Жамбыл жаңалықтары

Мың бояулы мурал

Written by Aray2005

Тотыдай түрленген Тараз шаһарының орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің сыртқы қасбеті өзгеше кейіпке енгелі көп бола қойған жоқ. Әсіресе кей ғимараттардың сыртына тараздықтар үшін таңсық муралдың салынуын қаланың ажарын ашу жолындағы ұтқыр шешім болғанын ешкім жоққа шығара қоймас.

Аз ғана уақыттың ішінде қала тұрғындары мен қонақтары тарапынан оң бағасын алып үлгерген сәулеттік жобаны «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.
– Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тараз қаласындағы Төле би, Абай, Жамбыл, Тәуке хан даңғылдарының бойындағы 41 тұрғын үйдің сыртына әрлеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Кейіннен мұндағы 6 үйдің сыртқы қасбеті әрлеуді қажет етпейтіні белгілі болды.
Бүгінде 18 тұрғын үйде әрлеу жұмыстары аяқталды. Жоба толығымен облыс орталығындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарына жауапты мердігер компаниялардың демеушілігімен іске асып жатыр, – дейді «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Мырзалиев.
Ал тараздықтар мен қала қонақтарының ерекше таңданысын тудырған муралдарды жас суретші Айтан Елебаев салып жүр. Ол – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі.
– Бұған дейін Түркістанның теміржол бекеті маңындағы ғимараттардың сәулеттік келбетін түзеуге үлес қосқанмын. Тараз қаласында тұрғын үйлердің сыртына мурал салу бойынша жарияланған байқауда бағымды сынап көрдім. Нәтижесінде облыс орталығындағы «Астана» ықшам ауданындағы 4 үйдің сыртына Нұр-Сұлтан қаласының сәулетті нысандарын бейнелеуге тапсырыс алдым. Туындыларым көпшіліктің көңілінен шыққан болуы керек. Олардың көбі өз алғыстарын білдіріп жатты. Алдағы уақытта қаланың негізгі даңғылдары бойындағы тұрғын үйлерге әл Фараби, Абай Құнанбаев сынды тұлғаларды бейнелейтін боламын, – дейді жас суретші.

Көше граффитінің негізгі түріне жататын мурал салу қала сәулетінде жоғары бағаланады. Әлемдік тәжірибеде асқан шеберлікпен салынған ғимарат сыртындағы өнер туындылары туристерді тартудың бір тетігі ретінде қарастырылады. Өз кезегінде сәулет өнеріндегі осы бір ерекше стиль екі мыңжылдық шаһардың ажарын айшықтауға зор үлес қосатындығына күмән жоқ.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР