. Мектепке ерте келіп, сол кісінің жолдан көрінгенін күтіп отырамыз. Көре салысымен алдынан жүгіріп шығып, қолынан ұстап жүруге асығатынбыз. Себебі ол кісі бізді туған анамыздай мейірімімен баураған. Оның сондай әдепті, мәдениетті қимыл-әрекеттеріне, байыппен сөйлегеніне қызыға еліктейтінбіз. Ол бізді берген білімімен ғана емес, өзінің іс-әрекетімен де тәрбиеледі. Сондай ұстаздарымызға қарап бой түзедік.
Одан кейін түрлі пәндерден оқытқан Райхан Сейтайқызы, Айткүл Рақышова, Сара Шынжырбаева, Юрий Ильин және басқа да ұстаздарымыз парасаттылығымен, білімділігімен жүрегімізден орын алды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР