«Наршаның сөзі – баршаның сөзі»

0 22

Нарша Қашағанұлы – тілі нәрлі, ойы нұрлы, сезімі сырлы ақын. Ақын өлеңдері мазмұны жағынан оқырманды адамгершілікке, парасаттылық пен ізгілікке, адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған. Ақынның туған жерге, елге, ана тіліне арнаған рухты өлеңдері көптеген жырсүйер қауымның жүрегінің төрінен орын алды. Сезімге толы махаббат тақырыбындағы жыр-шумақтары да жастардың ұранына айналған. Өлеңдерінің біршамасына ән жазылып, бүгінде танымал әншілер шырқап жүр. Биыл болмысы бөлек ақынның туғанына – 70 жыл.

Жуырда Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, шоқтығы биік нар тұлғалы ақын Нарша Қашағанұлының туғанына 70 жыл толуына орай «Наршаның сөзі –
баршаның сөзі» атты әңгіме-сұхбат ұйымдастырды.
Іс-шараға ақынның көзін көрген азаматтар – жазушы, журналист, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы, Талас аудандық мәслихатының депутаты, ақын-сазгер Үміт Қыранқызы, облыстық филармонияның әншілері, Наршаның шығармаларын елге танытып жүрген Бахыт Шағырбаев пен Мейіржан Самылтыров және ақынның ұлдары –
Нарбол мен Ербол шақырылды.
Әңгіме-сұхбат барысында шақырылған қонақтар ақынның әндерін орындады, жырларын оқыды. Өткен күндерден әсерлі естеліктер айтты. Ал Талас ауданынан келген жас өрендер – Ікімәт Зәулім, Әштан Ақзере, Пәрімбек Ұлжан ақын өлеңдерін жатқа оқыса, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкері, айтыскер ақын Дидар Апбасов іс-шара соңында Нарша ақынға арнаған арнауын орындап, ел ықыласына бөленді.
Кездесуді дарынды әнші Мейіржан Самылтыров Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған «Рақмет саған, туған ел!» әнімен қорытындылады.

Назым ҚОЖАМАРОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.