«Нағыз дәрігер ең алдымен психолог болғаны абзал»

0 187

Дәрігерлерге артылар міндет пен парыз ешқашан жеңіл болмаған. Індетпен күресте де сала мамандары өз басын қауіп-қатерге тігіп, алдыңғы шептен табылды. Елдің амандығы, халықтың денсаулығы үшін еңбектің ерен үлгісін көрсетіп жүрген ақ халаттылардың қатарында жас мамандар да жетерлік. Осы орайда Жамбыл аудандық орталық аурухананың хирург-дәрігері Ержан Төлебековпен сұхбаттасып, жас маманның пайымына құлақ түрген едік.

– Жауапкершілігі мол мамандықты таңдауы­ңызға не себеп болды?
– Ауданымызда дәрігерлердің тапшы болуы және ұстаздарымыздың бағыт-бағдар беруімен оқушы кезімнен медицина саласының маманы болуды армандадым. Мектепті бітіретін жылы биология пәнінен сабақ беретін ұстазыма дәрігер болғым келетінін айттым. Таңдауымды қызу қолдаған ұстазым менен жақсы дәрігер шығатынын айтып, арманыма қанат бітірді. Осылайша мектепті бітірген соң дәрігер болуға ұмтылғаныммен, өкінішке қарай, мемлекеттік грантпен оқу мүмкіндігіне қол жеткізе алмадым. Бір жыл дайындалып, келесі жылы мемлекеттік грант арқылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға түстім.
– Өткен жыл ақ халатты абзал жандар үшін оңайға соққан жоқ. Төтенше жағдай кезінде жұмыс барысында қандай қиыншылықтар болды?
– Расында, былтырғы наурыз айынан бастап дәрігерлер үшін қиын кезең басталды. Күндіз-түні арнайы санитарлық қорғаныс киімімен жүру, індет жұқтырған науқастар санының күн санап өсуі әріптестерімді айтарлықтай әбігерге түсірді. Дегенмен қандай қиындық болса да міндетімізді мүлтіксіз атқарып, науқастардың барлығына уақытылы қол ұшын соза білдік. Барынша сақтық шараларын ұстанса да бірқатар әріптестерім қауіпті індеттен қайтыс болды. Студент кезімізде дәріс берген асыл ұстаздарымыздың да біразы індеттен көз жұмды.
Қазіргі таңда сәл болса да індеттің беті қайтқанымен, карантин әлі де жалғасуда. Қазір жасөспірімдер көп сырқаттанып жатыр. Сондықтан арқаны кеңге салуға әлі ерте.
– Сіз секілді ауылда жұмыс істеп жатқан жастарға мемлекет тарапынан қандай жағдайлар жасалған?
– Бұрнағы жылы «Жалпы хирургия» мамандығын тәмамдап, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналастым. Мемлекеттен берілетін көтерме жәрдемақы арқылы несиелік тұрғын үйге қол жеткіздім. Дегенмен бүгінгі күні ауданда жер, үй бағасы шарықтап тұр. Осы жағын басшылық ойға алып, несиелік тұрғын үйге берілетін сома мөлшерін көбейтсе деген ойым бар. Себебі аталған мәселе алдағы жылдары келетін мамандарға қиынға соқпауы тиіс. Өзге саланы айтпағанда, қазіргі таңда медицинада маман жетіспеушілігі айқын сезілуде. Ал бұл олқылықтың орнын жас мамандар толтыратыны ақиқат.
– Соңғы үш жылда дәрігерлерге қатысты мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Сіздердің құқықтарыңыз қаншалықты қорғалған?
– Кеңестік кезеңде жұмыс жасаған аға буын өкілдері дәрігер мәртебесінің өте жоғары болғанын, қазір төмендеп кеткенін жиі айтады. Мұның басты себебін дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған құқықтық-нормативтік актілердің дұрыс орындалмай жатқандығымен байланыстыруға болады. Сондықтан қоғамда осы екі сала мамандары үнемі дау-дамайдың ішінде жүр.
Осы орайда халыққа қандай жағдайда арыз-шағым қабылданатынын арнайы хабарламалар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек деп ойлаймын. Олай дейтінім, жұмыс барысында неше түрлі адамдар кездесіп жатады. Тіпті бір күн ішінде талдау (анализ) қорытындылары шықпаса да жеке басқа қол сұғып, балағаттап кететіндер жиі кездеседі. Сондықтан дәрігер мен педагогтың мәртебесін көтеруге бағытталған арнайы платформа жасалу қажет.
– Жақында ғана өткен жылдың қорытындысы­мен «Әулиеата үміті – 2020» жастар сыйлығының иегері атанып, жүзден жүйрік шықтыңыз. Еңбегіңіздің еленгені болар…
– 2019 жылы жұмысқа орналасқаныма небәрі 4-5 ай енді болған. Құжат тапсырып үлгере алмадым. 2020 жылы да ұйымдастырылып жатқанын естіп, бірден құжат тапсырдым.
Әрине, басқа әріптестерімнен артықпын дей алмаймын. Дегенмен хирург-дәрігер болғандықтан іс-қағаздармен, медициналық заңнамалармен қатар, шұғыл және жоспарлы оталар, манипуляцияларды қатар орындаймыз. Осы жағына басымдық берілген шығар деп ойлаймын.
– Дәрігер болғысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Дәрігер боламын деген жас алдына мақсат қоя білуі керек. Медицинаның қай саласын таңдайтынын да алғашқы курстарда анықтап алған дұрыс. Сондай-ақ дәрігер ең алдымен психолог болуы тиіс. Өйткені ол неше түрлі науқаспен қарым-қатынаста болады. Жақсы маман болу үшін біліктілікпен қоса тәжірибе де керек. Егер де осы аталған қасиеттердің барлығы дәрігердің бойында болса, оның есімі тарихта үлкен әріппен жазылары сөзсіз.
«Басты байлық – денсаулық» деп халық даналығында айтқандай, адам өмірі үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ екенін кез келгеніміз білеміз. Нағыз дәрігер өз ісінен рахат алуы қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.