Жамбыл жаңалықтары

Нарық бар, балық жоқ

Жалпы, балық қазақтың жерік асы болмаса да бұл тағамның денсаулыққа пайдасының көл-көсір екенін бүгінде екінің бірі біледі. Ал, балық шаруашылығына жамбылдық шаруалар қаншалықты үлес қосып келеді? Балықшыларға мемлекеттен қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Осы тақілеттес өзекті мәселелер көтерілген облыс әкімдігінде өткен жиында біраз жайттың анық-қанығы белгілі болды.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен жиында хабарламашы ретінде облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов біраз сан-деректермен аймақтағы балық шаруашылығының жалпы картинасын көрсетіп берді. Оның айтуынша, облыста жалпы аумағы 24 266 гектарды құрайтын 115 су айдыны бар екен. Оның ішінде тек 94-і ғана келісімшартпен жұмыс істеп тұр. 21 су айдынын пайдаланушылар өз еріктерімен кәсібінен бас тартып, келісімшартты бұзған. Қазір бұл 21 айдын кәдеге аспай тұр. 4 су айдынын пайдаланушыларға келісімшартты бұзу туралы құлаққағыс етіліп, ескерту құжаты жіберіліпті.
Енді осы су айдындарының тек 103-інің ғана перспективасынан тіршіліктің иісі шығатындай. Ал, 13-інің болашағы тым бұлыңғыр. Алқалы жиынның басты мақсаты да сол – облыстағы балық шаруашылығын дамыту мәселелеріне терең бойлау болатын. Бар мәселе – тиімсіз деп танылған 13 су айдынын тығырықтан шығару емес, болашақтағы тиімділігі жоғары су айдындарының, ондағы балық шаруашылығымен айналысушылардың түйткілді мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарау.
Жаңаша көзқараспен қарау үшін алдымен нарықты әбден зерттеу керек дедік жоғарыда. Алайда, хабарламашының сөзінен облыс тұрғындарының жылына қанша балық тұтынатыны мен экспорттың жайын естімедік. Әкімнің бұл сұрағына басқа жауапты мекеменің маманы жауап берді. Қысқасы, жамбылдықтар жылына 3801 тонна балық тұтынады екен. Бұл сұраныстың 2465 тоннасын бүгінде сырттан келетін балықтар толтыруда. «Нарық бар, балық жоқ» деп отырғанымыз осы. Яғни, облыс халқының тұтынып отырған балығының 65 пайызға жуығы еліміздің өзге өңірлерінен жеткізіліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, балық шаруашылығын дамытуға облыста мүмкіндік те, табиғи ресурс та жеткілікті. Тек жүйелі жұмыс болмай тұр. Оған қоса балықты қолдан қоректендірер құрама жем мәселесінде де шешімін күткен мәселе жоқ емес екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша облыста балыққа құрама жем әзірлейтін екі-ақ шаруашылық бар. Бірақ, көбіне балық шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлер жемді өздері дайындап жүр. Анығын айтқанда, облыстың балықтары көбіне табиғи қоректі қанағат тұтып жүрген сыңайлы. Сондықтан, облыс әкімі А.Мырзахметов тиісті басқарма басшыларына құрама жем мәселесін жүйеге келтіруді тапсырды.
Одан бөлек, жиын барысында балықты басқа балықшыларға уылдырық кезінен бағып-қағып, шабақ етіп сататын облыс аумағындағы үш балық тәлімбағының бүгіні мен ертеңі сөз болды. Мәселен, Меркі ауданының Ақермен ауылы аумағындағы «Ақермен» жеке кәсіпкерлігі небәрі 3 гектар алқапта балықты уылдырық кезінен баптап, шамамен 12-20 грамм тартатын шабақ қылып өзге балықшыларға өткеруде. Әрине, облыстағы балық шаруашылығының адымын алшаң бастыру үшін бұл қуаттылық аз. Оған қарағанда Жамбыл ауданының Гродеково елді мекені маңындағы 71 гектарлық су айдынында тауарлы шабақ шығарып отырған «Сандель» шаруа қожалығының мүмкіндігі молырақ. Осы шаруа қожалығының ихтиологы Нұрлан Молдабековтен сұрастырғанымызда, облыс балықшыларының тауарлы шабақ тұтыну деңгейі 2,5 миллион данадан аспай тұрғанын айтты. Әйтпесе, «сандельдіктер» 5 миллион шабаққа дейін өсіруге қауқарымыз жетеді дейді. Жуалының Билікөлінде де алып бара жатқан мәселе жоқ. Тек өнім өндіруде сұраныс деңгейінен аса алмай отырған әріптестерінің уәжін олар да қайталады.
Қысқасы, облыс әкімдігі алдағы үш жылда тауарлы балық шаруашылығына арналған су айдындарының жұмысын жетілдірудің 3 жылдық жоспарын әзірлеу үстінде. Оның жобасын облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов таныстырып өтті. Аймақтағы балық шаруашылығын мүмкіндіктері мен кем-кетіктерін барынша жіліктеп, жіпке тізгендей талдап шыққан басқарма басшысы облыс әкімінен бірқатар тапсырма алды. Балықшылар да өз ұсыныстарын айтып, ортақ іске қолдан келгенше үлес қосатындарын жеткізді.
Сөзінің соңында Асқар Исабекұлы келісімшарт түзіп алып, түк бітірмей жүрген шаруашылықтармен мәмілені бұзып, іске белсене кірісу керектігін ескертті. Сондай-ақ, бұл саладағы бәсекені де арттыру жағын, яғни, бір айдынды бір ғана жеке кәсіпкерге беріп қоймай, учаскелерге бөліп, бірнеше шаруашылыққа жағдай жасауды да ұсынды. Одан бөлек, жағдайды зерделегенде статистика мәліметтеріне иек арта бермей, құрамына жергілікті ихтиолог мамандар енгізілген комиссия құрып, сол арқылы жұмыс істеуге шақырды.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР