Сұхбат

«Мұғалім мәртебесі қоғамдық көзқарас өзгермей биіктемейді»

Written by Aray2005

«Oqshay` oi» айдарының кезекті қонағы – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Әмірбекұлы

–Ержан Әмірбекұлы, әне-міне дегенше ұстаздар ұстаханасы аталатын Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті ректоры қызметіндегі алғашқы оқу жылын қорытындылағалы отырсыз. Басшы ретінде маман дайындау, оларды еңбек нарығында сұранысқа сай ету, профессор-оқытушылардың біліктілігін арттыру бағытында жасаған жұмыс жоспарыңыздың үдесінен шыға алдыңыз ба?
–Педагогикалық оқу орнына басшылық етіп, жоспар түзу ең әуелі оның ерекшелігі мен нақты бағдарын айқындаудан басталады. Әрине, педагогикалық бағыттағы оқу орнының Қазақстандағы өзге 130-дан астам жоғары оқу орнымен салыстырғанда өзіндік ерекшелік сипаты болатыны белгілі. Мұнда болашақ педагогтар дайындалады. Олар мұнда ұрпақ тәрбиесімен айналысуға нақты шешім қабылдап келеді. Ұрпақ тәрбиесінің артында тұтас мемлекетке қызмет ету тұрғандықтан студентке ә дегеннен өзі таңдаған мамандыққа артылған мол жауапкершілік жүгін сезіндіру маңызды.
Одан соң біздегі студенттер контингентінің 80 пайызы қыз балалар. Үшіншіден, біз оңтүстік өңірде орналасқан жоғары оқу орнымыз. Ал оңтүстік халқының өзгелерден ерекше психологиясы, таным-түсінігі бар. Сайып келгенде мұның барлығы да оқу орнының маман дайындаудағы саясатын анықтауға ықпал етіп отыр.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамының 50 пайызының ғылыми дәрежелері бар. Бұл құрам ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беретін маман иелерін дайындау ісіне қашанда тастүйін дайын. Жыл басында университеттің алдағы 3 жылдағы даму стратегиялық жоспары бекітілді. Ұстаздар ұстаханасындағы білім беру, маман дайындау сапасын арттыруға қатысты ауқымды жоспарлар дәл осы құжатта көрініс тапқан. Ондағы жоспарлардың үдесінен қаншалықты шыға алғанымызды екшеу уақыт еншісінде.
–Енді бірер айдан соң педагог мамандардың кезекті легі университетті тәмамдап, қолына диплом алады. Олардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші қандай?
–Қазіргі таңда еңбек нарығында педагог мамандарға сұраныс өте жоғары. Әсіресе ауылдық жерлердегі мектептер кадр тапшылығын сезініп отыр. Жасыратыны жоқ, мектепті бітіріп, қалада білім алған жастар сонда қызмет жасап қалып қойғысы да келеді. Әрі қазір әлемде урбанизация үрдісі өте қарқынды жүріп жатыр. Бұны статистикалық мәліметтер де растайды. Елбасы да өз Жолдауларында бұл үрдістен Қазақстанның шет қалмайтынын айтты.
Ауылдан білім қуып келген жастардың маман болып ауылға қайтуы қиын. Сондықтан да біздің университетімізге шалғайдағы ауылдардағы педагог мамандарға сұраныс білдіріп жатады. Және бір айта кетерлік жайт, орыс тілін білетін мамандарға деген сұраныс та күн санап арта түсуде. Қазір педагогика саласында орыс тілін жетік білетін мамандар жоғары бағаланады. Алыс ауылдарды былай қойғанда облыс орталығының өзінде орыс тілін білетін мамандар ауадай қажет. Нәтижесінде орысшаға жетік жастар жұмысты да қаладан тауып, осында қалып қойып жатыр. Сондықтан да біздің университет үшін жұмыспен қамту мәселесі өткір мәселелердің қатарына жатпайды.
Статистикалық мәліметтер Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті студенттерінің жұмысқа орналасу көрсеткішінің 70 пайыз көлемінде екенін айғақтайды. Білім және ғылым министрлігінен берілген тапсырмаға сай университеттердегі жұмыспен қамту көрсеткіші 50 пайыздан кем болмауы керек. Ал біз өзіміздің статистикалық көрсеткіштерімізді 80-90 пайызға дейін ұлғайтуға күш салып жатырмыз.
Еңбек нарығында орыс тіліне жетік мамандармен бірге математика, жаратылыстану, физика, химия, биология, информатика пәндерінің оқытушыларына да сұраныс жоғары болып тұр.
Әрі біздің студенттерге жұмыс берушілердің қарасы қалың. Мектепке дейінгі даярлау орталықтары, қосымша білім беру мекемелері де педагогтарды қажетсінеді.
Одан соң қазір көптеген мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық ұйымдар қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату мақсатында баспасөз хатшыларын тағайындауға көшті. Бұл маман тіл саласына қатысты болғандықтан нарықтағы сұранысты өтеуге біздің түлектердің қарым-қабілеті толық жетеді.
Сонымен қатар университет түлектерінің арасында жоғары оқу орнынан кейін білім алып, ғылым жолына түсуге талап білдіретіндер көп.
– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қолданысқа енгізу жайы айтылды. Педагог мамандарды дайындаушы оқу орнының басшысы ретінде бұл заңның қажеттілігі, оның дәл қазіргі уақытпен үндесуі турасындағы жеке пікіріңізді білсек…
– Бізде өз тарапымыздан бұл мәселеге үн қостық. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуовтың бастамасымен университет базасында «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының балама нұсқасы әзірленді. Заң жобасының бұл нұсқасы Білім және ғылым министрлігі әзірлеген заң жобасымен Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына жіберілді. Заң жобалары талқылану үстінде. Ағымдағы жылдың жаз-күз айларында бұл заң қабылдануы керек.
Ал педагогтар қауымы, жалпы қоғам бұл заңнан не күтеді? Қазіргі таңда педагог мәртебесін заңды тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да бекіту қажеттілігі туындап отыр. Жасыратыны жоқ, педагог мамандардың басқа сала қызметкерлеріне қарағанда еңбекақысы әлдеқайда төмен. Ал бұл фактормен білімді жастарды осы салаға тарту қиындау. Демек, бізге қазір бірден-бір педагогтың қоғамдағы мәртебесін айқындау қажет. Оның өзіндік беделін қалыптастыруға көңіл бөлгеніміз жөн.
Алайда ұстаз мәртебесін заңмен бекіткенімізбен оған деген күнделікті көзқарастың өзгермеуі мүмкін ғой. Жоқ, біз осы заң арқылы бәрін тайға таңба басқандай етіп айқындап алуымыз керек. Ата-ана бекерден келіп, мұғалімнің бетін жыртып, оған доқ көрсетіп, абыройын төмендетіп жатса ұстаздың қадір-қасиеті қайда қалады? Әрі-беріден соң отбасындағы баланың тәрбиесін педагогтарға артып қою дұрыс емес. Оған ата-ана да жауапты. Баланың қалыптасуында бағыт-бағдар беруші тұлға ата-ана. Ал, қазір бізде баласы нашар оқыса да, бұзықшылық жасаса да ата-ана ұстазды кінәлайды. Міне, біз педагог мәртебесін анықтасақ, ұстаз ісіне қол сұғушылар әрекетінің заң жүзінде алдын алар едік.
Одан кейін «Педагог мәртебесі туралы» Заңның аясында ұстаздардың статусы белгіленуі қажет. Ол статус мектеп ұстаздарынан бастап мектепке дейінгі білім беру мекемелерін және жоғары оқу орнының оқытушыларын да қамтуы тиіс.
Әрине, қазір мұғалімдерге ең әуелі қаржылай қолдау керек. Неге десеңіз, ұстаз еңсесін тік ұстай алатын әрі сонысымен шәкірті алдында беделді мамандық иесі болуы шарт. Қалтасы жұқа, әлеуметтік жағдайы төмен ұстаз ұрпақ тәрбиесіне де жіті көңіл бөле алмайтыны белгілі жайт. Сондықтан да ұстаздарды қаржылай қолдау мәселесі мұқият зерделенеді. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында мұғалім туралы жағымсыз ақпараттар көп. Алайда әлгі сынға ұшыраған жайтқа шындап келгенде ұстаздар кінәлі бола бермейді. Ұсынылған заң жобасында педагогтарды журналистер тарапынан, халық тарапынан жөнді-жөнсіз айыптау мәселесін реттеуге басымдық беріледі. Үшіншіден, педагогқа әлеуметтік пакет берілуі керек. Ол еңбек демалысын қалай дұрыс ұйымдастыру, апталық жүктемеден тыс тапсырмалардың берілмеуі сынды мәселелерді қамтиды. Сәйкесінше, біз ұсынған заң жобасында осы жайттарға жіті көңіл бөлінді.
– Демек, мұғалімнің мәртебесі бұрынғыдан биіктей түседі дейсіз ғой…
– Әрине, заңға иек артып, одан көп үміт күту жөн емес. Ұстазды адам өз санасымен сыйлайтындай дәрежеге жетуі қажет. Оның киім киісі, жүріс-тұрысы ұстаз деген ұлы атқа сай болғаны да жөн. Мұнан соң ұстаз беделін отбасы-ошақ қасында қалыптастыра алсақ… Ата-ана балаларына ұстазды сыйлау, оны қадір тұтуды құлағына құйып отырса құба-құп. Үйдегі ата-ана баланың көзінше ұстазының беделін айрандай төгуге жол берсе, оны санасына сіңіріп өскен баланың ертең мұғалімге құрмет білдіретініне күмәнім бар. Бұл мәселелер заң баптарынан бұрын әрқайсысымыздың санамызда, көкейімізде орнығуы қажет. Ұстазға қатысты қоғамдық көзқарасты басқа арнаға бұратын кез жетті.
Педагогикалық оқу орнына басшы болып келген алғашқы күннен саладағы сан түрлі мәселемен бетпе-бет келдім. Ұстаздар жаны нәзік, өз мамандығын шексіз сүйетін жанкешті кәсіп иелері екеніне көзім жетті.
– Қазір аймақтық жоғары оқу орындарын бәсекелестікке қабілетті ету туралы да жиі сөз болып жүр. Елбасы өз Жолдауында университеттер мен институттардың кадр дайындаудағы әлеуетін арттыруда Назарбаев Университетінің тәжірибесін қолдануға шақырды. Елбасы тапсырмасының Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі орындалуы қай деңгейде?
– Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарына Назарбаев Университетінің тәжірибесін енгізу – заман талабы. Бұл университет дербес білім беру ұйымы ретінде әлемдегі жетекші оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен әріптестік байланыс орнатты. Жақында ғана Білім және ғылым министрі атанған Күләш Ноғатайқызы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы болып тұрғанда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне жұмыс сапарымен келіп, меморандумға қол қойды. Бұл құжатқа сай әріптес ретінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мамандарды бірлесе әзірлеуге көшеді.
Шынын айту керек, қазір мектептегі реформалар жоғары оқу орындарына қарағанда ілгерілеп кетті. Мектептерде қарқынды жүргізілген реформалар жаңартылған білім беру, оны бағалау, қажетті мамандардың біліктілігін арттыру мәселелерін қамтыды. Ал университеттерде бұл шаралар сәл де болса кенжелеп қалды. Күні ертең мектепте дәріс оқитын ұстаздарды тәрбиелеуші оқу орны ретінде бізге бұл реформаларды жүргізуші, бағыттаушы мәнге ие болатын кез келді.
– Өзіңізге белгілі, Елбасы Жарлығымен биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Университет – білім-ғылым, білікті маман атану жолында ізденісте жүрген мыңдаған жастың қарашаңырағы. Демек, Жастар жылына үн қосу, оның шарапатын сезінуден студенттер де шет қалмасы анық. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Жастар жылына жоспары қандай?
– Жастар жылы бізге үлкен серпін берді. Әрі студент жастардың Жастар жылынан күтері көп. Жастарға жалын берген жылдан Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті студенттерінің өмірінде көптеген жағымды жаңалық орын алғалы тұр. Ең әуелі «ТарМПУ жастары» деген орта қалыптастырып, оған креативті жастарды топтауды бастадық. Университет студенттері арасында өте білімді, ғылымға талапты, кәсіпкерлікпен айналысуға құштар, көшбасшы жастар көп. Бұл жастардың барлығы әлгінде айтылған «ТарМПУ жастарының» төңірегіне шоғырланып, өзінің қарым-қабілетін көрсететін болады. Одан соң өлкетану орталығы ашылды. Орталық өз жұмысында студенттік туризмді дамытуға ден қоюда. Жақында ғана орталықтың ұйытқы болуымен Тараз қаласында 4 шақырымдық марафон ұйымдастырылды. Марафонға қатысушылар Қарахан баба кесенесіне тәу етті. Тараздағы қасиетті, киелі жерлермен танысты. Одан соң облыс аумағындағы тарихи орындарға сапар шекті. Сәйкесінше, студенттік туризмнің картасы Жамбыл өңірімен шектелмейді. Біз республиканың барлық аймағындағы көрікті жерлерді аралау арқылы жастардың бойындағы ел мен жерге деген сүйіспеншілік сезімді оятуды мақсат етіп отырмыз.
Жастар жылы аясында университеттегі шығармашыл студенттердің өлеңдерінен, эсселерінен тұратын «Бастау» деп аталатын жинақ оқырманға жол тартты. Қазір бұл жинақ республикадағы басқа оқу орындарына да таралып жатыр.
Жалпы, Жастар жылы аясында жыл соңына дейін университетте 100-ден астам шара өткізу жоспарланып отыр.
Бірер күн бұрын біз университеттің «Студенттік президент» сайлауын өткіздік. Күндізгі бөлімде оқитын 4500 студенттің дауыс беруі нәтижесінде «Студенттік президент» атанған көшбасшы студентке университеттің басқару шешімдеріне қатысу, білім алушылар атынан бастама көтеру құқығы берілді.
Сонымен қатар республикада Елбасы бастамасымен жүзеге асырылған «100 жаңа есім» жобасының баламалы нұсқасын әзірлеп, университеттің «10 жаңа есімін» анықтауды қолға алмақшымыз. Сәйкесінше, студенттер сол үздік студенттерге қарап бой түзейтін болады.
– Әлгінде университеттің ғылым-білімге құштар жастардың мекені екені айтылды. Ал сіз басқаратын университеттегі студенттік ғылымның ахуалы қалай?
– Біздің университет кез келген оқу орнындағыдай тәрбие мен ғылым-білімді қатар алып жүреді. Ғылымсыз білім беруді жетілдіру өте қиын. Шындап келгенде ғылым адамның ішкі ұмтылысы, қоғамдағы, әлемдегі және табиғи құбылыстарды танып-білуге деген құштарлықтың белгісі. Сондықтан да біздің университетте студенттердің ғылыми қоғамы, жас ғалымдар кеңесі жұмыс жасайды. Студенттердің ғылыми қоғамына 200 жас мүшелікке өтіп, оның жұмысына белсене атсалысып жүр.
Ғылым ғылыми мақала жазумен немесе олимпиадалар мен жобалар сайысына қатысумен шектелмейді. Ол күнделікті өмірмен біте қайнасып жатуы керек. Сондықтан да университет студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын сұранысқа сай ету мақсатында кәсіпкерлік орталығы жұмыс жасайды.
Стартап-жобаларға қолдау білдіру мақсатында «Jas project» жобасы қолға алынды. Ғылым күніне орай дарынды студенттеріміздің халықаралық ғылыми байқаулардан топ жарып, үздіктер қатарынан көрінгенін де айта кеткеніміз жөн.
Шындығында, ғылымның негізі қайда жатыр? Ғылыммен айналысу үшін адамның бойында ғылымға деген махаббат болуы керек. Талпыныс болуы қажет. Тіпті ғалымға кейде өмірдің өзге құндылықтарынан бас тартуға тура келеді. Ол байлыққа емес, ғылымның түбінде жатқан шындыққа ден қойғаны жөн. Алайда көп талапты жас ғылымға бет бұра қоймайды. Өйткені мәселе әлеуметтік жағдайға, қаржылай қолдауға келіп тіреледі. Ғалымға бір ғана ғылыми жаңалық ашып, өзі көздеген шындыққа жетуі үшін 20-30 жылдық ғұмырын сарп етуіне тура келуі мүмкін. Сол себептен де бұл салаға көп адамның мойны жар бермейді. Сосын ғылымға қолын бір сілтеп, тұрмыстың қажеттілігіне бой ұрады. Меніңше, мықты маман болып қалыптасу жолында міндетті түрде ғылыммен айналысу керек.
–Елімізде бірер жыл бұрын ғылымды коммерцияландыру жайы айтылды. Білім-ғылым саласының өкілі ретінде осы үрдіске көзқарасыңыз қандай?
– Университет студенттері «Стартап болашақ – менің арманым» жобасына қатысты. Қазір олардың әлеуметтік-инновациялық жобалары тұтынушыларына жол тартуға әзір. Байқаудың үшінші кезеңін өткізу барысында Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті базалық оқу орны деп танылды. Байқауға қатысқан «Химия» мамандығының студенттері ағын суларды қайталап пайдалану жобасын ұсынды. «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған «Nurintech» инновациялық жобалар байқауына да біздің университеттен 5 жоба қатысты. Бізде ғылым мен өндіріс арасын жақындату мақсатында кәсіпкерлік орталығы, студенттік бизнес инкубатор жобалары да сәтті жүзеге асырылып келеді.
– Еңбек жолыңызда қарапайым оқытушылықтан бастап университет ректорына дейін көтерілдіңіз. Жетістікке жетуде жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген жастарға қарапайым оқытушыдан басшылыққа дейінгі көтерілуіңіздің сырымен бөліссеңіз…
– Рас, қазіргі жастар мейлінше жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейіл. Олар жетістікке жетудің негізі тынымсыз еңбекте жатқанын ескере бермейді. Бұл жолда еңбектің тәрбиемен қатар ұштасқаны да жөн. Мен қариялардың қолында тәрбиеленген адаммын. Бала кезімнен атам мен әжем біреудің ала жібін аттамауға, ортамды түзеп, жақсымен сыйласуға, араласуға үйретті. Университет бітіргеннен кейін де атам мен әжем мені ортаға алып, еңбек жолымды оқытушылықтан бастағанымды құп көрді. Әрине, экономика саласының маманы болғандықтан менде кейде банкке, өндіріс орындарына кетіп қалу туралы ой болды. Бірақ ата-әжемнің қалауы болған мамандықты ауыстыра алмадым.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат Күзекбаев

Бет қатталып жатқанда…

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің баспасөз қызметі оқу орнының өзіндік брендін қалыптастыру және заман талабына сай имиджін көтеру мақсатында жаңа логотипінің бекітілгенін хабарлады. Ендігі кезекте «ұстаздар ұстаханасының» логотипі «USTAZ ýnıversıtetI» деп таңбаланатын болады. Мұндағы әрбір әріп пен символдың, түстің өзіндік ерекшелігі бар.

 

ПІКІР