"Тарих. Таным. Тағылым."

Намысұлы

Written by Aray2005

Бәрін тәптіштеп айтып жатпай-ақ қоялық, Баукеңмен алғашқы күнгі жүргізген «келіссөзіміз» сәтсіз аяқталды. Келесі күні ол кісінің үйіне қайыра қоңырау шалдық.
– Әй, – деді телефонның екінші басындағы дауыс, – сен осы менен қанша шақырым жерде тұрсың?
Бұл күтпеген сұрақ еді. Көк базар қасындағы Баспасөз үйі мен Гоголь көшесіндегі «Радиотехника» дүкенінің арасын кім өлшеп көрген? Бірақ сұрақтың аты – сұрақ. Оған жауап бермеуге болмайды.
– Бір шақырымдай жерде тұрмын, Бауке.
– А, онда мәселе былай, қарағым. Маған Қазақ радиосынан адамдар келмекші. Егер олардан бұрын үйге кіріп кетсең, жолыңның болғаны. Ал кешігіп, не әлгілермен қабаттасып, қосақталып келсең, онда маған өкпелеме. Қабылдамаймын.
Баукең осыны айтты да телефонды дірілдете жөткірініп алды. Содан соң:
– Бір шақырым дегенің жүгіре білген жанға жеті-ақ минуттық жол. Немене, қозы қарның бар ма еді? Онда қарызға бір-екі минут қосуға болады, – деді.
– Жо-жоқ… Тырыли арық қарамын, Бауке…
– Олай болса, мына ыстықта сорламайтын болдың. А ну-ка, бегом марш!
…Асфальт көше бойымен аңыратып келемін. Еңкейіп отырған Емелев ескерткішінен өте бергенде, сағатыма қарадым. Редакциядан шыққаныма үш-ақ минут болыпты. Енді бір ышқынсам, жетіп-ақ қалатын сияқтымын. Санамда: «Бұл – ойын емес, бұл – тәртіп, бұл– бұйрық», деген сөздер жаңғырады.
…Уақыт. Тарих. Осы қос ұғым бір-бірінен ажырағысыз. Белгілі бір уақыттың ішінде ұлы өзгерістер өмірге келеді, дүние жаңарып, ерлік істер туындап жатады. Ал, тарих… иә, тарих – уақыттың шежірешісі, адам баласының басынан өткен жайларының, ерлік істерінің куәгері.
Ерлікті жасайтын кім? Адам. Ол уақыт пен тарихтың әманда жадында. Әлмисақтан белгілі осы қағиданы қаншалықты қайталағанымызбен, сол оқиғаны, сол жайды өз басынан өткерген жан болмаса, біз ол жайында тіптен көп білеміз деп айта аламыз ба? Жоқ.
Кезінде Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В.Панфилов атындағы, Ленин, Қызыл Ту және Суворов орденді 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының батальон, полк командирі болған, одан соң 9-шы гвардиялық Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының командирі дәрежесіне көтерілген, халық батыры деп елі сыйлаған Баукеңді – Бауыржан Момышұлын көргенде, біз, міне, осыны ойлап, осыны түсінгендей, осыған көз жібергендей халде едік.
– Қоятын сұрағыңды қоя бер, бала.
– Әңгімемізді Ұлы Отан соғысының 115-ші күнінен бастасақ, Бауке…
– Е, ол күні не болып еді?
Батырдың мұрты тікірейіп барып басылды. «Ашуланды-ау?» деп ойладым ішімнен. Жоқ, олай емес екен. Әлден уақытта ол:
– Айтар сөзіңді қитұрқыландырмай-ақ айтсаңшы, – деді өкпелі үнмен.
– Сол күні, Бауке, 316-шы атқыштар дивизиясы Мәскеу түбінде алғаш рет ұрысқа кірді емес пе?
– А-а… Онда бұл сұрағың орынды екен, қарағым. 41-дің күзіндегі жағдай қандай еді, панфиловшылардың алғашқы шайқас жолдары неден басталды дегенді білмек болып отырсың ғой. Ол былай…
1941 жылғы қазанда жау жаяу әскерлерінің – 42, танктерінің – 75, зеңбірек пен минометтерінің – 45, авиациясының – 31 процентін Мәскеуді басып алуға жұмсады. Біздің Батыс, Резерв, Брянск майдандарының жауынгерлері осынша нөпір күшке қарсы тұрды. Генерал-лейтенант К.К.Рокоссовский басқарған 16-шы армия өзінің қатарына біздің Қазақстанда жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясын қосып алды да, Мәскеуге апаратын Волоколамск тас жолы бойында жауға өліспей беріспей, тістесіп жатып алды.
14-16 қазан аралығында панфиловшы жауынгерлер алғаш рет шайқасқа кірді. Біз дұшпанның танк және екі жаяу әскер дивизиясына қарсы аянбай күрестік. Күш тең емес еді. Соған қарамастан уақыттан ұту мәселесі алға қойылды. Біздің жігіттер 28 күн бойы дамыл таппады. Бұл уақыт аралығында жау небәрі 25 шақырым ғана алға жылжи алды. Соғыстың алғашқы күндерінде тәулігіне 25–30 шақырым алға басқан оларға бұл мимырт жүріс тым қымбатқа түсті десе де болғандай еді. Мұның өзі 7-31 қазан аралығында немістердің Мәскеуге жасаған бірінші шабуылының күйреуіне әкеліп соқтырды.
…15 қарашада фашистер 13 танк, 31 жаяу әскер, 7 моторлы дивизиясымен Мәскеуге екінші рет жойқын шабуылға шықты. Мұндайды тарих бұрын-соңды көріп-білмеген еді… Гитлер 1940 жылдың көктемінде Францияны жаулап алуға 11 танк дивизиясын аттандырғанда, бүкіл әлем шулаған-ды. Енді ол Мәскеуге қарсы жалпы саны 51 дивизиясын жұмсағанда, адам баласының жаны түршікті. Міне, осы сұрапыл соғыстың ортасында біздің панфиловшылар да жүрді. Жүріп қана қойған жоқ, өз қарсыластарымен хас батырларша шайқасып, шайнасып жатты.
Осы жерге келгенде Баукең әңгімесін үзді де, үстел үстінде жатқан «Қазақстан» сигаретіне қол созды. Темекісін асықпай тұтатып алып, бір нүктеге қадалып үнсіз отырып қалды. Не ойлады екен, жарықтық?
…Иә, ол қиын уақыт еді. Ресейдің Омбы қарларында, батпақты ормандарында күші басым жауға қарсы бірнеше күн бойы нәр татпаған, ұйқы көрмеген жауынгерлер аяусыз күрес жүргізіп жатты. Өйткені болашақтың тағдыры солардың қолдарында еді.
Әлемнің әлдебір түкпірінде жер-жаһан гүлдеп, музыка әуеніне елтісе, Голливудта Чарли Чаплиннің қатысуымен күлдіргі фильмдер түсіріліп жатты. Ал Швейцария курорттарында тау шаңғысынан спорт жарыстары өткізілді. Алайда дәл сол сәтте жер шарындағы адал ниетті әрбір адам КСРО-ның тағдырын ойлады. Өйткені бұл ұлы шайқас барша адамзат тіршілігін шешуге тиіс болатын.
– Осы кезде дивизияның даңқы шыға бастаған болар, Бауке?
– 15 ноябрьде, – деді бүркіт қабағын бір дір еткізген әңгіме иесі. – Оны біздің дивизиядағы бірде қуанышты, бірде қайғылы оқиғаларға ұласқан жәйттерден-ақ анық аңғаруға болатын еді. Басқасын былай қойғанда мыналарды алып қаралық.
16 ноябрь. Дубосеково разъезінде 50 жау танкісінің жолын бөгеген 28 батырдың қазасы.
16 ноябрь. 316-шы атқыштар дивизиясын 8-ші гвардиялық дивизия деп атау және оны Қызыл Ту орденімен наградтау туралы КСРО Жоғарғы Советі Президиумы Указының жариялануы.
18 ноябрь. Иван Васильевич Панфиловтың опат болуы.
6 декабрь. 8-ші гвардиялық дивизия жауынгерлерінің басқа да әскери бөлімдермен бірлесе шабуыл жасай отырып, Мәскеу түбіндегі Крюково деревнясын жаудан азат етуі.
Желтоқсан айының басында Мәскеу түбінде қорғаныс ұрыстары тоқтатылып, ендігі жерде біздің әскерлердің жойқын шабуылы басталды. Отанымыздың астанасына таяп келіп қалған жаудың күші тойтарылып, 200 шақырым жерге қуылып тасталды. Дұшпан Мәскеу іргесінде 11 танк, 4 моторлы, 23 жаяу әскер дивизиясынан айырылды. Міне айналасы жарты айға жетер-жетпес уақыттың ішіндегі осы оқиғалар біраз жайды аңғартпай ма?
Дивизияның Москва түбіндегі шайқаста атағы шықты. Бірақ ол тым қымбатқа түсті. Өкініштісі сол, Қазақстанда алғаш жасақталған (ол бізде құрылған 16 дивизия, 7 бригаданың тұңғышы еді) панфиловшылар дивизиясындағы 18 мың адамның бәрінің бірдей ерлігі ел аузында қалған жоқ. Мұнда әлі де аты аталмаған ерлер аз емес. Соғыс болған соң сол да, қарағым. Сондықтан да Москваға ұмтылған дұшпан атаулының жұлынын үзген жандарға әр уақытта да ата-баба тілімен айтқанда, топырақтарың торқа болсын деп басымды иіп, тағзым етемін.
Баукең осы сөзін айтып болып, сөніп қалған темекісін енді тұтата берген кезде, бөлмеге қыз бала кіріп, Қазақ радиосынан бір жігіттің келіп тұрғанын хабарлады.
– Ол ана бөлмеге кірсін. Қазір біз де сол жаққа барамыз.
Қарсыдағы есікті нұсқай орнынан көтерілген Баукең:
– Сен де жүр. Өзіңе қажетті деген жері болса, тыңдап, жазып ал. Одан кейін ол тақырыпқа мені қайтып мазалаушы болма, – деді нығарлай сөйлеп.
Радиожурналист Юрий Шапорев төрт сұрақ әзірлеп әкеліпті. Жарты сағат ішінде оның үшеуіне жауап беріп үлгерген Баукең: «Батыр Бауыржан…» – деп басталатын соңғы сауалға келгенде, қабақ шытты.
– Мен бұл сұраққа жауап бермеймін. «Батыр, батыр…» деп несіне жар сала бересіңдер осы. Батырлығым жоқ, ал батылдығымның бары рас.
Бұл сөзді естігенде, біздің ойымызға мынадай бір оқиға орала берді. Ұлы Жеңістің 25 жылдығын тойлап жатқан күні Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков әдебиетшілердің Москвадағы Орталық үйіне келеді. Ол сахнаға көтерілгенде, залдағылар орындарынан көтеріліп: «Жеңістің авторы жасасын! Ура!» деп дауыстайды. Әлгі сөздерді естігенде, маршал тұнжыраған күйде тұрып қалған. Содан соң микрофонға жақындайды да, бұйрық беріп тұрғандай қысқа да қатқыл үнмен: «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің бірден-бір авторы – барша кеңес халқы. Осыны мықтап есте ұстауларыңызды өтінемін», – дейді.
Маршал мен дивизия командирі. Олардың өздеріне берілген бағаға деген көзқарастары… Қандай қарапайымдылық, қандай кішіпейілділік. Аға ұрпақ өкілдері бүгінгі жастарды өздерінің осы сөздерімен-ақ тәрбиелеп отырған жоқ па?
– Ұлы Отан соғысының алғашқы жылында неміс армиясы Мәскеу түбінде масқара болып, оңбай жеңілді, – деді Баукең. – Бұл фашистік қарулы күштердің генералитетіне сұмдық зобалаң туғызды. Оны Гитлердің 1941 жылдың декабрінде Москва бағытындағы шабуылға қатысқан 177 генералын шайқаста қабілетсіздік көрсетті деп айыптап, армиядан мүлде аластауынан, фельдмаршалдар – Бокк, Рунштедт, Лееб пен моторландырылған 2-ші танк армиясының қолбасшысы Гудерианды қызметтерінен жұлып алып тастауынан анық байқауға болатын. Ол ол ма, гитлерлік Германияның құрлықтағы әскерлерінің бас қолбасшысы фельдмаршал Браухич те өзінің қызмет орнынан осы кезде кеткен еді. «Генералдардың мұндай тамұқ отында өртенуі,– деп еске алды кейінірек ағылшынның әскери тарихшысы Фуллер,– сонау Марн түбіндегі шайқастан бері болып көрмеген жайт».
Менің мұндағы айтпағым, астана іргесіндегі бұл жеңісіміз совет-герман майданында ұлы бетбұрыс болды, Батыстағы мемлекеттердің «жеңілмейтін армия» деген сандырағының күлі көкке ұшты, үшінші рейхтің генералитетіндегі әскери мамандарды психологиялық дағдарысқа ұшыратты. Біздің Қазақстанда жасақталған дивизияның осы ұлы шайқасқа қатысып, Отан тапсырмасын абыроймен орындауы – зор мақтаныш еді. Мен оны ойдан қосып отырғаным жоқ, бұл өзі Ұлы Отан соғысының тарихында солай деп бағаланып, солай деп айтылған. Тағы қандай сұрағың бар?
– Майдан даласында өзін-өзі құрбан ету, жанкештілік, ерлік, қорқақтық… Соғыста мұның бәрі де болды ғой. Осылар сіздің есіңізде қандай жағдайлар арқылы сақталып қалды.
– Отан үшін өлімге бас тігу, ерлік… Бұл жайлар Бектің, Момышұлының кітаптарында аз жазылды деп ойлайсың ба, жоқ әлде соларды қайтадан айт деп тұрсың ба? Ертеректе «Төлеген Тоқтаров» деген әңгіме жазғанмын… Білмегеніңді содан біл, содан жауап аласың. Ал қорқақтық деген сөзіңе келетін болсақ: «Соғыста мен қорықпадым», деген адам болса, маған жібер. Көрейін. Онда адамдар неге қорықпасын? Қорықты. Бірақ мұны өлімнен бас сауғалап қашу деп емес, мынадай мағынада, мынадай жағдайда түсінген жөн.
Соғыс басталған күннің кешінде Батыс майдандағы Әскери әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Копец өзін-өзі атып өлтірді. Бұл не қорқақтық па? Жоқ, ол кезінде халықтық Испанияға көмекке барған интернационалдық бригаданың нағыз жаужүрегі, франкошылардың тәубесін аузына келтірген батыл ұшқыш болатын. Қызуқанды, албырт қолбасшы фашист авиациясының опасыздықпен баса-көктеп кірген шабуылынан алғашқы күннің ішінде жоғалтқан аэродромдарына, қапы қалған қаһарман ұландарының қазасына күйіп кетіп, соған шыдай алмай опат болды. Мұны қорқынышпен, қорқақтықпен шатастыруға болмайды, қарағым.
Ал нағыз қорқақтық деген не сонда? Соғыста оны да көруге, байқауға тура келді. Нағыз қорқақтық деген өлімнен қорқу емес, майдан алаңындағы сол сәтте, сол сағатта болып жатқан қиындықты, шындықты жасырмай айтудан тайсақтау, жауапкершілікті өзіне алмай, басқа біреуге аудару. Соғыста одан өткен қауіпті, одан өткен қатерлі нәрсе жоқ. Өйткені, мұндай қорқақтықтың арты біреудің қымбат өмірін қиюмен немесе көп құрбандыққа жол берумен аяқталатын.
Тегінде, адам баласы қызу ұрыс үстінде өлім туралы ойланбайды. Жау оғы батырға тие ме, сужүрек қорқаққа тап келе ме, оны ол таңдап та жатпайды. Бұл қатер көзге көрінбей, алды-артыңды орағытып жүреді деуге болады. От пен оқ ішіндегі арпалыста ол шіркіннен аман қалсам деп үміттенудің өзі – тым тайғанақ үміт. «Ең жақсысы – оны естен мүлдем шығарып жіберу», дейтінбіз біз жауынгерлерге.
– Отан солдаты Бауыржан Момышұлының өмірі, творчествосы – жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің тамаша үлгісі. Кейінгі жеткіншек ұрпақты еліміздің ерлік тарихымен терең таныстыра түсуде, ерлік дәстүріне тәрбиелеуде ардагер ағаның тағы қандай ойлары бар? Енді соны білсек…
– Біз өзі эпоспен ауызданып, сонымен өмір сүрген халықпыз, бала. Шыбындаған аттай шұлғи бермей, оны ана қалқаңқұлағыңа құйып ал. Ата-бабамыздың тарихындағы ерлік, батырлық қасиеттеріміз сол эпостан нәр алып, дамыған. Оның алтын арқауы, адал тәрбиесі кешегі Ұлы Отан соғысындағы қазақ жігіттерінің бойынан да үзілген жоқ. Біз кезінде соған қуанып, соны мақтаныш тұттық. Бүгінгі жас ұрпақ халқымыздың ерлік гимні – батырлар жырына сергек те сезімталдықпен қараса, оқыса екен деймін. Олай дейтінім, ерлік дәстүріне тәрбиелеудің табиғи әліппесі, міне, осында.
Жеткіншек ұрпақты еліміздің ерлік тарихына баулуда азамат соғысының отты жылдарындағы, Ұлы Отан соғысының сын сағатындағы жаппай ерліктер өзінше бір үлкен мектеп. Бұл бүгінгі жастар жадынан шығаратын нәрсе емес.
Халық батырымен арадағы әңгімені бұдан әрі соза берсек, ескерту естіп қалармыз деген оймен кетуге жинала бергенімізде, ол кісі оң қолымен ишарат жасап, орындыққа қайтадан отырғызды.
– Мен сендерге көп ұрысатыным бар, – деді ардагер аға жөткірініп қойып. – Оны орынсыз қыжырлыққа санамаңдар, қарақтарым. Бұл тиісуге қара таппағандықтан емес, халқымызда: «Ата – балаға сыншы», деген дана сөз бар. Ұрыссам – бойларыңдағы мінді көріп қалып ұрысамын. Көрген кемшілікке көз жұмып қарау – қасиетімде жоқ нәрсе. Өмірде жалтақ болмаңдар, біреудің аузына қарап, соның айтқанына көніп, айдауына жүруді ізеттілік осы екен деп жаңсақ түсінбеңдер. Үлкеннің айтқанын екі етпеу, сөзге тоқтау – сыйластықтың, әдептіліктің әліппесі екені рас. Бірақ тек сонымен шектеліп қалушылық жас адамға пайда бермейді. Оған қосымша өзіңнің кісілігің, жол білер азаматтығың болуы керек. Әйтпесе біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүру немесе «барып кел, шауып келдің» адамы ретіндегі қолбала болу жасқаншақтыққа, кіріптарлыққа ұшыратады. Сендер бейқұт, жақсы заманда уызға жарып туған ұрпақсыңдар. Сондықтан батыл болыңдар, жүректеріңде жігер, көздеріңде от ойнап тұрсын. Понятно, тебе!
– Түсіндім! – дедім қарт кісінің алдында барынша ширақ болуға тырысып.
– Олай болса, жөнел, бала. Мен шаршадым, демалайын.
Осы бір сөзді айтып, Баукең сұқ саусағымен орныңнан тұр дегендей белгі берді. Қағаз, қарындашымды жинап жатып, қартқа қайыра көз салдым. Үй иесі қаққан қазықтай болып тіп-тік отыр екен. «Шаршағаны қайсы жарықтықтың, әлі ширақ қой», деген оймен есікке бет алдым.
***
Бұл әңгімені осымен аяқтауға болар еді. Бірақ, халқымыздың аяулы перзенті Баукеңнің өмірінің соңғы кездеріне қатысты төмендегі екі-үш мөлтек сәтті оқырмандарға хабардар етуді өзіміздің парызымыз әрі міндетіміз санадық. Соның біріншісі, 1981 жылғы 14 шілдедегі 8-ші гвардиялық дивизия құрылуының 40 жылдығы қарсаңындағы кездесуден кейін арада үш ай өткен соң, редакцияның тапсырмасымен ол кісіге тағы да телефон соғуыма тура келді. Баукеңнің «Известия» газетінің 1981 жылдың 24 қарашасындағы санында «Мәңгі өшпес ерлік» (ескерте кетелік, бұл оның орталық баспасөзде жарияланған соңғы дүниесі еді) атты мақаласы жарияланды да, сол туындыны жастар газетіне аударып басу үшін, автордың рұқсатын алуымыз қажет болды. Біздің бұл өтінішімізге ол кісі келісім бермеді.
– Керегі жоқ, – деді. (Баукеңнің сондағы қарлығыңқы үні құлағымызда әлі шыңылдап тұр) – Әуре болып қайтесіңдер. Құдайға шүкір, бүгінгі елдің бәрі оқыған, сауатты. Оларға менің дүнием керек болып жатса, қажет деп тапса, сол шыққан газеттен тауып алсын. Аудармаңдар!
…Арада арбаның дөңгелегіндей айналып ай өтті. Бұл астанамыз Алматының миллионыншы тұрғыны өмірге келген Жаңа жыл қарсаңы – 31 декабрь болатын. Қуанышты хабар! Одақтағы миллион тұрғыны бар қалалар қатарына 22-ші болып Алматы да қосылды. Ал: «Миллионыншы адам кім еді?» дейсіздер ғой. Ол – «Алмаатапромстрой» тресіне қарасты №22 құрылыс-монтаж басқармасында балташы-бетоншы болып істейтін Дәулет Қадырсызов пен сол трестің сылақшысы Гүлназия Жақыпованың тұңғышы– Бауыржан есімді сәби болатын.
Бауыржан! Алматының миллионыншы тұрғынына Бауыржан есімі қойылуының өзі қандай жарасымды. Мұнда жас сәби батырлығымен атағы жер жарған айбынды атасы Баукең есіміне лайық, еліне, халқына ардақты азамат болып өссін деген игі тілек, ізгі ниет жатқандай. Біз сол сәтте Ұлы Отан соғысынан кейін дүниеге келген сансыз Бауыржандардың ең кішісі туралы хабарды дереу Баукеңе жеткізіп, интервью алу үшін телефон құлағын бұрай бастадық. Ақсақал бұл хабарды толқи отырып естіп білді де, бізді үйіне шақырды.
– Сәбиге қандай тілек тілер едіңіз? – дедік біз журналист Жарылқап Бейсенбаев екеуміз ол кісіге қосарлана сұрақ қойып. Сауалды асықпай тыңдап алған майдангер-жазушы темекісін будақтата сәл ойланып отырды да, былай деді:
– Біраз күндерден бері тұмауратып үйде жатыр едім. Бүгін қуанышты хабар естідім. Дүниеге қаламыздың миллионыншы тұрғыны болып бір сәби келіпті. Сәбидің атын Бауыржан қойыпты. Әрине, шүкір, Қазақстанда менен басқа да Бауыржандар аз емес. Солардың ішіндегі жасы үлкен жасамысы да, жолы үлкені де мен екенім белгілі. Менің жасым қазір жетпістен асып кетті.
Сәбидің дүниеге келгені қашанда қуаныш. Ата дәстүрі бойынша, бүгін өзім ақсақал ретінде қуанып отырмын. Мен әуелі сәбидің ата-анасына нәрестенің бауы берік болсын айтамын. Бауыржан есімді сәби дені сау болып өсіп, ер жетіп, өз қатарынан қалмай, болашақта туған Отанының ортан қолдай азаматтарының бірі болсын деп, ақ ниетпен ақ батамды беремін!
– Сәби Алматыда туды, – деді бұдан соң Баукең. – Менің өз басым баяғыда осы қаламызды кішкентай станция кезінде көргенмін. Бұл заманда ол өсіп, өркендеп кетті. Қазақстан сияқты үлкен республиканың атына лайық астана болып отыр. Оның экономикасының, мәдениетінің, ғылымының, білімінің дамуы да ерекше қарқынды. Мұнда жас ұрпақтың жақсы тәрбие алып өсуіне барлық жағдайлар жасалған. Мен өз тарихындағы елеулі оқиғалардың бірін атап өтіп отырған астанамызға алдағы уақытта өркендеп, даңқың асып өрлей берсін деп тілеймін!
– Әсірелеп, боямаңдар. Мен не айттым, соны қағазға түсіріп тасқа басыңдар, – деді атамыз өз сөзін аяқтай келе. Біз бұл тілекті орындайтынымызды айтып уәде бердік. Ертеңінде жастар газетінде батыр батасы жарық көрді. Бұл – Баукеңнің төлтума баспасөзімізге берген соңғы сұхбаты еді.
Содан кейін, иә.., содан соң да екі ай шамасындай уақыт өткен. Өзім жұмыс істейтін баяғы «Лениншіл жастың» командировкасымен Жамбыл өңіріне бармаймын ба?! Міне, сондағы Жуалы ауданында жүргенімде, Бурное селосының мәдениет үйі алдындағы қарақұрым халық көзіме түсті. Оған назар аударғанымды байқаған жолбасшым, облыстық комсомол комитетінің жауапты қызметкері Олег Насонов маған халық батыры Бауыржан Момышұлының туған жеріне келе жатқанын, мына жұрттың сол кісіні қарсы алу үшін күтіп тұрғандығын айтты. Сол кезде облыс орталығы жақтағы тас жолдан екі-үш жеңіл машина да көрініп, іле-шала мәдениет үйіне де жақындаған. Қарап тұрмыз, алдыңғы «Волгадан» үш адам түсті. Оның алғашқы екеуін Олег: «Ана кісі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкин, одан кейінгі ағай облыстық газет редакторы Баттал Жаңабаев дей бергенде, құндыз бөрікті үшінші адамның Баукең, Бауыржан Момышұлы екенін бәріміз жазбай таныдық. Алаңдағы жұрт құрметті қонаққа қарай лап қойсын. Алдыңғы қатардағы топ батырдың туған-туыстары екен. Құлағымызға олардың арасындағы кемпір-шалдардың: «Бала, ержеттің бе?» – деп еркелеткен қазақы қалжыңы мен: «Қарағым-ау, мынау да қартайған ба?», «Шашыңды ақ басыпты ғой. Сені де кәрілік жағалай бастаса, бізге не жорық қайным», – деген жеңгелерінің жанашырлығы аралас сөздері естіліп жатты. Содан біраз уақыттан соң қонақтар көліктеріне қайта мініп, ауылдың тау жақтағы көшесіне қарай бет алды. «Ол кісі туысқандарын аралап, амандасуға кетті», – деді жолбасшым. – Бабалары жатқан бейіт басына да баруы мүмкін. Осыдан төрт жыл бұрын келгенде солай болған. Ал кешке «Достық» атты мына мәдениет үйінде батырдың Жуалыдағы үш ұрпақ өкілдерімен кездесуі өтеді».
Мен Олегтің осы сөзін тыңдап, аудан орталығының шеткі көшесіне бет алған машиналар тізбегіне қарап көп тұрдым. Ұмытқаным жоқ, бұл 1982 жыл болатын. Мезгіл ақпанның аяғы, наурыздың басы-ау шамасы. Олай дейтінім, жерде қар болғанымен, ол көктем хабаршысы – алтынкүрек желінің жылы лебімен еріп жатқан еді. Және бір айта кететін жәйт, бұл Баукеңнің қасиетті атамекеніне келіп қайтқан соңғы сапары сияқты. Өйткені, содан арада шамамен үш жарым ай өткенде аңыз адам бақилыққа аттанды. Сөйтіп туған елдің тас түлегінің жүрегі мәңгілікке тоқтады.

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Нұр-Сұлтан қаласы

ПІКІР