Музей қызметкерлері майдангер Мәди Мәмековтың туыстарымен кездесті

0 44

Дара тұлға, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында облыстық «Даңқ залында» – «Ерлік ұмытылмайды» атты тақырыпта майдангер Мәди Мәмековтың туыстарымен кездесу өткізілді.
Өткен жылдың аяғында жамбылдық жастар «Марс операциясы 2009-2010» жобасы аясында, «Даңқ залына» соғыс даласынан әкелген тарихи жәдігерлерді, тарихи құндылықтарды (жауынгерлік каска, күрек, оқ гильзаларын) тапсырған болатын.
Ата-бабаға тағзым етіп, бейбіт өмір сыйлаған, соғыс алаңында ерлікпен қаза тапқан, қаралы соғыстың куәгері болған Мәди Мамековты еске алып, Мадиевтер әулеті келді. Соғыста қаза болған әр қазақстандық жауынгер үшін «Даңқ залында» бір минуттық үнсіздік жарияланды.
«Өткеніңді ұмытсаң, болашағыңнан не пайда» деген алғы сөзімен «Даңқ залы» бөлім меңгерушісі Сайлаубек Лесбаев ағамыз жиынның алғы сөзін бастады. Кеңес үкіметі кезіңдегі аса құпия болған «Марс» операциясына Мәди Мамеков атамыз қатысып, сонымен қатар 39-шы Калинин майданының құрамында 100-і және 101-і қазақ ұлттық атқыштар бригадасына мүшелік еткені сөз болды. Тарихи жәдігерлердің «Даңқ залында» төрден орын алып тұрғаны, бұл жерге жауынгерлердің туыстары, студенттер, оқушылардың жиі келетіні сөз болды.
Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қаралы, әрі халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының бірлігінің дәлелі ретіндегі тарихи айғақ екеніне көзіміз жетті.
Осындай игі бастаманың ұйытқысы, тарихи құндылықтарды жинап, музейге өткізіп, жақындардың, туған-туыстың басын қосып, жауынгерлерге құрмет, өнеге көрсетіп жүрген Арзымбетова Алия осы құндылықтарды ұзақ уақыт жинап, музейге өткізгенін айтты.
Мадиевтер әулеті жастарға осындай үлкен жұмыс жасағандары үшін алғыс білдірді.
Ұрпаққа ізгі мұрағат болып қалатын іс-шараның қоғамға берері мол.

Інжу-Маржан Мадиева,
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.