"Шамшырақ" Сұхбат

«Мұғалімнің еңбегі сыйлықпен өлшенбейді»

Written by Aray2005

Барша білім нысандарында соңғы қоңырау соғылатын 25 мамыр – тек мектеп мұғалімдері мен оқушыларға ғана емес, өмір жолын ұстаздың алдынан бастаған бәріміз үшін де мереке. Бітіруші түлектердің еркелігін көтеріп, балалығын кешірген, бар білгенін үйреткен аяулы ұстаздарымен, алтын ұя – мектебімен қоштасар күн. Айтулы дата қарсаңында өңіріміздің білім саласындағы мәселелерді қозғап, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетовамен сұхбаттастық. Бүгінге дейін жүзеге асырылған істермен және алдағы жоспарларымен таныстық.

– Рахия Сейітбекқызы, барша мектептерде соңғы қоңыраудың соғылуына санаулы күндер қалды. Оқу жылын облысымыздың білім саласы қалай қорытындыламақшы?
– Облыс мектептерінде 222 мыңнан астам оқушы биылғы оқу жылын тәмамдағалы отыр. Олардың ішінде 8 796-сы мектеп бітірсе, 17 700 бала 9-сыныпты аяқтайды. Осы оқу жылы барысында 245 оқушымыз дүниежүзілік, халықаралық, республикалық пән олимпиадаларына, ғылыми жобалар жарысына қатысты. Соның 51 пайызы яғни, (28 алтын, 32 күміс, 64 қола медаль) 124-і жеңімпаз атанды. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардан 28 бала алдыңғы орындардан көрініп, топ жарды.
Ағымдағы жылғы республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Ең үздік олимпиада мектебі» атағына облыстық мамандандырылған ер балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-интернаты (10 жыл қатарынан), облыстық Айша бибі атындағы мамандандырылған қыз балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-интернаты, облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернаты, Тараз қаласындағы №40 гимназия, №45 гимназия және №32 орта мектеп ие болды. 103 оқушы халықаралық, республикалық шығармашылық байқаулары мен спорт жарыстарының жеңімпазы атанды.
– Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуге жамбыл­дық оқушылардың дайындығы қандай?
– Қазіргі уақытта 9-11-сыныптар қорытынды аттестацияға дайындалуда. Аттестат алу үшін тапсырылатын бұл емтихан 9-сыныптарда 27 мамыр мен 6 маусым, 11-сыныптарда 27 мамыр – 7 маусым аралығында өтеді. Бұл жылы 328 мектеп бітірушіміз «Алтын белгіге», 245-і «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге келсек, биыл айтарлықтай өзгешелік жоқ. Былтырғыдай форматта 2 блокта өтетін болады. Бұрын ҰБТ тапсыратын пунктке сынақ тапсырушыларды жергілікті атқарушы орган жеткізіп, тамақтандыру жағын ұйымдастыратын. Биыл ондай болмайды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі енгізген өзгерістерге сәйкес ҰБТ жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырылады, сондықтан ата-аналар балаларын өздері жеткізеді. Бұл жөнінде ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Биыл ҰБТ қаңтар айынан бастап 4 рет өткізілуде. Соның ішінде маусымдағы сынақ жоғары оқу орнына мемлекеттік грантпен түсу үшін тапсырылса, өзгесі ақылы негізде оқу үшін өткізілмек. Тағы бір айта кетерлік жайт, колледж бітірушілері кешенді тестті бөлек тапсырмай, сынақтан 11-сыныптармен бірге өтеді. Бұрынғыдай кешенді тестілеу деген болмайды. Мектеп, колледж бітірушілер және былтыр тестілеуден өте алмай, биыл тағы тапсыруға ниеттілер де сынақты бірге тапсырады. Бәріне бірдей тапсырма беріліп, бірге тапсырылатын бұл сынақ 20 маусым мен 5 шілде аралығында ұйымдастырылады. Бұл тек мемлекеттік гранттан үміттілерге арналған.
– Мектеп түлектерінің қоштасу кешін дүркіретпей мектепте өткізу және ата-аналардан ақша жинамау туралы пікіріңізді әлеуметтік желіге жарияладыңыз. Дегенмен қалың ел ішінде жасырын кештерді өткізу мүмкін ғой…
– Егер аттестатын алып, мектептен шыққан жасөспірімдер өз араларында басқосу кештерін ұйымдастырса, оған мектеп әкімшілігі, мұғалімдер жауап бермейді. Ондай кештердегі баланың қауіпсіздігіне ата-аналар жауапты. Әрине, енді балалардың амандығы үшін бәріміз де көз жұма қарай алмаймыз ғой. Қай жерде не өткелі жатқанын жергілікті полицияға хабарлап, қауіпсіздікті қамтуға барымызды саламыз.
Барлық мектепте 25 мамырда соңғы қоңырау күндіз, салтанатты түрде ұйымдас­тырылады. Ал аттестат тапсыру 12 маусым күні барлық мектепте бірдей өткізіледі. Қоғамда көп көтерілетін мәселе – мектеп бітірушілердің кешінде ысырапшылдық жасалатыны, дуамандатып тойлануы. Біз осыған тосқауыл қойсақ деген оймен мектеппен қоштасу кешін мектеп қабырғасында, күндіз өткізуді талап етудеміз. Бұл жөнінде білім басқармасының бұйрығы бар. Барлық мектептерге жіберілді, директорлары таныстырылды. Ата-аналар жиналысын өткізіп, оларға да түсіндіріп жатырмыз. Нұр-Сұлтан қаласындағы №36 мектептің бітірушілері кеш өткізуден бас тартып, сол туралы біздің облыстың түлектеріне үндеу тастады. Мектептеріміздің басым көпшілігі үндеуді қабыл алды. Кеш орнына қайырымдылық акцияларын ұйымдас­тыр­ғанды жөн көрген түлектер де кездесіп жатыр. Ата-аналар мен оқушылар осы үндеуді қабыл алып, қолдау көрсетсе екен дейміз. Егер балалар жасырын түрде кеш өткізетін болса, ата-аналар өздері сол жерден табылып, кезекшілік өткізгендері дұрыс. Ондай жерге мұғалімдер кезекшілік жасай алмайды.
Тағы бір баса айтқым келгені – мектеп, балабақшаларда бітірушілер мұғалімдеріне сыйлыққа деп, тағы басқаға деп ақша жинауды тоқтату да қатаң қадағалануда. Ол – заңсыз, тыйым салынған әрекет. Бұл туралы білім басқармасының бұйрығы бар. Барлық білім нысандарының басшылығына арнайы хат жіберіліп, таныстырылған. Мектептердің ақпараттық тақтайларына да ілінген. Ата-аналарға да айтып, түсіндіріп жатырмыз. Әрбір ұстаз, тәрбиеші өз еңбегі үшін айлығын алып отыр. Бітірушілер сыйлық беруге міндетті емес. Және мұғалімнің еңбегі сыйлықпен өлшенбейтінін ұғынсақ екен деймін. Сатып алғандай етіп сыйлық бергенше, ұстаздың орны әрдайым төрде екенін ізетті ісімізбен, құрметпен көрсетейік. Ата-аналар жиналып, мұғалімдерге сыйлық жасау деген бұрынғы қалыптасқан ұғымнан арылуымыз керек. Ал енді мектептің ағымдағы жөндеуіне деп ақша жинау немесе демеушілерді тарту ата-аналар тарапынан ұсынылса, ол қамқоршылық кеңесте қаралуы тиіс. Қазір әрбір мектепте қамқоршылық кеңес бар. Әрине, мектептің жөндеуіне де, сол секілді өзге де қажеттіліктеріне тиісті қаржы бөлінеді. Егер ағымдағы жөндеуге бөлінген қаражат жетпей, демеушілік жасалынатын болса, оған мектеп директоры, мұғалімдер қатыстырылмай, қамқоршылық кеңес өзі жинап, оның жұмсалуы туралы ата-аналарға әрбір тиынына дейін есеп беруі керек.
– Балалардың жазғы демалыста асыға күтетін қуанышының бірі – лагерь, бұл жұмыстар қалай жоспарлануда?
– Биылғы жылы жалпы 1-10-сыныптардың оқушыларын жазғы демалысты тиімді пайдалану және сауықтыру лагерьлерімен қамтуды жос­пар­лап отырмыз. Бірінші бағыт – мектеп ішіндегі және қала сыртындағы лагерьлерге 95,1 пайыз оқу­шы­ барады. Екінші бағыт – қосымша үйір­мелер­де ұйымдастыру шараларына 76,4 пайыз бала тар­тылады. Бұның ішінде туристік саяхаттар, 1 күн­дік экскурсиялар да бар. Облыс аумағында қала сыртындағы 10 лагерь жұмыс істейді. Төртеуі – мем­лекеттік, алтауы – жекеменшік. Қала сыр­тын­дағы лагерьлерге 8 046 балаға жолдама бөлін­ген. Бұл жұмыстарға 343 миллион теңге қаражат бө­лін­­ді. Биылғы бір ерекшелік, лагерьге жолдама беру автоматтандырылды.
Аталмыш жұмыстарға 343 миллион теңге қаражат бөлінді.
– Биыл облысымыздағы білім нысан­да­ры­ның жөндеу жұмыстарына қанша қаржы бөлініп отыр?
– Былтырғы жылдан өтпелі 5 нысан салынып жатыр. Олар Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбектегі, Меркінің Қазақ дихан ауылындағы, Шу қаласының Тоғай массивіндегі орын тапшылығы бар мектебі (республикалық бюджет есебінен), Байзақ ауданындағы үш ауысымды Ақшолақ мектебі және Жалпақсаздағы апатты мектеп. Бұлардың бәрі де келесі оқу жылы басталатын қыркүйекте пайдалануға беріледі. Бұдан басқа облысымызда биыл тағы 7 білім нысанының құрылысы басталады. Олардың біреуі – мектеп. Аталған осы 12 нысанның құрылысына 3,5 миллиард теңге бөлінген. Тағы мектептердің қазандықтарын құру, салу және қайта жаңғыртуға 384 миллион теңге, ал күрделі жөндеу жұмыс­та­ры­на 1 миллиард 500 мың теңге қаржы қарас­ты­рыл­ды.
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестікпен өңірде балабақшалар санының артқаны қуантады, бірақ олардың қызмет көрсету, білім мен тәрбие беру сапасы қалай бақыланады?
– Иә, жекеменшік балабақшалардың саны жылдан-жылға артып келеді. Оларға мемлекеттік тапсырыспен бала тәрбиелеу ісі сеніп беріліп отыр. Ашылған балабақшаға меңгерушіні тағайындау – құрылтайшысының, ал қызметкерлерді жұмысқа алу – меңгеру­ші­сінің құзырында. Біз мемлекеттік тап­сы­рыс берген кезде балабақшаға және тәр­бие­ші­леріне тиісті нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес талаптарды қоямыз. Жекеменшіктегілерге де мемлекеттік балабақшадағыдай талаптар қойылады. Жекеменшік балабақшаның жағдайын зерделеуге жылына бір-ақ рет кіруге құқымыз бар. Бірақ ата-аналар қоғамдық бақылау жасауға құқылы.
– Жұмысшы мамандықтарын оқытуға берілетін мемлекеттік тапсырыстың саны артқаны да қуанарлық жағдай. Дегенмен бітіруші жастардың жұмыспен қамтылуы қалай болмақ?
– Биыл еңбек нарығының сұранысына сәйкес, облыста 3 082 орын мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Бұлар мемлекеттік және мемлекеттік емес колледжерге берілуде.
Облыс әкімінің тапсырмасымен сол мемлекеттік тапсырыс берілген кезде колледж бен жұмыс берушілер арасында екіжақты меморандумдар жасалынды. Яғни оқуын тәмамдаған соң, мемлекеттік грантпен оқуға түскен балалардың жұмыспен қамтылатыны туралы келісімшарт бар. Бұл бойынша студенттердің жұмыс орындарына экскурсиялар ұйымдастырып, дуальді оқитындарын жұмысқа қалдыру секілді шаралар жыл бойы қолға алынады. Оқуды аяқтағандар арасында жұмысқа орналасқандығы туралы анықтама әкелгендер мен зейнетақы қорындағы мәлімет сәйкес келе бермейді. Себебі кейбір шаруа қожалықтар, мейрамхана, дәмхана секілді орындарда біздің түлектерімізбен еңбек шартын жасау қарастырылмаған. Міне, осының салдарынан зейнетақы қорына тиісті төлемдері түспейді. Түлектер өз құқықтарын білуі керек. Бұл үшін колледждерде түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет.
– Балаға бастапқы білім мен тәрбие ана тілінде берілсе, ұлтжанды ұрпақ өсіре алатынымыз бұрыннан айтылып келеді. Бірақ біз балабақшадан бастап үштілділікке тәрбиелейміз деп, бүлдіршіндерге салмақ салып жүрген жоқпыз ба?
– Балаға қай тілде білім беруді ата-ана таңдайды. Ал біздің балабақшаларда үш тіл міндетті түрде қатар оқытылмайды. Кейбір балабақшалар ата-аналарға қосымша қызмет түрі ретінде ұсынуда. Егер ата-ана үштілділікке ерте жастан оқытамын десе, әр сабақ үшін тиісті ақысын қосымша төлейді. Қуантарлығы сол – бізде жылдан-жылға мемлекеттік тілде оқитын балалар қатары көбейіп келеді.
Үш тілді меңгеруді Президентіміз де, министрлік те кезең-кезеңімен жүзеге асырылуын айтты. Оқушыларды ағылшын тілінде оқыту алдымен мектептің, мұғалімдердің дайындығына қарай жүзеге асады. Қазіргі балалардың ақпаратты қабылдау зейіні бұрынғыларға қарағанда өте жоғары. Бүгінгі балалар жаңашылдыққа бейім, айтылғанды тез қағып алады. Сондықтан балаға заманауи білім беріп өсірудің артықтығы жоқ деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР