Елбасы Жолдауы

Намыс қанымызда болуы керек немесе жас ұрпаққа хат

Written by Aray2005

Ата-баба мықты еді ғой!
Мықты еді!
Ұрпағы одан болу керек
мықтырақ!
                                             Қадыр Мырза Әлі

Егемендік халқымыздың басына орнаған баға жетпес бағымыз. Алайда кейде осы Тәуелсіздігімізді көктен топ етіп түсе салғандай көретініміз бар. Сонда сан ғасыр бойында кең даламызда аққан тер мен төгілген қан кімдікі? Туған жері, Отан-Анасы үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан бабаларымыз өмірін не үшін қиды? Ұрпақтары жетім, әйелдері неге жесір қалып, елі не үшін қасірет шекті?

Аңғарып қарайтын болсақ, бұл «Атадан туған ұл құл болмасын», «Қыздарым ата жауымның отын жағып, күлін шығарып, тезегін термесін!» дегеннен екен. «Ұлы даламда дұшпанымның аты ойнақтамасын!» деген ақ ниеттен екен. Дұшпанының өктем дауысын естігісі келмеген халқымыз сол үшін ғұмырында қанша рет жар жағалады екен?!. Ал ХХ ғасырдың топалаңын еске алсақ, санаңызға салмақ түсері анық. Осы тұста мұның бәрін не үшін айтып отыр деген сұрақ туары заңды.
Елбасымыз 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Мұны Мемлекет басшысының тарихын таразылап, болашағын болжай алатын албырт та алғыр жастардың заманымыздың мықты діңгегі болсын деген ниеті деп білу қажет.
Мемлекетіміздегі негізгі қажыр-қайрат иесі, яғни қозғаушы күші жастар екені даусыз. Алайда бүгінгі күні «он бесінде баспын» дейтін жасты аңсайтын уақыт жеткен сияқты. Сол себепті қоғамымыз «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» заманы өтіп кеткенін түсінуі керек-ақ.
Бұл ретте жастар арасында проблема­лар­дың қордаланып қалғаны рас. Президенті­міз білім беру мен тәрбие мәселесін үнемі сөз етіп келеді. Қойылған талап та жетерлік. Ендеше, ерте күнді кеш етпей, сөзден іске көшуді соза беруге негіз жоқ. Зымыраған мына заманның уақыт көшіне ілесе қоюы кімге де болса оңай емес. Олай болса, білекті сыбанып белсенділік таныту, жауапкершілікті арттыру азаматтық парыз болуға тиіс.
Дәл осы жерде айтпай кетуге болмайтын жастар үшін күрделі мәселенің бірі – баспана. «Үйі жоқтың күйі жоқ» екені тағы да рас. Отбасының шайқалуына да себеп болып жататын жайттың бірі осы.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында Болгария мемлекетіне жолым түскен еді. Сол уақыт аталған елдің демографиялық жағдайының шатқаяқтап тұрған кезі болатын. Соған қарамастан бұл мемлекет жаңа қосылған отбасының талабына сай пәтер береді екен. Бір балалы болғанда үйдің құнының 25 пайызын жояды. Әр бала өмірге келген сайын солай жасап, төрт баладан соң үйдің құнын кешіретін де заң қабылдаған. Жастарына осындай жағдай жасап отырған елге таңдай қағып, таңданып кеткенім бар еді сонда. «Біз үшін үлгі боларлық жүйе екен» деген де ой келген. Ендеше, мемлекетіміздің экономикасы көтеріліп жатса, осы мәселені жастар үшін қолға алса, үлкен қамқорлықтың басы болар еді.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік сала қызмет­керлерінің жалақысын көтеру мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Мұны өте орынды жасалып жатқан жұмыс дер едім. Дегенмен өнер мен мәдениет қызмет­кер­лерінің жалақысы әлі күнге дейін өте төменгі мөлшерде қалып келеді. Күні кеше ғана Алматыдағы опера театры қызметкерлерінің наразылығын естідік. Олардың бұлай бас көтеруі жетіскенінен емес, әрине. Айлығы шайлығынан аспайтын бұл саланың қызметкерлерінің басында баспанасы болмаса, «айлығының мөлшері төмен» деп, банк қаражат бермесе, сонан соң той жағаласа (онда да кейбіреулері ғана) «Сен неге тойға барасың?» деген басшыларынан таршылық көрсе не істеуі керек? Білеміз, бұл мемлекет тарапынан шешілуі керек күрмеуі қиын мәселе. Жанашыр бола білетін облыс басшылары мен министрліктер бірігіп қолға алса, неге шешілмесін?..
Облысымызда мәдениет пен өнер колледжі жоқ. Кезінде жүйелі жұмыс істеп тұрғанымен, кейін келе жойылып кеткен. Арнайы оқу орны болмаған соң, облыс көлемінде бұл сала бойынша кадр тапшылығы сезілуде. Басқа жақтан оқу бітіргендер келе қоюы қиын. Бұл да біздің облыс үшін күрделі мәселенің бірі.
2019 жылды Президент «Жастар жылы» деп жариялаған соң, жастарға жасар қамқорлық та күшейсе екен деген ниет бұл. Науқаншылықтан ада болсақ, ойымыз жүйелі жұмыс кестесіне лайық болса, кәнеки.
Осы жылы жастар ісіне қамқорлық есебінде арнайы қаражат – грант бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді-ау. Біздің бұл айтып отырғанымыз – жастарға тікелей қатысты атқарар істің бір парасы ғана болса керек.
Дейтұрғанмен жастардың «мына мәселемізді шешіп берсе, ана жайт жауабын тапса» деп жата беруіне әсте болмас. Өйткені жас буынға өз тарапынан уақыттың қозғаушы күші есебінде атқарулары керек жұмыстарын жүйелеп, белсенділік танытатын кезең жетті.
Сөзіміздің басында айтқан ата-баба мұрасына ие болу, оны өсіріп-өркендетуге кімдер үлес қосулары керек? Ертеңгі күні оған кім ие болмақ? Жауапкершілікті мойнына кім алады? Күні кеше ғана қазақ халқы барын, Қазақстан деген мемлекет барын білмейтін кезең болды. Қазір құдайға шүкір дейік, дүйім жұрт танитын ел болдық. Әлем мемлекеттері өзімізбен санасатын елге айналдық. Елдік мәселелерін біздің Ақордамызға келіп шешетін дәрежеге жетіп отырмыз. Қалай мақтансаң да, қалай шаттансаң да лайықты.
Астындағы атын «пырағым» деп қастерлеген, қолындағы ағаш найзасымен жауын жасқап, жерін қорғап қана қоймай бәйгесін шауып, көкпарын тартып, ұлттық үрдісін дамытып, халықтық дәстүрін қалыптастырмады ма? Осының бәрін жан-жағынан анталап тұрған дұшпандарының қалың ортасында отырып жасамады ма?
Осылайша дала өркениетін ғасырлар бойында ұрпағының бойына сіңіріп кеткен ата-баба алдындағы біздің перзенттік борышымыз немен өлшенер екен, бүгінгі жас ұрпақ?!
«Қазақ өркениеттен тыс қалған» деп санаған өзгелердің пайымына халқымыз табиғатымызға сай өзгеше жоғары өркениет құрып, өмір сүрудің жаңа нұсқасын ұсынған. Даламыздың қатал табиғатына қайсарлығын медет етіп, ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боранда (мына теңеудің өзі қай қазақтың аузынан шықса да, ғұламалықтан алыс жан болмаса керек) іргесін қымтап тігілген киіз үйді мекен еткен бабаларымыз шегіне жеткен қиындықтарды қажыр-қайратымен, қайсарлығымен жеңіп, дала институтын қалыптастырған, ұлттық үрдісінен айнымаған. Ұрпақтарын да солай етіп тәрбиеледі. Оның арғы жағында ұлтының қамын жеуі, дала баласына тән еркіндікті қасіретіне емес, қасиетіне айналдыру мақсаты атойлап тұрған болатын. Қай уақыт, қай кезде болмасын қазақ ұлт мәселесіне, оның ішінде адам тәрбиесіне өте қатаң түрде көңіл бөлген.
Елбасымыз ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатын алдымызға қойғанда, тек дамыған өндіріс пен экономиканы ғана сөз етпегенін ұғынуымыз парыз. Әрине, замана талабына жауап бере алатын жаңа техниканы меңгеру үшін де білім мен сана керек. Оны дер кезінде біз жасамасақ, басқа біреудің жасары да хақ. Бірақ ықылым заманнан бері адамзат баласының алдында қазақ деген халықтың абыройын түсірмей, ұлт есебіндегі ұлы қағидасын сақтап келген мына Ұлы дала иесінің алдағы келбеті қалай болмақ? Тарихты қопарып, талай архивтің де шаңын қағармыз, бірақ мына Ұлы дала иесінің болашақ кейпі қалай болмақ?! (Мен бұл жерде оның ұлттық болмысын айтып отырмын). «Жеті атасын білмеген жетесізден сақтай гөр, Алла» деп Жаратушыға жалбарынғанда ұрпағының, бабаларының ұлы үрдісін бойына сіңіріп өскенін, өзінің шыққан тегін ойлай отырып, халқының қасиетінің жоғалмауын ойламады деймісің?
«Итің жаман» десе намыстанатын қазаққа «ұрпағың жаман» деп көрші. Ендеше, елім дегенде еңірейтін ұрпақты қалай тәрбиелей­міз?
Осыдан біраз жыл бұрын Түркия мемлекетінде болдым. Фатима деген 17 жасар қыз туралы аңызға бергісіз әңгіме естіп, таң қалдым. Оқиға былай болыпты:
Америкалық бір ірі кинокомпания 16-17 жасар шығыс қызына киноға түсу үшін конкурс жариялаған. Жеңімпаз қыздың жүлдесі – бір миллион доллар. Киноға түсу гонорары бұдан бөлек.
Содан Фатима есімді қыз жеңімпаз ретінде Америкаға аттанып, көп ұзамай киноға түсуден бас тартып, қайтып келген. Себебін сұрағандарға «Бір миллион доллардан халқымның намысын жоғары қойдым» деген екен. Сөйтсе, ол қыз кино желісі бойынша қара жігітпен төсектес болуы керек екен. Намыс па?! Намыс!
Халқымызды «намыссыз еді» деп ешкім айта алмаса керек.
Алыстан іздемей-ақ, күні кешегі көз алдымызда болған Ғазиз Байтасовтың көзсіз ерлігі ше? Бүкіл Тараз қаласын дүрліктіріп, талайдың қанын мойнына жүктеген қанішерден аяушылық күтпеген Ғазиз бауырымыз, алдында өлім тұрғанын білмеді деймісіз? Артында қалып бара жатқан бала-шаға, отбасын ойламады деу де әбестік болар. «Жазықсыз жандардың қанын төгетін бұл кім еді? Мен бұдан неге қорқуым керек, ол менен қорықсын!» деген намыс оты оның бойында тұтанбады деймісіз? Тұтанғанда қандай!
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
«Еркек тоқты – құрбандық!»
Атам десең, атыңдар! – деп өлімге қасқая қарап тұрған бұл – Қайрат Рысқұлбеков еді.
Басқаларға қалай екенін қайдам, мен үшін сол 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде алаңға шыққан немесе тежегіш күштер әрекетінен шыға алмай зығырданы қайнап жатқан мыңдаған жастардың жиынтық бейнесі осы біздің Қайрат сияқты болып көрінеді.
Желтоқсанның ызғарында намысын ту етіп, азабын тартқандар алдында бүгінгі ұрпақ және мына біздер қарыздармыз. Өйткені оларды ешкім зорлап алаңға апарған жоқ. Олар өздерінің жүрек қалауымен бойларында шымырқанған намыс отының айдауымен барды. Қайрат та, Ғазиз да елінің, халқының намысын қорғады. Туын жыққысы келмеді. Алапат соғыста емес, бейбіт өмірде кейбіреулер сияқты көрмеген болып бұрылып кетуге бұл азаматтардың намысы жібермеді. Ал айдың-күннің аманында бірнеше аптадан бері әлеуметтік желіні шулатып жатқан басына сәукеле киіп (сәукеленің киесі ұрғыр), төсін жалаңаштап жүрген тараздық қыздың қылығы елдің ашу-ызасын тудыруда. Пайымы солай болса, не етерсің?! Ең ауыры сол – ол біздің қанымыз, ол – бүгінгі жасымыз, ертеңгі болашағымыз. Ертеңгі күнгі отанамыз. Бір үйдің тұтқасын ұстар иесі. Өкінішті, жас ұрпақ! Ол сенің замандасың, сақ болыңдар, халқыңды мүсәпір хәлге түсірме! Ол сенің азаматтық борышың. Ата-бабаңның әруағы кешірмейтін қылмыс жасама! Ұлсың ба, қызсың ба, сенен кейінгі ұрпақтың обал-жазығы сенің мойныңда. Сен осыны түсін, жас ұрпақ!
Тағы бір мәселе. Қазақ сөзінің атасы – мақал мен мәтел болса, оған көңілімізді бөлсек, бұл мақаламыз ұзап кетуі мүмкін. Бірақ кез келген мақал мен мәтелдің атан түйеге жүк болар салмағының барын бүгінгі сөз түсінер қауым түйсігімен танығанымен, жастар жағы оның үдесінен шығып жатыр ма?
Қазақ тілі, оның бүгінгі хал-ахуалы туралы көп айтылып жүргенімен, құлағына қыстырып жүргендер шамалы сияқты. Неге? Шамасы, киіз тоқпағымыз мықты болмай тұр-ау. Тіл, тарих, салт-дәстүр, үрдісіміз, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетіміз туралы айтатын дуалы ауыз білімділеріміз бар болғанымен, аз. Олардың үні қалың қабатты халқымызға жете бермеуі мүмкін. Оның орнына шала сауатты дүмбілез сабақ берушілер (ұстаздар деу былай тұрсын, мұғалімдер деп айтуға ауыз бармай тұр) көп болып, үстемдік құрып тұр. Түбі бұл мәселеге көңіл бөлетін кез де келер, сарапталар, себеп-салдары да анықталар деген үміттеміз. Өйткені сауатты ұрпақ болмай, сауатты ұлт болмайды. Ал сауатты ұрпақ болуы үшін білікті ұстаз керек. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаған.
Сонау көне заманның өзінде Ұлы даламызда металл өңдеу жолға қойылған. Жылқының алғаш қолға үйретілуі, оған үзеңгі, ауыздық, тағаның жасалуы осы даланың еншісінде. Даламыздан табылып жатқан алтыннан жасалған заттар (Алтын адам) қаншама.
Облысымыздың Талас ауданының Көшек батыр ауылынан жиырма шақырым солтүстігінде, Мойынқұм құмының оңтүстік шеті Айнабек деп аталады. Бала кезімізде сол маңда «Шойын қорытқан» деген жер бар деп еститінбіз. 1960 жылдар ішінде қариялар сол жерде кісі құлашы жететін, жете бермейтін шойынның дөңгелек қалдықтары жататынын айтып, қазір жылжыған құм басып қалды деп отыратынын да талай құлақ шалған еді. Өкініштісі сол – ол қариялардың бүгінде көзі жоқ.
Осыдан жиырма жылдай бұрын Шу ауданының Жайсаң даласынан бүгінгі ғылым үшін жаңалық болған балбал тас табылған болатын. Сол даланы зерттеп жүрген бүгінгі күні тарих ғылымынң докторы Айман Досымбаева «жаңалық» деп жар салды. Себебі осы уақытқа дейін сырт киімнің жағасын Еуропа ғалымдары өздеріне иемденіп алған болатын. Кемінде 2-2,5 мың жылдық ғұмыры бар бұл таста құлағында баланың жұдырығындай сырғасы бар, қалың мұртты, кең маңдайлы жігіт ағасы шашын артына бос тастап, онысы беліне түсіп, сыртқы киімінің (шекпені ме, әлде тон ба) жағасы екі иығы мен омырауын жауып тұр. Ғалым А.Досымбаеваның жар салуының себебі осы еді. Қуану керек пе?! Әрине. Өйткені жағаны алғаш шығарған біздің бабаларымыз.
Біздің тарихымыз – кейбіреулер түсінбей айта беретін «шолақ байталдың құйрығындай шолтаңдаған» (М.Әуезов) тарих емес, айдай әлемге жар саларлық ғибратты ғұмыры бар, қалай мақтасаң да, мақтансаң да талайға үлгі боларлық қасиеті мен қадіріне ие тарих. Тек, өнегесіне ие бол! Бұл сенің ата-бабаңның, бабаларыңның бабаларынан мұра болып қалған ұлы несібең, бүгінгі жас ұрпақ! Мына Ұлы дала – сенің далаң. Киесіне кір түсірмей, иесі бол! Елбасымыз бәрімізден осыны талап етуде.

Әлібек ӘМЗЕҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері

ПІКІР