Sport

Мундиаль: Дүбірге толы доп додасы

«А» тобында Ресей, Сауд Арабиясы, Египет және Уругвай елдерінің футболшылары өнер көрсететіндіктен, алаң қожайындарына оңай болмайтын болып тұр. Себебі, бұл топта Луис Суарес, Эдинсон Кавани, Диего Ролан, Диего Годин сынды әлемнің үздік футболшылары өнер көрсететін Уругбай құрамасы басты фаворит. Одан бөлек, ағылшындық «Ливерпуль» командасының сұрмергені Мохаммед Салах доп тебетін Египетті де осал қарсылас дей алмаймыз. Сондай-ақ, осы әлем чемпионатына қыруар қаржы жұмсап, құрама сапын мықты ойыншылармен жасақтаған Сауд Арабиясы мемлекетінің де әлем чемпионы атанудан дәмесі зор. Сондықтан ресейліктерге тек сауатты ойын көрсету қажет. Алайда, Австриямен өткен соңғы жолдастық кездесуде ойсырай ұтылған Ресей құрамасы жанкүйерлерін қуанта алады деп айту қиын. Сол себепті «А» тобынан Уругвай мен Египет 1/8 финалдық ойындардың жолдамасына ие болады деген болжам жасауға болатын секілді.
«В» тобында Португалия, Испания, Марокко және Иран құрамалары бақ сынайтындықтан, мұнда тартыс Испания мен Португалия арасында болатыны айдан анық. Әлемнің «жұлдызды» футболшыларын клубтарына жинай білген испандықтар қай кезде де тактикалық ойынымен танылған ел. Ал, Португалияда «Реал Мадрид» клубының шабуылшысы, «Алтын доп» жүлдесінің бес дүркін иегері Криштиану Роналду ойнайды. Осы даңқты футболшымен Португалия соңғы Еуропа чемпионатында жеңіске жеткенін ескерсек, алда екі құрама арасындағы «жан алысып, жан беріскен» шайқас күтіп тұр. Ал, Марокко мен Иран топтық кезеңде топ жарады дегенге сену қиын. Рас, ирандықтар Сары құрлықта теңдессіз құрамалардың бірі саналады. Десе де, оларға Испания мен Португалияға төтеп беру мүмкін емес. Бірақ, доп – домалақ, кім білсін?
«С» тобында «сен тұр, мен атайын» дейтін құрамалар аз . Рас, бұл топта Франция – басты фаворит. Ал, Австралия, Перу, Данияның күші шамалас. Дегенмен, әлем чемпионатына 32 жылдан кейін оралып отырған перуліктер бұл аламанда бар шамасын көрсетеді деп сенеміз. Сондай-ақ, Дания да жолдама жолында аянып қалмас.
«D» тобында күш сынасатын Аргентина құрамасынан испандық «Барселона» клубының форварды Лионель Месси бір кетіп, бір келіп жүргендіктен, команда ойыны тұрақты деп айта алмаймыз. Ұлттық құрамадан 2016 жылы кетемін деп мәлім еткен Месси қайта оралғанымен, Аргентина әлем чемпионатына қатысу жолдамасын әрең жеңіп алды. Сондықтан, бұл топта шабуылы жойқын Хорватияның да мүмкіндігі бар. Ал, Исландия биыл бірінші мәрте Әлем чемпионатында бағын сынағалы тұрғандықтан, олар үшін топтық кезеңге өтудің өзі жеңіс екендігі даусыз. Нигерияның футболы біз айтпасақ та, жанкүйерлерге бесенеден белгілі. Сол себепті, мұнда негізгі тартыс Аргентина мен Хорватия арасында жүретін секілді.
«Е» тобында болса, ел аузында жүрген екі мықты бар. Топтан шығуға ғана емес, чемпиондық атаққа Бразилия мен Швейцария құрамалары үмітті. Десе де, төрттіктегі Коста-Рика да Америка құрлығындағы футбол алыптарының бірі саналады. Ал, Сербияға сенім арту қиын. Өйткені, мұндай мықтылардың арасында олардың өз ойынын жүргізе алуы екіталай. Сол себепті Бразилия, Швейцария, әлде Коста-Рика топтан шығады деп бәс тіге беруге болатындай.
«F» тобындағы қай құрамаға болмасын, «неміс машинасына» қарсы ойнау қиынға соғатыны белгілі. Соңғы Әлем чемпионатының жеңімпазы, Континенталь Кубогының иегері Германия ойыншылары дәл қазір ешкімге дес бермей тұр. Бразилияда өткен соңғы Әлем чемпионатының жартылай финалында алаң иелеріне жеті бірдей гол соғып, тас-талқан еткенін де жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Сондықтан, бұл топқа түскен Мексика, Швеция, Оңтүстік Кореяға ұпай жолында тер төгуге тура келеді. Алайда, бір таңғаларлығы «неміс машинасы» соңғы жолдастық кездесулерде сыр беріп жүр. Күні кеше ғана Австриямен күш сынасқан Германия әлем чемпионатынан тыс қалған ойыншылардан 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Бұл байрақты бәсеке алдындағы айла ма, әлде немістердің шын мәнінде осал тұсы білініп қалды ма, ол жағы белгісіз. Десе де, бір анығы – бұл топтың кездесулері тартысқа толы болғалы тұр.
«G» тобында жағдай бөлек. Мұнда Англия құрамасы топтық кезеңнен шығуға басты үміткер саналғанымен, Бельгия футболшылары жеңісті оңайлықпен бермейтіні сөзсіз. Сондай-ақ, Панама ойыншыларының да Ресей жерінен тек турист ретінде қайтуға ниетті емес екені белгілі. Бұл төрттікте Тунис футболшылары ғана топтан ары асып бара алмайтынын іштей сезіп отырғаны анық. Ал, қалған құрамалардың «өліспей беріспейтіні» даусыз.
«H» тобында Польша, Сенегал, Колумбия, Жапония күш сынасады. Іріктеу кезеңінде Польша құрамасының Қазақстанмен бір топта ойнағанын еске түсірсек, бұл команданы кез келген қарсыласты жайпап өтетін күшке ие дей алмаймыз. Өйткені, біздің жігіттер Роберт Левандовскийдей даңқты футболшысы бар польшалықтармен өз алаңымызда тең тарқасып, оған қоса қақпаларына екі бірдей гол соға алды. Сондықтан, Польша құрамасының топтан шығуы қиындау. Ал, Колумбияның жұлдызы байырдан жарық. Сондай-ақ, Сенегал мен Жапония да кейінгі кездері тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүр. Бұл командалар арасынан Колумбия топтан бірінші нөмірмен шығуы мүмкін.
Міне, біз бүгін Әлем чемпионатына деген өз болжамымызды жасадық.
Ал, букмекерлік кеңселер Бразилия (5 коф.), Германия (5.5 коф.), Испания (7 коф.) үштігіне басымдық беріп отыр. Таңғаларлығы, Англия мен Португалия әлем чемпионы атанады дегенге 20-25 коэффицент ұсынылуда. Ал, Ресей топ жарады дегенге букмекерлердің өздері сенбейтін сияқты. Өйткені, Ресейге беріліп отырған бәс – 40 коэффицентке теңелуде. Егер сіз тәуекелшіл болсаңыз, Панама құрамасына тігіп, 1000 коэффиценттен миллионер атануыңызға болады.
Алайда, «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, бәрі де басқаша болуы бек мүмкін. Десе де, мықтының аты қай кезде де мықты. Сол себепті, Ресей жеріндегі чемпионаттан көп сенсация күтпеуге болатын секілді. Топтардағы фавориттер де қолмен қойғандай өздеріне ыңғайлы құрамалармен қатар түскен. Тек, ойыншылар есте қалар әдемі футбол көрсетеді деп күтеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР