Мыңжылдық арман ақиқатқа айналды

0 62

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі

Ұлы дала елі – жаңа Қазақстан биыл ғасырлар тоғысында қол жеткізген ел тәуелсіздігінің 30 жылдық белесін атап өтеді. Бұл уақыт өлшемімен алып қарасаң аз да емес. Ал енді осы кезеңде мемлекеттің дербес дамуы жолында сыртқы және ішкі саясаттағы стратегиялық бағыт-бағдардың өз елімізде қандай басты және негізгі ауқымды мәселелер мен міндеттерді орындап шығып, қашанда болмасын тәкаппарлық сипатта қарайтын халықаралық қоғамдастықта қандай деңгейде абыройлы табыстарға жеткізгенімізді ашық әрі айқын тарихи дәйек-деректермен ауыз толтырып айта аламыз. Отыз жыл бедерінде ойға алғанымыз оңынан орындалып, туған Отанымыздың көк туы Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде асқақтап желбіреді.Дүние жүзінің алып мемлекеттері мен терезесі тең елдері Орта Азиядағы қарқынды дамыған, өркениет өрісіне өз даму өрнегін орнатқан Қазақстан мемлекетінің бейбітшілік сүйгіш, саяси тұрақтылығы мен ұлттық бірлігі, иманды және жаһандық ізгіліктерін, достық және татулық, көршілік қарым-қатынастарын жоғары бағалайды.
Жаратушы қазақ халқына ешқашан қырын қарамаған. Біз де осы құдіретті, жан жүрегіңді тербетіп, ұдайы сергек ойға жетелейтін тұнық ойдың қадір-қасиетіне тік тұрып, тереңінен сезінеміз. Ата-бабамыздың аманатты армандарына мән беріп, олардың ғұламалық сөздерінен алдағы өмірімізге күш-қуат беріп, қанаттандыратын ақ-адал жолдарын жас ұрпаққа өнеге-өсиет, үлгі етуді естен шығармауымыз керек.
Тәуелсіз елдің әрбір адамы өз өмірі мен тірлігін осы мемлекеттің толыққанды, лайықты қамқорлықтарын шын сезінуімен бірге өзін өсірген ел мен ұлт алдында азаматтық және әлеуметтік жауапкершіліктер де бар екенін барлық уақытта жадында мықтап ұстауы тиіс. Бір өзіңе ғана емес, жауапкершілік қасиетті көпшілік мағынасында болу қажеттігін әдейі айтып, осы ыңғайда қолданып отырмыз. Бір-бірімізді қолдап, іште де, сыртта да жанашырлық таныту ұлттық намыс әрі жақсы атыңа жақсылық қосумен құндылықтардың айнымас салты деп санаймыз.
Ел бақытына және қазақ халқының бағына орай Құдай бізге жерасты байлығын да, ерлер байлығын да аямай берген, орасан қазына – дәулетті халықтың әл-ауқатын жақсартып, өмір сапасын арттыруға жұмсап, күшті, қуатты мемлекетке айналу – ұлт мұраты болды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егемендіктің елең-алаңында «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп атап айтып, әрбір алға қойған мемлекеттік деңгейдегі міндеттері жасампаздыққа бастап, жаңа мемлекетті құрып, оның қабырғалы ел болу мақсатына апаратын тура жолды көрсеткен болатын.
Қазақ елінің мыңжылдық арманын ақиқатқа айналдырған Елбасының ұлттық идеология мен салиқалы саясатының төрінен табылған осы бір көшбасшылық сөзі ұлттық санаға сіңіп, үлкен сілкініс әкелді.
Туған еліміздің қазақ баласының ержетіп, атқа қонып, тұлпар тізгіндеген жасына қарай айтар сөзіндегідей «орда бұзған» Қазақстан артта қалған тарихи жылдарда мәртебесі биік, басқа елдер сыйлап, санасатын, дүниежүзілік мәндегі ірі-ірі басқосулар мен бастамашылдықтарға ие болған, халықаралық лайықты құрметке ие зайырлы мемлекет болып отыр. Қас қағым сәттер көзді ашып, жұмғанша өте шықты. Бұл уақыт біздің ел үшін қымбат әрі тағылымды тарих болып жазылып қалды. Азаттық пен бостандық адамға не беретінін, ұлтқа қандай қастерлі екенін Алаш ардақтылары заманында зар илеп, ағартушылық жұмыстарын жан аямай жүргізіп, басын бәйгеге тігіп, арпалысып, күрескен сұрапыл кезеңдер де осындайда еріксіз ойға түседі. Өз заманынан озып туған қазақ қайраткерлері шіркін, бұғаулық пен біреуге тәуелді болудан құтылып, ана Жапония сияқты ел болуға ұмтылуымыз керек деп жазады. Ұлы жазушы Мұтар Әуезов жазбаларында білім мен ғылым, мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрді сақтап, өркен жайған алыстағы елдің ұқыптылығы мен тәртіпке бағынған алғырлығын, ата салтына бас иген тұрмысын бекер үлгі етпеген. Жаңа технология дәуірінде өндірісті өркендетіп, ғылыми-техникалық табыстары әлдеқашан ілгері кеткен, дамыған елдерге қарап бой түзейтін уақыттың келерін армандап өткен аға буын өкілдерінің діттеген, күткен тілектерінің орны толды.
Қазіргі Қазақстан қай жағынан да көз тоқтатып, қол соғып қарайтын қуатты жұрт қатарына қосылды. Келешекке бағдарланған «Қазақстан-2050» стратегиялық даму бағдарламасы аясында индустриялық-инновациялық бағытты ұланғайыр тірліктер атқарылды. Әр өңір бойынша жыл сайын толығып отырған жаңа зауыттар мен фабрикалар, ел бюджетінің тірегі – шағын және орта бизнестің дамуына қолдау көрсету, азық-түлік қауіпсіздігін жасау, экономикалық өркендеу және басқа да салаларда тиімділікке қол жеткізудің жарқын мысалын жүздеп келтіруге болады. Біздің халық оны көзбен көріп, қолмен ұстап, сезінуде. Әлбетте, көп болып шешетін өзекті мәселелер жоқ емес, бар. Әлеуметтік әділдік болмаса, қоғам дамымайды. Заман мен уақыттың жаңа талаптары туғызатын сұрақтарды «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шешуге оң ықпал етіп, билік пен халық арасында диалог орнату да саяси ұстаным мен қоғамдық бақылаудың нақты нәтижеге жеткізетінін аңғаруға болады.
Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі қазақстандықтарды біріктіруші фактор болып отыр. Мемлекеттік тілді білу парыз ғана емес, міндет екенін біздің отандастарымыздың барлығы түсінуде. Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақ тілінде сөйлегені естен кетпес тарихи оқиға ғана болып қалмайды, қазақ ұлтының тілі адамзаттың тілі екенін тұңғыш рет жаңғыртты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген терең мазмұнды, бағдарламалық мақаласында: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке – бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деп өмірлік ұстанымды атап көрсетті. Жас ұрпақтың бұл буыны үлкен ұрпақтың жадында жаңғырған тағылымдарды да ұмытпай, өзін бағалай білетін, өзіне тәрбиеші бола алатын бақуатты, білімді, алғыр және тиімді шешім қабылдай алатын адал, мемлекетшіл жас басқарушылар көп үміт күттіреді.
Елордадан қуат алып, ел ішінде жарқын істерге жол ашатын идеялар мен жаңашыл қадамдар жұрт қолдауымен қанат қағуда.
Ал, жаңа астана ел тәуелсіздігінің қуат көзіндей, ән сөзіндей символына айналды. Елорда мен Елбасы егіз ұғыммен әр жүректе жаңғырып тұр. Ұлт көшбасшысының кемеңгер ақылымен, ерен ерлікке енген асқан батылдығымен мидай далада мұндай таңғажайып астана салу мен әлемдік сәулеттің айшықтарымен көксеңгірден көз сүйсіндірген елорданы тұрғызу енді тарихи құбылысқа еншілес.
Күн сайын емес, сағат сайын өсіп, толыға түскен алып батырдай өркениетті дамудың өрнектерін қайталанбас биікке самғата алған қазақ баласы болып отырған жоқ па?
Біршама күн бұрын Алматыдан бір таныс азамат «Елордаға барып, қаланы көргім келеді» деп хабарласқан. Көргені мен түйгені көп, оқығаны мен тоқығаны да аз емес, зиялы ағайын екі күн бойы елорданың көрікті жерлерін емен-еркін аралап шықты. Қайтар жолдың уақыты жетіп, халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында шығарып салған кезде «Жігіттер, елордаға қарай бірнеше жылдан бері жолым түспей жүр еді. Енді қаланың көркіне көзім қанып, көңілім қатты толып тұр. Осындай керемет астананы салған Елбасыға мың мәрте рақмет! Ризамын!» деді шаттанып.
Бұл біздіңше, өз тарихын өзі жазуға тиісті және солай болып отырған барша қазақстандық адамдардың ақ сөзі деп қабылдаймыз.
Елордамыз-Нұр-Сұлтан – ел жүрегінде айбын мен мақтаныш сезімін туғызады. Күн жүзінде заңғар биіктіктер мен әлем көз тіккен үздік сәулет ғимараттарымен тамсандырырып, түнде айдай жарық, мың жылдық жолаушыны баурайтын жұлдыздар – шамшырақтарымен әйгілі бас қаламыз өркендей берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.