Мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады

0 14

Педагогтердің жалақысы 2025 жылға дейін тағы екі есе артады. Осы жоспарды жүзеге асыруға мемлекеттен 2 трлн теңге қаржы қарастырылған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

Ведомство басшысы өткен жұмадағы халық алдында есеп беру кездесуінде ең алдымен педагогтердің жалақысы мәселесіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Педагог мәртебесі» заңының шеңберінде педа­гог­тердің жалақысы артты. Аталған көрсеткіш 2025 жылға қарай тағы 2 есе көбейтіледі. Осы мақсатта алдағы 3 жылда қосымша тағы 2 трлн теңге қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек біз педагогикалық мамандықтарға ең үздік түлектерді тарту үшін болашақ педагогтердің стипендиясын 42 мың теңгеге көтердік. Осыған қоса талаптарды да күшейттік. Педагогикалық мамандықтарға оқуға түсу үшін талапкер ҰБТ немесе кешенді тестілеуде кемі 75 балл жинау керек. Былтырғы ҰБТ нәтижесі бойынша педагог болғысы келетін «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есеге артты», деді министр.

Болашақ педагогтерге арналған талап­тардың қатары жоғарыда аталған шекті балмен шектеліп қалмады. Биыл­дан бастап педагогикалық маман­дық­тарды оқып шыққан кәсіптік-тех­никалық немесе жоғары оқу орнының түлектері білім беру ұйымдарына жұ­мысқа тұрмас бұрын сертификаттау­дан өтеді. Олар әуелі өздерінің педагог болып жұмыс істей алатынын дәлел­деуі тиіс. Бұл сертификат білім беру саласында ешқандай еңбек өтілі жоқ түлектер мен мамандарға арналған.

Осыдан соң ведомство басшысы білім беру саласында атқарылған жұ­мыстар мен алдағы жоспарларға кезең-кезеңімен тоқталды.

Мектепке дейінгі білім беру. Елі­міз­де 2020 жылы 362 балабақша салынды. Оның 314-і – жекеменшік. Ал жалпы республика көлемінде 10 849 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 56 пайызы, яғни 6 069-ы – мемлекеттік. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98,7 пайызға жеткен. Бірақ әлі де мектепке дейінгі ұйым кезегінде тұрған балалар бар. Өйткені алдағы уақытта 1-3 жастағы сәбилерді балабақшамен толық қамту мәселесі шешілген жоқ. 1-6 жастағы балалардың 81,6 пайызы, 2-6 жастағы балалардың 77,2 пайызы мек­тепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етілген.

Орта білім беру. Министрдің баяндамасында келтірілген дерекке сүйенсек, былтыр 102 мемлекеттік, 56 жеке мектеп салынған. Жекеменшік-әріптестік негізде салынған жекеменшік орта білім беру ұйымдарына 53 мың орынға мемлекеттік тапсырыс бе­рілген. Жекеменшік-әріптестік жүйе­сін енгізгелі бері республика көле­мінде жеке мектептердің саны 2 есе арт­ты. 2021 жылы 200 мектеп салу жоспар­ланған.

Орта білім берудегі өзекті мәселе – оқулықтағы олқылықтар. Министрлік оқулықтар әзірлеу мен оны сараптамадан өткізудің жаңа жолын бекітті.

«Жаңа формат оқулықтардың сапасын арттыру мақсатында қолға алынды. Бұдан былай біз оқулықтарды емес, оқулықтар негізге алынып әзір­ленетін типтік оқыту жоспарлары мен бағ­дарламаларын да сараптамадан өткіземіз. Сонымен қатар оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қойылатын талаптар да өзгертілді. Басты рөл – оқулықты жазатын авторлар мен оны сараптамадан өткізетін сарапшыларда. Осыны ескеріп, оларды алдымен маңызды жұмысқа дайындап, оқытып, сертификаттаудан өткіземіз», деді ведомство басшысы.

Мектептерде «Дебат қозғалысы», «Оқуға құштар мектеп» жобалары қолға алынған. Жаңа жобалар негізінде балаларды кітап оқу мәдениетін, сондай-ақ өмірге қажетті өз ұстанымын жет­кізу және дәлелдеу дағдыларын қалып­тастыруды көздейді. Ал «Мың бала» олимпиадасы ауыл балаларын қолдауға бағытталған.

Мектептердің директорларын та­ғайындау мен мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібіне де өзгерістер енгі­зілді. Бұдан былай орта білім беру ошақ­тарының басшыларына арналған «ротация» жүйесі енгізілмек.

«Директорларды ротация институтынан өткізу өте маңызды. Әріптестер арасында түсінбеушілік, үрей де бар. Сондықтан бір нәрсенің басын ашып айту керек. Бір уақытта, 1 немесе 5 жылдың ішінде барлық мектеп басшыларын бір мектептен екіншісіне ауыстыру көзделмеген. Мұны кезең-кезеңімен енгіземіз. Бұл – кадр әлеуетін арттыруға қажетті құрал. Осыған қоса мұғалімдерді қызметке қабылдау тәртібі де өзгереді. Бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа алу директорлардың құзырында болса, енді бұл конкурстық негізде жүзеге асырылады», деді министр.

Биылғы маңызды жаңалық ретінде қосымша білім беруге де мемлекеттік тапсырыс қарастырылатынын атап өткен жөн. Енді қосымша білім берумен айналысатын жекеменшік ұйымдар мемлекеттік тапсырыспен оқыта алады.

Кәсіптік-техникалық білім беру. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Жас маман» жобасы аясында 2020 жылы 80 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. 2021 жылы бұл жұмыс тағы 100 колледжде жүргізілмек.

«Мұндай маңызды жоба тек ма­териалдық-техникалық бағытта жұ­мыс жүргізуге бағытталмаған. Біз осы жобаның шеңберінде кәсіптік-тех­никалық білім берудің бағдарламасын жаңарту міндеттерін де қолға аламыз. Аталған салада сапалы кадрлар даярлау үшін бағдарламалардың мазмұны бойын­ша жұмыстар атқарылып жатыр», деді А.Аймағамбетов.

Жоғары білім. Министрлік еліміз­дегі жоғары оқу орындарының акаде­мия­лық дербестігін дамытуды жал­ғастырады. Биыл алғаш рет жоғары оқу орындарына түсуге арнал­ған ҰБТ электронды форматта өтті. Студенттердің стипендия­сы артты. Студент­терді ын­та­ландыру жұ­мысы тағы жалғас­пақ. Министрдің мәлімдеуінше, бака­лавриаттардың қазіргі 26 186 теңге стипендиясы 2025 жылы 52 372 теңгеге; сәйкесінше магис­транттардың бүгінгі қолға алатын 66 913 теңге стипендиясы 117 098 теңгеге, док­торанттардыкі 150 мың теңгеден 262 мың теңгеге көтеріледі.

Студенттердің ғана емес, универси­теттердегі оқытушылардың да жалақы­сының жайы қарастырылған. Бұл мемле­кеттік білім беру грантының құнын арттыру есебінен жүзеге асырыл­ды. Бұрын бір гранттың құны 340-420 мың теңге болса, қазір 1 млн теңге. Соның нәти­жесінде мемлекеттік жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін про­фес­­сорлық-оқытушылық құрам өкіл­дерінің еңбекақысы 20 пайызға, ал ұлт­­тық университеттерде еңбек ететін оқы­ту­­шылардың жалақысы 28 пайызға артқан.

Ғылым. Ғылым саласында қолға алынған маңызды бастаманың бірі –ғалымдарға арналған тағылымдама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен енді 500 қа­зақстандық ғалым жыл сайын әлемдегі ең беделді ғылыми орталықтар мен инс­титуттарда тағылымдамадан өтеді. Осы бастаманы «Болашақ» халық­ара­лық бағдарламалар орталығы іске асырады және жас ғалымдарға (постдок­торанттарға) жыл сайын 1000 грант бөлінеді.

Ал отандық ғылымның 2020 жылғы ең үлкен жетістігі – Қазақстанды коро­на­вирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлеп, қолданысқа енгізген әлем­­­дегі 5 елдің қатарына қосқаны. Қа­зақ­стандық ғалымдар Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комите­тіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу инс­титутының базасында QazVac вакцинасын жасап шығарды.

Бұдан бөлек биыл алғаш рет 23 ғылыми ұйымды қажетті құралдармен жабдықтауға қаржы қарастырылды. Гранттық қаржыландырудың шағын және жеке гранттары, сондай-ақ ха­лықаралық коллаборацияға арнал­ған грант енгізілді. Гранттық қар­жыландыру есебінен елімізде 1 160 жоба іске асырылып жатыр.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.