"Тарих. Таным. Тағылым."

Мұратбаев пен Бәрібаев. Қазақтың қос қайраткер ұлының ерлігі ұрпаққа өнеге

Written by Aray2005

Астана – парсы тілінде «тақ», «байтақ», «табалдырық» дегенді білдіреді екен. Сол Астанасын өз қолымен тұрғызуға, ұлты үшін ұмтылмайтын ел жоқ. Кәрі тарихта қазақ қазақ болғалы бірнеше қазақтың игі жақсылары өз Астаналарын салуды қолға алғысы келген. Бірақ көбінің жолы болған жоқ.

Айталық, Керей мен Жәнібек сұлтандар өз ұлысынан бөлініп, қазақ атты ел құрғанда Хан тауының солтүстігіндегі «Аяқ Ақтөбе» деген жерде биік төбе басында екі сұлтан «Осы маңға қазақ қаласын, астанасын салсақ» деген екен. Аңызда бірақ сала алған жоқ. Атақты Абылай хан да қазақтың басты қаласын сала алмағанына өкінгенін тарихтан білеміз…
Ал қазақ ұрпағы кеңестік империяның бодандығы тұсында, Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған кезінде 1920 жылдардың басында осынау ұлы арманның жолына өмірлерін арнаған 2 жас қазақ болған. Олардың бірі 1921-1924 жылдары өзбек, тәжік, түрік пен қазақ ұлт жастарын біріктірген Түркістан өлкелік комсомол орталық комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарған Ғани Мұратбаев болса, екіншісі – 1920 жылы Нарын уездік ревкомы төрағасынан 1921 жылы Жетісу облыстық партия комитетінің, бүгінгі Қырғыз Республикасы түгелімен құрамына кіретін аймақтың 1-хатшысына тағайындалып, 1927 жылғы өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған отызға жетпеген жас қазақ жігіті Жұбаныш Бәрібаев еді.
Ғани Мұратбаев өлкелік Комсомол комитетінің басшысы болып тұрғанда Жұбаныш қызмет барысымен Ташкентке ат басын бұрғанында ылғи жұбайы Тәшбүбіні бірге ерте келіп, Ғанидың үйінде болып, ел келешегі жайлы ұзақ әңгімелеседі екен. 1924 жылы Орта Азияда ұлт шекарасын ашу мәселесі талқыланып, Түркістанға қараған Сырдария мен Жетісу облыстары, Қырғыз елімен бірге губернияға айналып, Қазақстанға қосылды. Бұл конференцияда Ж.Бөрібаев Жетісу губерниялық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қала берді. Кейін қазақ автономиялы облысы құрылып, орталығы «Орынбор» қаласы болғанда, Ғани Мұратбаев пен Жұбаныш Бәрібаев – «Орынбор қалың қазақтың ортасы емес, қазақтың астанасы, қазақтың орталық аймағында, қазақ ұлты көп аймақта болса» деген ниетпен Жұбаныш арқылы ел ішінен сұраныс-хаттар Мәскеуге жөнелтіліпті. Шу бойындағы арабша сауаты мол Сатылған молданың інісі Мәтіш ақсақал байдың ұрпағы болғаны үшін 10 жылға сотталған. Жазасын өтеп келген Мәтіш атамыз:
– Жас кезімізде Жұбаныш Бәрібаев сол кездегі қоғам туралы көп әңгімелер айтатын. Қазақтың сол замандағы кейбір оқығандарының орыстан әйел алғанына Ғани екеуі түбегейлі қарсы болып, бұл келешек үшін қиянат деп жақтырмайтын. Және қазақ астанасы туралы Мәскеуге жіберілетін талай хатқа қазақ азаматтарына өзі қол қойдырғанын айтатын. Ақыры Орталық партия комитеті Мәскеуден қазақ АССР астанасын Орынбордан көшіру керектігіне шешім қабылдағанда, алғаш ҚазАССР астанасы Ташкент болсын деп белгілеген екен. 1924 жылы казатком сессиясы ел астанасын көшіру жайлы қаулысы орындалмай, тікелей Сталиннің араласуымен Қазақ АССР автономиясының астанасы Ақмешітке көшіріліп, кейін ол қала «Қызылорда» аталған. Ғани Мұратбаев қазақ АССР-ның астанасы Қызылорда болғанына қатты қуанып, Жұбаныш жұбайымен Ташкентке келгенінде дастарқан басында Жұбаныштың әйелі Тәшбүбіге «Біз енді Сырдың келесі бойынан өз қолымызбен жаңа астана тұрғызамыз» – деп шаттанған екен…
Десе де сол тұста Ғанидың ауыр науқас екендігі байқалатын. Ғани Жұбаныштан төрт жас кіші болатын. Жұбаныш Ғаниды соңғы рет 1924 жылдың аяғында Сухимиде емделіп жатқанда көреді. Ғани өте әлсіз болғандықтан зорға жүретін. Сонда да екеуі ел туралы, халық келешегі туралы көп әңгімелескен. Иә, сол 1924 жылдың басында В.И.Ленин қайтыс болып, бар билік И.В.Сталинге тиген соң, көп нәрсеге тосқауыл қойылып, И.В.Сталин қазақ жастарына оң қабақ көрсеткен жоқ. Ақыры сол жылдың аяғында Ғани Мұратбаев қайтыс болады да, Жұбаныш Бәрібаев жалғыз қалғандай сезінген екен.
Ол аз болғандай, 1925 жылы Сталиннің тікелей қолдауымен Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-секретары болып Филипп Голощекин келіп, Қызылордада қазақтың жаңа астанасын салмақ түгіл, Қазақстанның астанасын таза қазақи елді өлкеден жырақ, орыс кірмелері көп кезінде патшалық Ресей «Верный» деп бекініс жасаған Алматыға көшіру жайлы орталықта сөз қозғай бастайды. Бұл кезең Түркістан – Сібір теміржолын салуға Мәскеу бет бұрған жылдар еді. Осы бір Қазақстанға Мәскеудің лажсыз бет бұрған кезеңін ұлт мұқтажына көмек болар аталы іске бұру керек деп түсінген албырт жас Жетісу облыстық партия комитетінің 1-секретары Жұбаныш Бәрібаев СССР орталық комитетінің бірінші басшысы Иосиф Сталиннің қабылдауына кіреді. Кремль Лениннің тірі кезінде аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүрген қазақ жастары Ғани Мұратбаев пен Жұбаныш Бәрібаевқа жақсы құрметпен қарайтын. Сол «дәстүрмен» Сталин де алғаш Жұбанышты жылышыраймен қабылдағанымен, Жетісу облысы, ондағы малдың саны, байлар жайлы көп деректер білгісі келген ниетпен көмескі, күдікті көп сұрақтар қоя бастайды. Лениннің кезіндей емес, қазақ халқына деген өзгеше пікірінен Сталинді жек көре бастаған Жұбаныш шыдамы таусылғандай асығыс «Жолдас Сталин, мен дәл бүгін аса қажет, қазақ халқы сұраныс жасап отырған күрделі мәселемен келіп тұрмын», деп өзіне сұрлана қадала қараған Кремль қожасы Сталиннің алдындағы үстел үстіне көптеген жұмысшылар, пролетарлар қол қойған 5 парақ сұраныс хатты қояды. Онда Верныйдың Қазақ АССР астанасы бола алмайтынын, біріншіден, Верныйдың тарихи атауы бар, екіншіден, Верный – Алматы қазақстандағы жұмысшылардың дендерін сауықтырар курорт аймағы, егер Астана жасап, фабрика зауыттар салынса, Алматы – Верный аймағы ластанып, келер ұрпақтың қажетіне жарамай ең лас қалаға айналып, келешек тарих алдында бұл шешімнің қате болатындығы, жұрт наразылығын туғызатындығы айтылған болатын… Және бұл тығырықтан шығар бір ғана жол – ол Верный – Алматы қаласынан аулақ Іле мен Күрті өзенінің құйылысар тұсындағы тегіске «Қазақстан» атты жаңа астана салуға болатындығы айтылған еді…
Сталин хатты мұрты едірейе, көздері шарасынан шыға жаздап, оң қол жұдырығы сәл түйіле, демін ішіне тарта оқып шығып, Жұбанышқа қадала қарап: Мұны бұл орталықта сенен басқа кім біледі? Әлде өздеріңнің, жастардың ой-қиялы ма? Сенің Мұратбаевың да бұрын бірдеңелерді айтқан, – деп басын шайқап, қалшия отырып қалған. Сонда ғана өзінің Ғанимен байланыс ойын бұлардың да бұрыннан аңдып, біліп жүргеніне ызаланғандай Жұбаныш жуандау дауыспен, Сталинге бажырая қарап: – Жолдас Сталин, – дей беріп еді,
– Тоқтат, – деген Сталин екі қолын көтере орнынан асықпай тұрып, «қор-қор» темекісін үнсіз тәкаппарлана тұтатып, құшырлана сорып Жұбанышқа:
– Астана – Қазақстан астанасын салу ойыңа қайдан келді?! Сендердің аймақты біз қырғыз-қазақ елі дейміз, сонда қырғыздар қайда қалады? Бұрын сендерде астана деген болған ба? – деді.
–Жолдас Сталин, – деді Жұбаныш. – Сіз де білерсіз деп ойлаймын, көп оқығансыз ғой. Түркештер билеген Түркеш қағанаты тұсында олардың екі астанасы болған. Бірі– Қырғыз жеріндегі Суяб қаласы, екіншісі – Талас бойындағы Тараз қаласы. Қазір бұл аймақ екі бөлек, біріншісі Қырғыз, екіншісі Қазақ деген бөлек-бөлек ел болады. Демек, екеуіне де екі астана қажет.
– Білем-білем, – деді Сталин үстелінің бұрышына жинап қойған бірнеше қалың кітаптарды көрсетіп, «Міне, мынау кешегі Володияның, Лениннің көз алмай оқитын кітаптары. Енді мен оқып жатырмын. Сен айтқандардың бәрі бар», Сталин орнынан тұрып, Жұбанышқа төне қарап, Орыс патшалығы «бала салығы» деп сендерді бекер оқытқан, – деп түрі бұзылып кетті.
Жұбаныш бір сәт түс көргендей аң-таң қалды. Шындығында, жас күнінде өзі алғаш оқуға Мойынқұм болысының «бала салығын» салу арқылы әке-шешесі лажсыз жіберген еді. «Біздің өмір тарихымызды бұлар да зерттеп жүрген екен ғой» деген ойда Жұбаныш үндемей қалғанда Сталин тағы да зор дауыспен:
– Верный қасиетті орыс халқының әулеті салған бекініс, сондықтан сендерге, қазақтарға ұнамайды, ә! Қазақтар өз қолымен тұрғызған, шын қазақ астанасы керек сендерге!.. Отыр, – деді Сталин ұзын үстелдің қарама-қарсысындағы орындықты нұсқап. Жұбаныш Сталинге жақын отыра беріп, аузына қайдан түскенін:
– Жолдас Сталин, біз ешкімнің тарихи атын тартып алғалы тұрған жоқпыз ғой, – деген.
– Болды… Түсінікті… Барибаев, – деді Сталин үлкен үстелдің шетін жұдырығымен бір қойып. «Сен Волгаград неге Сталинград» аталды? – деп тұрсың. Совет үкіметін орнатқандардың бәріне қала аттары беріледі,– деп Сталин «енді сөз таптым-ау» дегендей сәл сабасына түсіп, үлкен орындыққа жайғаса отырды. Дәл осы тыныштықты пайдаланғысы келген Жұбаныш орнынан жаймен қайта тұрып, аз-кем бойын жинап, ой қорытып:
– Жолдас Сталин, рұқсат етіңіз, тағы бірауыз сөз, – деген.
– Айт, – деді Сталин Жұбанышқа тесіле қарап « тағы енді несін айтады?» – дегендей.
– Азамат соғысынан қазақ халқы шаршады, әбден қажыды. Байлар бар байлығын шетелге асырып, жасырын қашып жатыр. Жұмыс жасап, қоғамға қуат беріп жатқандар кедей жұмысшылар. Қазақстанның оңтүстігі шөлді аймақ. Сіздің басқаруыңыздағы ел ертең өседі, көркейеді, көбейеді. Сонда оңтүстіктегі шаруа халықтың бірден-бір сауықтыру орнын ашып, жылына 1 ай демалатын жеріне зауыт, фабрикалар салып, Алматы – Верный аймағын денсаулыққа зиян тигізетіндей ластап тастасақ, пролетарь халықтың келешек ұрпағы бізге ертең не айтады және жеріміз кең ғой, «Қазақ», «Қазақстан» деп жаңа астана тұрғызып жатқанымызды көрсе, шетелге кеткен байлардың қайта оралып, қол ұшын беретіндері де табылатын сияқты, – деді Сталинге көз алмай қатулана қарап. Бұл кезде Сталин екінші темекісін тұтатып жатқан. Жұбаныштың соңғы қатулана нық айтқан «Қазақ» «Қазақстан» деген сөздерін естігенде, селк еткендей бір қимыл пайда болып, қарсы алдында өзіне қадала, салқынқандылықпен сұстана көз алмай қарап тұрған ашаң жүзді, аққұба, қыр мұрынды, талдырмаш қазақ жігітіне айтарға сөз таппағандай ол да сабырлық сақтап, жұмсақ креслоға нығарлана отырып, тағы ұзақ ойланып, сәлден кейін енді сөз таластырғысы келмегендей кекесін кескін танытып:
– Жолдас Барибаев, салам десең сал Астанаңды. Қазақ па? Қазақстан ба? Ертең шешім шығады. Көреміз, – деген. Сталиннің кабинетінен шыққан соң, Кремльдің сыртқы дәлізінде Жұбаныш Лениннің жұбайы Надежда Крупскаяны кездестіреді. Жетісу пионерлері жұмысымен жас қазақ басшысымен көп әңгімелесетін Лениннің жұбайы Жұбанышқа жылы қабақ танытып, біраз әңгімеге қанықты.
– Түрің солғын, бұларға сене берме, өз бетіңше емделсеңші. «Көшпенділерде мұндай ауруды жазатын, өз даласында өсетін шөп тамыры бар» дейтін Володия… Голощекиннен сақ бол, – деп ауыр күрсінген егде жастағы әйел… Жүзінде бүгінгі Кремль басшыларына деген реніш анық байқалған еді… Жұбаныш Бәрібаев Москвадан Қазақстан астанасын салуға И.Сталиннен рұқсат алып, ұзақ жол жүрсе де қуанышы қойнына сыймай, үйіне келгенде жұбайы жылап қарсы алды.
– Не болды? – деген Жұбаныш үрейлене қарап.
– Қалада «Бәрібаев енді елге оралмайды, Сталинге қарсы шығыпты» деген өсектер тарады… Бірнеше рет үйдің қасынан әскери киім киініп, күзетіп жүргендерді көрдім, – деген.
– Қорықпа! Бұл сақалдының ісі сияқты. Голощекинді айтам. Басқа ешкім де емес, қызғанып жүр, – деп Жұбаныш күлген болды… Бірақ көкейінде Голощекиннің өзін қолдамайтынын анық сезіп жүрсе де, аса мән бермеген еді. Ақыры Іле өзені мен Күрті өзені құйылысар тұсына «Қазақстан» атты жаңа қазақ астанасын салуға алғашқы қазығы қағылып, кірпіш тиелген түйе керуендері келіп, Астана салу жұмыстары жанданғанымен Бәрібаев пен Голощекин арасында ашық «айқас» басталған. Голощекин бірнеше рет Жұбаныш Бәрібаевті қызметінен босату жайлы Сталинге ұсыныс енгізген. Бірақ ісі ақ Бәрібаевті Сталиннің төңірегіндегілердің өзі-ақ қорғап қалған. Жұбаныш астана салу аймағына бірнеше үй тұрғызылып, теміржол төсеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан шақта денсаулығы төмендей берген соң, Крупская айтқан Шу бойы құмында өсетін шөп тамырын іздеуге Шудағы нағашыларына, ондағы ағайындарына сәлем айтыпты… Сол құмдағы Жұбаныштың ағайындары «Кеуде» ауруына ем «Сырттан» деген шөптің тамырын, қысыр емген тай, қарақұйрық еті, тары, ас-ауқатпен Жұбаныш Бәрібаевты Іленің бойына іздеп барғандардың ішінде менің әкем Тілеужан да болған екен. Осы жай туралы әкем айтатын.
«Сол 1926 жылдың күзі болуы керек, Шу өзенінің батысындағы терең құмнан әкеміздің әкесі Сатылған бастаған 8 жорға атпен 8 адам сәлем-сауқат артқан жүрдек ақ аруана түйені жетектеп, Мойынқұмдағы Хан-тауын басып өтіп, орталарында тәуіп кісі бар түнделете жүріп, келер күні түсте Іле өзенімен Күрті өзенінің құяр маңына жетеді. Сол тұста «Қазақстан» атты қала тұрғызып, қазақ елі астанасын салып жатқан, өзі сол аймақта денсаулығына байланысты ақ боз үйлер тіккізіп, бие саудырып, қымыз ішіп, дертіне шипа іздеп емделіп жатқан Жұбаныш Бәрібаевтың киіз үйлерінің қасына жақындағанда, алдымыздан бірнеше салт аттылар шығып, жөн сұрап, Жұбаныш қоныстанған үлкен ақ боз үйге ертіп барды», деп әкем әңгімесін әрі қарай сабақтады, – Әкем Сатылғанды жақсы сыйлайтын болуы керек, үстіне әскери күртеше жамылған Жұбаныш аға өзі шығып құшақтап, көрісіп, үйге кіргізді. Есік алдында ұзын бойлы Меңлі Ахмет деген қарасұр кісі бізді қарсы алып, ішкі бөлмеге өткізді. Кермеде бірнеше құлын байлаулы тұр екен. Үлкен үйге әкем, мен, тәуіп кісі үшеуміз кірдік. Амандық-саулық айтып, шөл басқан соң тәуіп кісі Жұбаныш ағаның тамырын ұстап, әкелген тамыр дәрісін үгітіп, емдеу жұмысына кірісті… Сол ауылда біз 5 күн жаттық. Күнде таңертең үйден аулақтау төбешіктің басына барып, әкем мен Жұбаныш аға әңгіме құрады. Мен әкемнің қасынан қалмаймын, әңгімелерін зейін қоя тыңдаймын. Жұбаныш аға аққұба, қыр мұрынды, талдырмаш, өте арық кісі екен. Маған Жұбаныш аға «Сен келер жылы оқуға кел, үлкен қалаға жіберемін», деді. Мен қуанып қалдым. Сол күндердің бірінде Жұбаныш аға әкейге:
– Лениннің өлгені бізге дұрыс болмады-ау. Ол кісі жұмсақ, әңгімеңді аяғына дейін асықпай тыңдап, үнемі Сталиннің сөзін түзетіп отыратын… «Әр ұлттың өз көсемі болуы тиіс» дегенді көп айтушы еді. Мынадан ондай сөз шықпайды… Голощекинді де бізге әдейі жіберген сияқты. Голощекин қазір қасына еврейлерді жинап жатыр…Не боларын кім білсін? Кіші революция жасаймыз дейді, сол үшін сақалдымен бірнеше рет сөзге келдік. Қайтпайды. Сталиннен күш алып отыр… Ал біз сол революциядан қашып, шет кеткен ағайындарды қайтара алмай жатырмыз… Сталин Крупскаямен де сөзге келіп жүр екен… Мұның бәрі жақсы емес. Денсаулық мынау, түзелмей жатыр. 2-3 жыл қадағаласам «Қазақстан» атты астанамыздың көп тірлігін бітіріп қалар едік. Түркістан-Сібір теміржолының бір тармағын осы жермен өткізуге күш салып жатырмын», деп Сталиннен Астана салуға рұқсат сұраған әңгімелерін (жоғарыда мен баяндаған) тебірене отырып, Ғани Мұратбаевтың қаза болғанына қатты өкінетінін айтқан еді. Және ол кісі ауыр күрсініп, «Сарыбәйбіше анамыз «Жаратқаннан басыңа бақ, бауырыңа бала сұрама, Құдайдан бірінші бірлік сұра», деп жөн айтқан екен. Қазақ ағайындардың, біртуғандардың да ішінде бірлік болмай, сорымыз болып тұр ғой. Оқыды, білім алды дегендердің біразы өзге ұлттан әйел алғылары бар. Сонда мұның аяғы не болады? Қазір біз Қытайға кеткен бауырларымызды қайтара алмай қиын болып жатыр», деп күрсінген еді.
Не болғанын білмеймін, бесінші күні түнде әкем мені асығыс оятып, түн ішінде жүріп кеттік. Қайтар жолда Жұбаныш ағамен қоштаспай да кеткенімді әкеме өкініш қып айтып едім. Ол кісі бетіме қарамай, «үндеме» дегендей басын шайқады. Кейін білдік. Сол күндері Голощекин Жұбаныш ағаға сыртынан тыңшылар жіберіпті. Зияны тиер ме деп, бізді түн ішінде қайтарғаны да сол екен. Онан кейін арадағы байланыс үзілді. Бір жылдан кейін, 1927 жылдың көктемінде Жұбаныш аға Ғани Мұратбаевтан екі жылдан кейін қайтыс болды. Тірісінде қазақтың келешегіне қаһармандық көрсетіп, ешкім жолын кесе алмаған Жұбанаш Бәрібаев қайтыс болған соң, Голощекин өзін жақтаушыларға Сталин атына арыз жаздырып, жаңа басталған «Қазақстан» атты қаланың құрылысын тоқтатып тастап, «Кіші қазан» төңкерісін бастаған. Қазақстанға қазақ зиялыларын жаппай қудалау, ашаршылық, міне, сол кезден басталған екен».
Қазір сол қазақтың қайсар жастары Жұбаныш Бәрібаев пен Ғани Мұратбаевтың идеяларынан туған Іле өзені мен Күрті өзендерінің қиылысындағы бір кездері тұрғызыла бастаған Қазақ Астанасының орнында бүгінде Қазақстан деген ауыл, сол ескі Астана құрылысының орындары әлі жатыр…
Иә, биыл Жастар жылы ғой. Көп айтыла бермейтін еңбектері күні бүгінге дейін халыққа танылмаған небәрі 30-ға жетпеген жас шақтарында басын бәйгеге тігіп, қазағына қуат берген Жұбаныш Бәрібаев пен Ғани Мұратбаев сияқты жалынды жастардың қаһармандық ерлігін рухани қайта жаңғыруда жаңаша көзқараспен халыққа өз дәрежесінде таныту керек деп ойлаймын.
Ғани Мұратбаев Мәскеудегі «Вогонькова» зиратына жерленген. 1970 жылдардың ортасында Мәскеуде оқитын қазақ студенттері жерлестік ұйым арқылы қаржы жинап, қабірінің басына құлпытас орнатты. Ал Жұбаныш Бәрібаев Алматыдағы бұрынғы бауырластар зираты, қазіргі Панфилов паркінің аумағына жерленген екен. Қабірдің орны жоқ, бірақ саябақтың қақпа аузына таяу тасқа бірнеше фамилия жазылыпты…
Комсомол қайраткері, қазақ халқының адал ұлы Ғани Мұратбаев түркі жастарын біріктіріп, басшылық жасаған. Құдайға шүкір, ардақты тұлғаның атында көше, мекеме, нысандар бар. Ал Жұбаныш Бәрібаев туралы мұндай есте қалдыру іс-шаралары бүгінде жоқтың қасы десе де болады.
Иә, кейбір архив құжаттарымен Жұбаныш Бәрібаев туралы еңбектерге қарасаңыз, қырғыз халқының еліне ашаршылық болып келген нәубетке көп ұшырап, қазақ халқындай қырылып қалмауына Жұбаныш Бәрібаевтың Нарынның уездік ревкомының төрағасы, Қырғыз елі құрамына кірген Жетісу облысын басқарып тұрғандағы келешекті ойлаған қаһармандық зор еңбегінің тікелей көмегі болғаны хақ. Мұны қырғыз тарихын зерттеушілер де теріс дей алмас және ұмытуға да хақылары жоқ.
Ендеше, 27 жасында қыршын кеткен қазақтың қайсар ұлы – қырғыз-қазаққа ортақ тұлға Жұбаныш Бәрібаевтың атын бүгінгі күні тәуелсіздік алған қырғыз ағайындар да екі ел достығына сай ардақтап, лайықты есте қалдыру шараларын қабылдаған жөн болар еді.

Мақаланы дайындау барысында Р.Байжарасовтың «Жұбаныш Бәрібаев» (Алматы, 1958 жыл) кітабында, «Кедей еркі» (1922), «Тілші» (1924), «Жетісу правдасы». (1923 жыл), «Голос семиречье» (1959 жыл) газеттерінде жарияланған Алматы облыстық архивінде сақталған деректер пайдаланылды.

Жапар Сатылғанов,
этнограф-құсбегі, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы 

ПІКІР