"Көңілашар" Мәдениет

Мұзбалақ ақын мәңгі жұрт жадында

Written by Aray2005

Қазақтың қара өлеңін құдіретім деп жырлаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 88 жыл толып отыр. Ақын тірлігінде халқының ақ батасын арқалап, поэзия өнеріне өлшеусіз үлес қосқанымен, атақ-даңққа бөленбеді. Алайда мұзбалақ ақын мұқым жұрттың жүрегінде мәңгіге қалып қойды. Соның бір айғағын М.Мақатаевтың туған күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде жер-жерде мүшәйралар мен әдеби кештердің өткізілуінен аңғарасыз. Ал біздің өлкедегі ақынды еске алуға арналған биылғы шаралардың мәні мен маңызы тіптен бөлек. Әулиеатаның төрінде жоғары деңгейде өткен «Есіңе мені алғайсың…» атты ауқымды әдеби-сазды кеш осы сөзіміздің даусыз дәлелі. Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен шырайлы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жыр жүйріктері мен жүрегі поэзия деп соққан зиялы қауым өкілдері де қатысты.

Айта кету керек, бұл күні кең залда ине шаншар орын болмады. Бұл да ақынның өнеріне, өшпейтін өлеңіне деген халықтың риясыз сүйіспеншілігі һәм сағынышы болса керек.
Әдеби кештің әрін кіргізетін, әрине, ақынның өз шығармашылығы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының талантты жастарынан құралған шығармашылық топ ақын өлеңдерінен әзірлеген жан тебіренткен композициямен кештің шымылдығын түрді.

Бұдан кейін шараны белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сариннің өзі тізгіндеді. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ақынның өнері мен шығармашылығы турасында келелі ойларын ортаға салды. Жыр мерекесіне арнайы келген ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдароваға қазақы жоралғы бойынша сый-сияпат көрсетті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан қара өлеңді кие тұтып, қазақтың сүйікті перзентіне айналған Мұқағали ақынның шығармашылығына ерекше тоқталды. Терең толғаныспен сүбелі естеліктерін айтқан ақын рухани мән мен мазмұнға толы кештің ашылуымен құттықтады.
– Топырағына құт дарыған, тарихы тереңнен тамыр тартқан киелі Әулиеата жерінің тұрғындарымен қауышқаныма қуаныштымын. Өскелең ұрпаққа өшпес мол мұра қалдырып, сара жол салып кеткен Мұқағалидың рухын аспандатып, осы өлкеде үлкен шара өткізу бүкіл Алашқа үлгі боларлық игі бастама. Ақынның өзі айтқандай, ол расында ХХІ ғасырдың құрдасы бола білді. Дүбірлі тойдың 2000 жылдан аса тарихы бар Таразда өтіп жатқандығы барлығымызды тебірентті, – деді Б.Беделхан.
Поэзияның әлемінде ойып тұрып орын алған ақын жайында белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутаев «Әр аймақ өз топырағынан түлеп ұшқан ақындарымен, батырларымен мақтанады. Жастар Абай да, Жамбыл да, Махамбет те, Қасым да біздікі екенін біліп жүруі тиіс. Бұл тұлғалардың барлығы қазақты келер ұрпақ алдында рухтандырып, бір жұдырықта жиып ұстайтын есімдер» десе, ақын Қайырбек Асанов та мұзбалақ ақынның отты жырлары, оның кісілік келбеті мен өршіл мінезі туралы толғаныстарымен бөлісті.
Бұдан кейін поэзия перзентінің ізбасар іні-қарындастарының атынан Нұржан Қадірәлі мен Марал Хантөре ақын рухына жалынды жырларын арнаса, мектеп оқушылары арасындағы бірнеше көркемсөз оқу байқауының жеңімпаздары Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрерменнің ықыласына кенелді. Сонымен қатар Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері де ақынның сөзіне жазылған «Сарыала қаз…», «Сарыжайлау», «Ұнатамын мен сені» сынды әсем де әуезді әндерді шырқады. Шара барысында Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов, Рүстем Қайыртайұлы сынды айтыс өнерінің бүгінгі жүйріктері де жырдан шашу шашып, жиылған жұртшылықты бір желпіндіріп тастады.
Кеш соңында М.Мақатаевтың перзенті Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова әкенің әруағын еске ала отырып, бірқатар атпал азаматтардың басын біріктірген ұйымдастырушылар тарапына, жалпы Жамбыл жұртшылығына алғыс айтып, ақжарма тілектерін жеткізді. Содан кейін ұлтымыздың сарқылмас қазынасы сөз өнеріне өзіндік үлес қосып, ардың ісі әдебиеттің жолында ерен еңбек етіп жүрген, ақындар Қайырбек Асанов, Қалқаман Саринге осы кештің өтуіне тікелей мұрындық болған облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалиге, әріптесіміз, облыстық «ARAI» жастар газетінің «Мәдениет» бөлімінің редакторы Нұржан Қадірәліге «Мұқағали атындағы халықаралық қор» атынан арнайы медаль тақты.

Иә, таулар алыстаған сайын биіктей түседі. Ақын өзі жырлағандай асқақ та тәкәппар, биік те пәк Таулық перзент еді. Ал қыран құс таудың ең биік, құзар шыңына ұя салады. Мұқағали Мақатаев – өзі жырға қосқан қазақтың қара өлеңіндегі ең биік шыңы Хан-Тәңірінде «Мұзбалақ» ақын болып мәңгіге қалып қойды.

Елдар Боранбек

ПІКІР