"Заң және біз"

Нашақорлықпен күш біріктіре күресу қажет

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жерді тиімді пайдалануға және игерусіз жатқан жерлерді ауылшаруашылық айналымына қайтаруға ерекше назар аударып келеді.

Дәл осы жер мәселесі мен есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрестің тиімділігі облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезектен тыс отырысы барысында жан-жақты сараланды.
Алғаш рет көшпелі форматта Меркі ауданының әкімдігінде өткен кеңеске өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров төрағалық етті. Сондай-ақ оған облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов, ҰҚК облыстық департаментінің бастығы Марат Ирменов және облыстық полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов қатысты.
Отырыс барысында жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың пайдаланусыз жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару бойынша жұмысы сын көтермейтіндігі атап өтілді.
Облыстық прокуратура органдарымен кадастрлық құны 3,7 миллиард теңге, ауданы 350 мың гектар болатын пайдаланылмай жатқан 2 мыңнан астам жер телімі анықталған. Қабылданған шаралар нәтижесінде көлемі 210 мың гектарды, кадастрлық құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын 1000-нан астам жер телімін игеру қамтамасыз етілген. Игерілмеген жер аумақтарының тізілімі құрылып, 383 жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 92-бабына сәйкес жер учаскелерін пайдалану туралы нұсқамалар таратылған.
– Пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтару бойынша барлық іс-шаралар және басқа да мәселелер тек заңнамалық негізде шешілуі тиіс. Жер инспекциясының басты міндеті – жердің тиімді пайдаланылуын бақылау. Олардың жұмысы осыған сәйкес бағаланатын болады, – деді облыс әкімі.
Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін беруде бірқатар мәселелер бар. Малы жоқтардың жайылымдық жерлерді жалға алуы да кездеседі. Облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров атап өткендей, шаруа қожалықтарының 55 пайызы өз малдарын тіркемеген. Жиында осы олқылықтарға жол берген Байзақ, Жамбыл және Қордай аудандарының әкімдерінен бейнебайланыс арқылы жауаптар алынды.
Ал Қордай ауданының әкіміне ғимараттарды ретке келтіру, қорғау органдарымен тығыз байланыс орнату тапсырылды.
Басқосудың күн тәртібіндегі кезекті мәселені талқылай келе, облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров есірткі бизнесі қоғамның дамуына едәуір кері әсерін тигізіп, қылмыс пен зорлық-зомбылықтың өсуіне ықпал ететінін атап өтті. Өңірде есірткіге тәуелділердің санының жыл санап көбеюі байқалады. Ағымдағы жылы есірткіге еліткендердің саны 5,3 пайызға артқан. Өз кезегінде бұл жайтқа жабайы сораның ауқымды аумақта өсуі, есірткі құралдарының контрабандасы мен транзиті аса өзекті болып отыр. Бұл күрес жұмыстарын күшейтуді талап ететіндігін айтпасақ та түсінікті.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков екі эксперименттік алқапта сораға қарсы жаңа улы химикаттарды сынап жатқандықтарын жеткізді. Алайда кең көлемде пайдалану үшін оның адамдар мен малға зиянсыздығы туралы экологтар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысы қажет.
Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков бұл орайда жер жыртудың тиімсіздігін тілге тиек етіп, қопсытылған аумақта құрамында есірткі бар шөптер тіпті қаулап өсетініне назар аударды.
Сондай-ақ жиын барысында бұл бағыттағы өзге де көптеген мәселелер мен кемшіліктер талқыланып, үйлесімді шаралар мен тиімді өзара іс-қимылдардың маңыздылығына көңіл бөлінді. Жұмысты жүйелей түсу үшін нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі өңірлік бағдарлама қабылданатын болды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша құқық қорғау және арнайы органдар, сондай-ақ басқа да мүдделі орындар арасында бірлескен шаралар әзірленбек.
Жағдайды түзету үшін облыс прокуроры құқық қорғау және арнайы органдарға қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі жұмысты ұйымдастыру барысын қайта қарауды тапсырды. Ал жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға жер саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар жолданды.
– Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесінде әкімдіктер қолданыстағы заңнамаға сүйене отырып, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салуы керек. Әзірге уақыт бар кезде, жердің әрбір шоғырын пайдалана отырып, егіс жұмыстарын жалғастыру керек. «Көктемнің бір күні – жылға азық». Біз осыны ұмытпағанымыз абзал. Игерусіз жатқан жерді қайтару, «қызыл сызық» нормаларын бұзу фактілерін анықтау және оларды жою, жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік желілерді тартуға қамқорлық танытудың аса маңызды екенін ұмытпаңыздар. Жайылымды пайдалануға берер алдында шаруашылықтың малы бар екеніне көз жеткізіп, белгіленген стандартқа сәйкес ауданды анықтау қажет.
Есірткі бизнесіне қарсы күресте жауапты құрылымдардың бірлесе жұмыс істеуі алгоритм әлі де жүйелі жолға қойылмаған. Есірткінің әсіресе жастар арасында таралуы – біздің ортақ қасіретіміз, сондықтан оны бірге жеңуге міндеттіміз. Мен атты патрульдер санын арттыруды қолдаймын, «Көкнәр 2020» операциясы жоғары деңгейде өтуі керек. Есірткі дайындауға және таратуға қатаң тосқауыл қою қажет. Қырғыз Республикасымен шекарадағы бақылау-өткізу пунктерінің материалдық-техникалық базасын нығайту талап етіледі, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі

ПІКІР