Мұқағали мұрасы – мәңгілік мұнара

0 3

Қатпар-қатпар қарт тарихты құшағына басып жатқан қасиетті Отан-ана, туған жер, кіршіксіз мөп-мөлдір мөлтек сезімдер сарқырамасы, адамзат бойындағы ең асыл һәм ең асқақ қасиеттер, ардақты адамгершілік, қадірлі қарапайымдылық, парасатты патриотизм, ізгі іңкәрлік бәрі-бәрі мұзбалақ ақын Мұқағали жырларының өшпес өнегелі өзегі. Сайып келгенде қазақ ұлысын бұл күнде Мұқағалисыз, оның мәні мәңгі маржан жырларынсыз елестету мүмкін емес. Ақынның биылғы тоқсан жылдығына орай көзі тірісінде өзі жырлап кеткен кең даланың кез келген тұсында ілкімді іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі «Баласағұн» орталық концерт залында өтті.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты поэтикалық-сазды кешке ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қатысты. Ал сахнадан лириканың лебі ескен кеш ақынның:

«Мен – таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Тау деген Ана туған дара тұлғам…

…Тауға барып

Көкке ұшып кетсем бе екен,

Ұстап алып қыранның қанатынан» дейтін жалынды жырымен ашылды. Көпшілік экраннан ақынның шығармашылық қанатын қайраған Алатаудың шыңдарын асқақ жырмен астастыра тамашалады. Бұдан кейін «Әншілер» тобы «Құмған алған», «Атамекен» әндерін шарықтата шырқаса, «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді», «Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар» монологтары оқылғанда көпшілік толғаныспен тыңдады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында жүзеге асқалы жатқан кеште Рамазан Стамғазиев, «Қоңыр» тобы, актер Әсет Иманғалиев сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары және К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актерлары өнер көрсетті.

Поэтикалық-сазды кеш бағдарламасына сәйкес іс-шара барысында ақынның шығармашылығынан «Мен таулықпын», «Мен жолымды берейін, өт қарағым» өлеңдері мен «Есіңе мені алғайсың», «Әке», «Аңғал досым-ай», «Аңса, жаным», «Иіскейін» секілді ел жүрегінен ойып тұрып орын алған әндері шебер орындалып, ақынның махаббат туралы өлеңдер топтамасынан көпшілік назарына ұсынылған арнайы қойылым әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Шара барысында алтын қордағы ақынның өз даусымен оқылған өлеңдері де көңіл тебірентті.

Көпшіліктің сағынышын басқан сазды кеш ақынның сөзіне жазылған әйгілі «Есіңе мені алғайсың» әнімен қорытындыланды. Әдеби шараны қалың көпілік әлеуметтік желілерден тікелей эфир арқылы тамашалап, ақын шығармашылығын шыңына жеткізе шеберлікпен орындаған өнер иелеріне жоғары бағасын беріп жатты. Шара соңында Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлы және ақынның ұрпағы кешке жиналғандармен бірге «Алаш жырының ақиығы – мұзбалақ Мұқағали» тақырыбында көпшілік назарына ұсынылған көрмені тамашалады.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.