Нан бағасы негізсіз қымбаттамайды

0 1

Өткен демалыс күндері Тараз дүкендерінде нан бағасы 5-10 теңгеге өскен еді. Бұл шешім жергілікті билікпен келісілмеген күйі қабылданған. Жедел штаб қазір жағдайды жан-жақты зерттеп жатыр.

Облыс әкімдігінің шұғыл шара қабылдағанының арқасында апта басында ірі сауда орындарында ас атасы бұрынғыдай 85 теңгеден сатыла бастады. Тек аулалардағы шағын дүкендердің кейбірінде нан 5-10 теңгеге қымбатырақ босатылып жатыр.
Қалада негізгі 6 наубайхана бар. Олардың бесеуі бағаны өсіру туралы шешімге келген көрінеді. Нанның қымбаттауын олар солтүстік өңірлерден келетін ұн бағасының өскенімен түсіндіріп отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев тұрғындарды сабырға шақырып, жағдайдың реттелетінін жеткізді.
– Мониторинг кезінде бірқатар нан өндірушілері нан бағасын 85-тен 95 теңгеге дейін өсіргені анықталды. Қазір жедел штаб бұның қаншалықты қисынды екенін анықтау мақсатында тексеріс жүргізуде. Жергілікті билікпен ақылдаспай әрекет еткен кәсіпкерлер жауапқа тартылады, – деді ол.
Тиісті мониторинг жұмыстары монополияға қарсы және салық органдарымен бірлесе жүргізілуде.
– Нан бағасы бірнеше факторларға байланысты көтеріледі. Бірақ, ең негізгісі ұнның бағасына келіп тіркеледі. Ал, қазір ұнның бағасы 115 теңгеден 130-140 теңгеге дейін өсіп кеткен, – деп атап өтті Берік Нығмашев.
Облыс әкімінің орынбасары қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерделеу үшін барлық шаралар қолданылады деп сендірді.
– Естеріңізде болар, өткен жылы осы уақытта нан бағасы өскен болатын. Сондықтан да биыл нан бағасын ұстап тұруға бағытталған алдын алу шаралары қабылданып, наубайханаларға ұн наурыз айынан қазанға дейін тұрақтандыру қорынан төмен бағамен берілген. Қазір тұрақтандыру қорында 500 тонна ұн бар. Қосымша тағы 2 000 тонна алынады. Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, оның ішінде нанның бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуді тапсырды. Біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қолданатын боламыз. Қажетті ресурстарымыз жеткілікті. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұн сатып алып, нан өндірушілерге төмендетілген бағамен ұсынбақ, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Сөз соңында Берік Нығмашев Тараздағы нан бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда арзан екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының әлеуметтік дүкендерінде ас атасы 55 теңгеден сатылып жатыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.