"Дін"

Наным сенімге де асқан жауапкершілік қажет

Written by Aray2005

Дін – тіршіліктің діңгегі дейміз. Алайда түрлі мысық тілеулі миссионерлердің әрекеттері дінге де аса ұқыптылықпен қарайтындай жағдайға жеткізді. Осы орайда Құлан өңірінде мемлекеттік дін саясаты мен қолданыстағы заңдылықтарды түсіндіру және Қазақстан Республикасының діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында елді мекендерде
15 ақпараттық-түсіндіру топтары құрылды.

Ауданымыздағы ақпараттық түсіндіру топтары ай сайын елді мекендерде, білім беру орындарында, әкімшілік бөлімдерде, медициналық орталықтарда, мешіттерде жұмыссыз жүрген азаматтарға, мигранттарға, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтарға «Деструктивті діни ағымдардан сақ болыңыздар!», «Дін мен дәстүр», «Дін және қоғам», «Дін және жастар» тақырыбында ақпараттық- түсіндіру шараларын жүргізуде. Аудандық және ауылдық ақпараттық-түсіндіру тобының жоспарына сәйкес, есепті уақыт аралығында 68 іс-шара жоспарланып, онымен 2 240-қа жуық азамат қамтылды.
Жамбыл облысының дін саласындағы ақпараттық түсіндіру топтары мүшелерінің қатысуымен аудандық 29 мектепте және Құлан агротехникалық колледжінде оқушылармен кездесулер өткізілді. Халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында ауыл тұрғындарымен 10 кездесу өткізіліп, аудан аумағында дәстүрлі емес діни идеологияны ұстанушы тұлғалар көп шоғырланған елді мекендерде, атап айтқанда Көгершін, Луговой, Абай ауылдық округіндегі мешіттерде жоспарға сәйкес ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылатын жобаларға бюджеттен қаржы қарастырылып, «Дәстүрлі емес діни ағымдар қатарындағы азаматтарға бейімдеу жұмыстарын жүргізу» тақырыбында іс-шаралар өткізілуде. Жоспарда дінтанушы, теолог мамандардың қатысуымен жеке және топтық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру өз деңгейінде жүзеге асып келеді. Аудан аумағында дәстүрлі емес діни идеологияны ұстанушы тұлғалар көп шоғырланған елді мекендерде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу де қолға алынды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде діни экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттардың таралуының алдын алу бойынша тұрақты мониторинг жасалды.
Ауданда 2018 жылы деструктивті діни ағымдарының мүшелеріне ақпараттық түсіндіру және оңалту-бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, «Таблиғи-жамағат» бағытын ұстанатын 15 аудан азаматымен кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде бесеуі қоғамға бейімделді. 2019 жылдың І тоқсанында «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» Т.Рысқұлов ауданы бойынша инспекторы, теолог, дінтанушы мамандармен бірлесе отырып, өзге көзқарасты ұстанатын 19 аудан азаматымен кездесіп, нәтижесінде екеуі қоғамға бейімделді.
Бүгінгі таңда Т.Рысқұлов ауданы бойынша 30 мектепте «Зайырлық және дінтану негіздері» курсы жүргізіледі. Дінтанушы, теолог мамандар тарапынан мектеп оқушылары және жастар арасында деструктивті діни ағымдар идеологиясының алдын алу мақсатында жан-жақты іс-шаралар, семинар, сабақтар, кездесулер жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

Н.ШӘМШІХАН,
аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы,
Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР