"Кәсіпкерлік"

Нан зауыты нарыққа шыдас бере ме?

Асқар Мырзахметов облысқа басшы болып тағайындалған алғашқы күндерден бастап жаңа өндіріс орындарын ашумен қатар, тіршілігі тұралап тұрған, бірақ болашағынан үміт күттіретін кәсіпорындарды қатарға қосу, олардың тұрақты жұмыс істеуін қадағалау мәселесіне айрықша басымдық беріп келеді. Расында да, зауыт-фабриканы ашу оңай, ал, ондағы шаруаның алға басуы қиынның қиыны. Бұл тұрғыда аймақ басшысының барлық кәсіпорындарға терең талдау жүргізу туралы тапсырмасының тиімділігі мол. Осы орайда, біз де өз тарапымыздан тығырыққа тірелген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің тамыр бүлкілін бағамдап көрген едік.

Облыстық статистика департаменті берген мәліметке сүйенсек, аймақта 65 мың жеке кәсіпкер, 16 мың шаруа қожалығы және өндіріс, әлеуметтік, құрылыс секілді әртүрлі салаға тән 11 мың 937 заңды тұлға тіркеліпті. Оның ішінде 8 мың 49 заңды тұлға нақты жұмыс істеп тұрғандардың санатында. Солардың қатарында белсенді жұмыс істеп тұрғаны – 4623 субьект. Ал, 1399-ы жаңадан ашылғандықтан және өзге де себептермен уақытша жұмыс істемей тұрса, 2027 заңды тұлға мүлде әрекетсіз.
– Біздің есебіміз бойынша, облыста мыңнан астам өндіріс орындары бар. Оның кейбірі жұмыс істеп тұрса, кейбірі аз мөлшерде өнім шығаруда. Ал, енді бірі мүлде жұмысын тоқтатқан. Десе де, солардың күшімен мамыр айында 30 миллиард 543 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бергі өндірілген өнім құны 133 миллиард 312 миллион теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 115,4 пайызға артты. Соның арқасында республика бойынша өнім өндіруде біздің облыс екінші, үшінші орындарда келеді, – дейді департамент басшысы Сырым Мәдиев.
Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәріпбек Шәкербектің айтуынша, әрекетсіз тұрған кәсіпорындардың әлеуетін арттыру үшін оларды «Жол картасына» енгізу жұмыстары биылғы наурыз айында басталыпты. Осылайша, арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері облыс бойынша әрекетсіз тұрған 723 өндіріс нысанын анықтаған. Оның ішінде бұрыннан жойылған, дағдарысқа тап болған кәсіпорындар да бар көрінеді. Тек 596 кәсіпорын нақты жұмыс істеп тұр екен.
– Облыстағы өңірлік өнімнің 17 пайыздан астамын өнеркәсіптік кешен, ал, оның негізін өңдеуші өндірістер құрайды. Олар жалпы өндірістік өнімнің 12 пайызын және өнеркәсіптік кешеніндегі жалпы өнім көлемінің 68 пайызын қамтамасыз етеді. Бүгінде біз облыс әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік қаржылай және қаржылай емес қолдауға мұқтаж кәсіпорындарды анықтау үшін оларды тегіс аралап, мониторинг жүргіздік. Соның нәтижесінде 162 компаниядан деректер алынды. Олардың 74-і қолдауға мұқтаж емес. 64 кәсіпорын сауалнамадан бас тартса, қалғандары жұмыс істеп тұрған жоқ және кейбірінің тұрғылықты мекенжайы табылмады. Сәйкесінше, негізгі және айналымдағы қаражатты толтыру және жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды қажет ететін 88 кәсіпорын анықталды. Олар жұмыс істеп тұрғанымен қаражаттың жоқтығынан аз мөлшерде ғана өнім шығаруда. Бұдан бөлек, өнімін өткізуге жәрдемдесу, жеткілікті шикізатпен қамту, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жер учаскелерін алу, әкімшілік кедергілерді жою, тарифтік реттеу секілді қаржылай емес қолдауды қажет ететін кәсіпорындар да бар, – дейді Мәріпбек Шәкербек.
Алайда, өз жұмысын жандандыру және өнім көлемін ұлғайту мақсатында мемлекет тарапынан қаржылай көмек алған ол кәсіпорындар ертең аяққа тұрып кете ала ма? Егер олай болмаған жағдайда қазына қаржысының желге ұшатыны сөзсіз. Сондықтан біз мемлекеттен қаржылай көмек сұрап отырған кәсіпорынның бірі – Тараз қаласындағы «Тараз нан зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, мемлекеттен алатын қаржыны қайда жұмсағалы жатқанына зер салып көрдік.
Нан зауытын таңдап алуымыздың себебі, шаһарда не көп, ірілі-ұсақты наубайхана көп. Қазір бәсекелестік заманы болғандықтан, наубайханалар өз өнімін барынша тұрғындардың сұранысына сай шығаратыны белгілі. Анығын айтқанда, елдің әлеуметтік ахуалы жақсарғандықтан бүгінде тұрғындар арасында нан өнімінің батон, багет, тандыр секілді басқа да түрлеріне сұраныс артқан. Осының байыбын білетін әлгі наубайханалар ескі пешке нан пісіріп келген аталған кәсіпорынды күндердің күнінде нарық жолынан ығыстырып жіберуі бек мүмкін. Бұған Кеңес дәуірінде қалада білдей үш нан зауытының болғаны, бүгінде оның екеуінің құрдымға кетіп үлгергені дәлел.
Біз сөз етіп отырған «№2 Тараз нан зауыты» тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тоқырауға шыдас бермей жабылып қалып, бертінде қайта ашылғаны есте. Толық қуатында жұмыс істесе, күніне 60-70 мың дана нан шығаруға әлеуеті жететін кәсіпорын бүгінде бар болғаны күніне 7-8 мың дана «ас атасын» әзірлеуде. Қала тұрғындарының 20 пайызын ғана өз өнімімен қамтып отырған кәсіпорын айына бар болғаны 200-300 мың ғана табыс табады екен. Зауытта екі ауысыммен 38-ақ адам жұмыс жасайтын болғандықтан, бүгінде ол шағын кәсіпорын санатында.
Өндіріс орнының директоры Зікірия Маймақов мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, 100 адамды жұмыспен қамтимын деп сендіріп отыр.
– Зауыт ашылғалы бері осында жұмыс істеп келемін. Былтыр қараша айында зауытты жеке қаржыма сатып алдым. Өйткені, істің басы-қасында жүргеніме біршама уақыт болды. Өндірістің қыр-сыры өзіме жақсы таныс. Мұнда нан пісіретін үш пеш болғанымен, қазір оның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Олар Кеңес дәуіріндегі пеш болғандықтан, газ, электр энергиясы көп жұмсалады. Әйтсе де, он түрлі нан өнімін шығарып жатырмыз. Бір бөлке нанның бағасы 50 теңге. Өзіміз жеткізіп берсек, 53 теңгеден айналады. Ұнды жергілікті жердегі алыпсатарлардан қымбат бағаға алудамыз. Солтүстікте шикізат арзан. Біз үшін бірден 5-6 вагон ұн алып, қоймамызға түсірсек тиімді болар еді, бірақ оған қаржы жағы қолбайлау. Сонымен қатар, қаражат заманауи үлгідегі пеш сатып алуға, оны орнатып, нан пісірушілерді үйретуге де қажет. Сондықтан, мемлекеттен 100 миллион теңге қаржылай көмек сұрап отырмыз. Зауытты сатып алғанымда банкке берешегіміз болған. Қазір ол несиені толық жауып тастадым. Бүгінде «SMART», «Дәмді себет», «Дәмдес» секілді ірі сауда орындарында біздің бөлке нанның бағасы 50-55 теңгеден өткерілуде. Мұндай ірі сауда орындарынан қашық орналасқан темір жолдың арғы беті, Қант зауыты секілді тұрғын алқаптардың тұтынушылары үшін арнайы дүңгіршек орнатсақ деген ойымыз бар. Себебі, ол жақтағы шағын дүкендерге біз әр нанды 53 теңгеден жеткізіп бергенімізбен, олар бір бөлке нанды 65 теңгеден саудалайтыны анық. Сол үшін бізге өз дүңгіршегімізді орнату тиімді, – дейді Зікірия Исаұлы.
Бұл кәсіпорын бұдан бұрын да мемлекеттің қолдауымен 7 пайыздық үстемеақымен 103 миллион теңге несие алғанымен, әлі аяққа тұра алмай жатқаны бізді ойға батырды.
– Негізінен, 170 миллион теңге сұрағанмын. Бірақ, менің иелігімдегі зауыт пен аумағы бір гектар жерді банк кепілге алғанда болмашы ақшаға бағалап, 103 миллион теңге ғана берді. Қаржының белгілі бір бөлігі зауыттың банктегі бұрынғы қарызын жабуға жұмсалып, ойға алған ісімді орындай алмай қалдым. Осылайша, заманауи үлгідегі «ПХС-25» пешін сатып алуға мүмкіндік болмады. Қаржылай қолдауға ие болсам, осындай шаруаларды жүзеге асырмақшымын, – дейді Зікірия Маймақов.
Иә, өнеркәсіп өндірісі өрге басса, әлеуметтің әлеуеті де артады. Сондықтан да, оларға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қолға алынып, қолдау көрсетілуде. Әйтсе де, кәсіпорындар қолға тиген қаржыны талан-таражға салмай, ойға алған іске жұмсаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР