Жеңіс-75

Мың тағзым сізге, майдангер!

Written by Aray2005

Миллиондаған тағдырды сарсаңға салған сұрапыл соғыс тарих беттеріне қанмен жазылып, батырлардың ерлігімен бедерленді. Отан үшін от кешкен оғлан батырлардың көзсіз ерлігі – өскелең ұрпақ үшін өшпес патриоттықтың өнегесі. Қатары азайса да қадірі асқақ қазыналы майдангерлеріміздің ерен ерлігінің арқасында бүгінде Ұлы дала елі Жеңістің 75 жылдығын тойлап отыр. Ер етігімен қан кешкен, ат ауыздығымен су ішкен сұрапыл соғысқа қатысқан ардагерлерді қалай ардақтасақта артықтық етпейді. Мерейлі мерекеге орай облысымызда ардагерлерге лайықты сый-құрмет көрсетілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсахан Бердібаевты Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын жеткізді.
Мұсахан Бердібаев 1922 жылы 15 ақпанда Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылында дүниеге келген. Мәскеу, Иванов, Дон, Сталинград, Курск, Калинин қалаларын жаудан азат етуге қатысқан майдангер II дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.
Бердібек Машбекұлы құрметті ардагерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтап, гүл шоқтары, жеміс-жидек себеттері мен бір миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Емен-жарқын әңгімелесу барысында М. Бердібаев ауыр күрсіне отырып, сол отқа оранған жылдардың көзге жас, жүрекке мұң ұялатар естеліктерімен бөлісті.
1941 жылы әскерге шақырылып, араға бір жыл салып ұрысқа кірген көзінде от ойнаған, жүрегінде жалын маздаған 20 жасар жауынгер 1945 жылы ауыр жараланып, бес ай госпитальда емделеді. Ауыр жарақаттың нәтижесінде 2-топтағы мүгедектік алып, елге оралған.
1945-1988 жылдары мұғалім, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері, МТС директорының орынбасары, колхоз парткомының хатшысы, кәсіптік-техникалық училище директоры қызметтерін атқарып, елге оралғаннан кейін де ардагер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Өмірі – өнеге, ісі – үлгі ардагер бірнеше өлеңдер мен баталар жинағының авторы. Немере,шөбере сүйіп отырған бақытты ата.
Сондай-ақ, өңір басшысы жеңісті жақындатуға үлкен үлесін қосқан Антонина Беляеваның үйіне арнайы барып құттықтады. Жасы тоқсан үшке келсе де жүріс-тұрысы ширақ, сөзі нақ, ойы айқын ардагер ана 1944 жылы жедел жәрдем пойызына отырып, бүкіл Еуропаны аралап, Жеңіс күнін Кенигсбергте қарсы алғаны туралы әңгімеледі. 1946 жылы майданнан оралғаннан кейін өмірін жамбылдық кәсіпорында жұмыс істеуге арнаған.
Облыс әкімі Анна Беляеваға Президенттің Құттықтау хаты мен миллион теңгенің сертификатын табыстады.
– Біз бәріміз Сіз сияқты тұлғаларды құрмет тұтуымыз керек. Ел үшін ең қиын жылдары Сіз өз жеріңізді жаудан қалай қорғау керектігін дәлелдедіңіз. Сол үшін Сіздерге бас иеміз, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

* * *

9 мамыр Жеңіс күні облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов соғыс ардагері Әшірбек Сәрсенбиевті құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Халық қалаулысы ғасыр жасаған майдангерге ел Президентінің Құттықтау хатын жеткізді. Сондай-ақ ардагерге мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек ретінде берілетін 1 000 000 теңгенің сертификатын табыс етті.
Өз кезегінде «Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Маршал Жуков» сынды медальдармен марапатталған майдангер Әшірбек Сәрсенбиев өңір басшылығына алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.

* * *

Ұлы Жеңіс күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Макеевті құттықтап, ел Президентінің Құттықтау хаты мен мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек ретінде берілетін 1 000 000 теңгенің сертификатын табыс етті.
Сондай-ақ майдангерді Желілік полиция бөлімі мен «ЖТ Жамбылдағы бөлімшесі» қызметкерлері де арнайы құттықтай келіпті. Өз кезегінде Бекболат Серікбекұлы ардагерге ақжарма тілегін жеткізіп, ұзақ ғұмыр тіледі.
Ал майдангер Иван Макеев Жеңіс күнінің маңызы күн санап артып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл күнді асыға күтетіндігін жеткізді. Сондай-ақ ол майдан даласында сенім, жауапкершілік және бейбітшілік үшін соғысқандарын тебірене айтып, майдан даласында бауырларынан айырылғанын жеткізіп, сұрапыл соғыстағы жылдарын еске алды.

* * *

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай қарт майдангер Ережепбай Жетібаевтың үйіне арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров Президенттің Құттықтау хатын жеткізді. Онда Мемлекет басшысы Отан үшін отқа түсіп, ерен ерлік көрсеткен ардагерлерге амандық тілеп, алғыс білдірген.
Соғыстан жараланып келгеннен соң, халықты ағарту ісіне үлес қосып, ұстаздық еткен ардагерді Нұржан Календеров облыс жұртшылығы атынан да құттықтап, бір миллион теңгенің сертификатын табыстады.

* * *

Жеңістің жетпіс бесінші көктемін өз көзімен көріп, елінің, отбасының ортасында халықтың амандығын тілеп отырған майдангердің бірі – Бердалы Қарымсақов. Мерейлі мерекеге орай облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бастаған атқамінер азаматтар қарт жауынгердің шаңырағына арнайы ат басын бұрды.
Тоқсан жеті жастағы Бердалы ақсақал бала күнінен қиыншылық көріп өскен жан. Еңбекке ерте жегіліп, қиындықтарда шыңдалып, ашаршылықты да басынан өткерген. Талас ауданында туып өскенімен қиын-қыстауға қарбаласып үйренген бозбала шағында Жамбыл ауданындағы әжесінің ақ батасымен Жамбыл қалалық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынып, майданға аттанады. Оқ пен оттың ортасында жүріп, нағыз отансүйгіштіктің үлгісін ерлігімен таныта білді. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков», «Тың жерлерді игергені үшін» секілді бірнеше медальдың иегері атанды.
1948 жылы аяулы жары Тұрсынкүлмен шаңырақ көтеріп, колхоздың бір қозысын қасқырға жем қылмай, елге беріп, ен далада адал еңбек етті. Жолдасы екеуі 12 ұрпақ, атап айтқанда 9 қыз, 3 ұл сүйеді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған қарт жауынгер 28 жыл бұрын аяулы жарын мәңгілік сапарға аттандырған екен. Қазір 36 немере мен 18 шөбересінің қызығына кенеліп, елдің, болашақ ұрпақтың тілеуін тілеуде.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев ардагерді арнайы мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Құттықтау хатын және 1 миллион теңге қаржылай сыйлық тарту етті.

* * *

Жыл сайын қатары сиреп келе жатқан майдангерлерге көрсетілер құрмет еш азайған емес. Осы әдетпен мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев тараздық ардагер Виктор Долгановтың шаңырағында болып, қарт жауынгерді құттықтады.
Өз сөзінде өңір басшысының орынбасары бүгінгі ұрпақ кешіп жатқан бейбіт заман ардагерлердің жанкешті ерлігінің жемісі екенін айтып, ардагерге облыс әкімдігінің атынан азық-түлік себеті мен 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті.
Келесі кезекте жеңіс мерейтойымен құттықтай келген қонақтарға алғысын білдірген В.Долганов өмірі жайлы тебірене сыр шертті.
Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі үшін Виктор Долганов ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Маршал Жуков», «Германияны жеңгені үшін» және өзге де мерейтойлық медальдармен марапатталған.

* * *

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев майдангер Тілеуғабыл Төребековтің үйіне арнайы барып, мерекесімен құттықтады.
Тілеуғабыл қария 1943-1950 жылдары Кеңес армиясы қатарында қызмет атқарған. 1945 жылы Жапон соғысына және Хайлар-Харбин бағытындағы шайқастарға қатысқан. Елге оралғаннан кейін аудандық және облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтерде болған. Ардагерге Балабек Жанбекұлы мерекелік лебізін жеткізіп, сый-сыяпатын жасады.
Осылайша Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай ардагерлерге тек облыс орталығында ғана емес, барлық елді мекенде сый-құрмет көрсетілді.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР