Мәдениет

Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мән-маңызын ұғындыру, ұлттық өнерімізді кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында «Домбыраның қос ішегі» атты шеберлік сағаты өткізілді. Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шара жергілікті күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев пен жыршы-термеші Аяз Бетбаевтың шығармашылығына арналды. Шеберлік сағатына облыстағы мәдениет үйлерінің 17 мен 25 жас аралығындағы домбырашы, термешілері қатысты.
Алдымен интервью-концертте қос өнер иелерімен Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков сыр-сұхбат жүргізді. Күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев әрбір күйлерінің шығу тарихына тоқталып, кейбірін орындап та берді.

Дарын иесінің көпке таныс күйлерінің бірі «Көк шолақ» Кенен Әзірбаевтың 100 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған екен.

– Кенен Әзірбаевтың мерейтойын Алматыда өткізу жоспарланып, алдын ала ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалыстық. Сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ғайникен Бибатырова менен өз тарапымнан нендей дайындығым барын сұрады. Мен Әнуарбек Жүнісәлиевтің Кененге арнаған «Алатаудың ақ иығы» деген өлеңіне ән жазғанымды айтқанымда Ғ.Бибатырова «Әнді әркім жазып жүр. Сіз күй шығарыңыз» деді. Уақыт тым қысқа еді. Күй оңайлықпен туатын дүние емес. Алайда, обкомның хатшысы «Сіз алты Алашқа күймен танылған адамсыз. Шабыт шақырыңыз, мен сізге сенемін» деген соң өзімді қамшылай түскенім рас. «Қалай жазамын, неден бастау керек?» деген ой маза бермеді. Шығармашылықтағы ең қиын нәрсе – бастау. Бір күні телеарнада Кенекеңнің «Көк шолақ» әнінің домбырамен орындалып жатқанын естіп қалдым. Домбыра шегінің қағысындағы ырғақтар маған түрткі болып, «Көк шолақ» күйі дүниеге келді. Бұл туындым 2 бөлімнен тұрады. Көк шолақ аттың шыбындап келе жатқанынан басталатын күй одан әрі Кененнің сол кездегі өмірін суреттейді. Осы күйде мен Кенекемнің көк шолағын тұлпар етіп көрсетемін, — деп домбыраның құдіретін сөз етті.

Домбыра арқылы бойдағы талантын танытқан Аяз Бетбаев әуелгіде анасының әлдиімен, кейін ауылдағы ағайындарға қисса-дастандарды орындап беруімен өнерін шыңдапты. Сосын өзі естіп өскен халық әндерінің мақамына салып, жыр шығара бастайды. Ер жетіп, әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін ауылдық автоклуб меңгерушісі қызметін атқарады. Оның дара дарынын байқаған Әбдімомын Желдібаев Шу аудандық мәдениет үйін басқарып тұрған кезінде басқарма басшылығына айтып, қызметке тағайындаған екен. Ағасының сенімін талантымен, табандылығымен, тынымсыз еңбегімен ақтаған термеші кейін ақындар айтысына қатысып, бірқатар шәкірттерді тәрбиелеген. Сол шәкірттерінің бірі Ертай Тазабеков термешінің «Ой-өрнегін» нақышына келтіре орындап, тыңдаушыларды жырға ұйытты.

Жас буын бас қосқан жиында Әбдімомын Желдібаев өзінің бірнеше күйлерін тартып берді.

– Күй арқылы кең әлемді шарлайсыз, ұлы даланы кезесіз, махаббатыңды жырлайсың, сырыңды айтасың, мұңыңды шағасың, кешегі өткен ата-бабаларыңды еске аласың. Күй — қазақтың қанында ойнаған, қанын ойнатқан, жан сырын жеткізер тылсым. Күй — ата-бабаларымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып жеткен жоғалмас үні, шежіресі. Ән де солай. Бірақ, әннің айтылар сөзі, өзіндік сыры бар. Міне, айырмашылығы осында. Күйде ішкі толғанысыңды сөзсіз, домбыраның үнімен жеткізесің. Күй жазудағы мендегі бір қасірет – шығарған дүниелерімде бір нәрсе жетпей тұрғандай сезіледі. Ненің жетпей тұрғанын таба да алмаймын, — деп Ә.Желдібаев өз өнеріне зор талапшылдықпен қарайтын қасиетін байқатты.

Тұшымды ой қозғалып, күй күмбірлеген, жыр төгілген интервью-концерт соңында қатысушылар хас шеберлерден домбыраның қағысын, терме мақамын, иірімдерін үйренді. Шеберлік сағатының қорытындысында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

Қамар Қарасаева

ПІКІР