«Нәтиженің» нәтижесін көретін күн жақын

0 5

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауды қайта жаңғырту маңызды екенін қадап айтып, өтініш берушілермен жұмыс жасаудың сапасын арттыру үшін «Е-өтініш» жаңа ақпараттық жүйесін және «Нәтиже» орталықтарын ашуды тапсырған болатын. Орталық 1 шілдеге дейін барлық мемлекеттік органдарда іске қосылуы тиіс. Бүгінде өңірде аталмыш орталықты ашу бойынша жұмыстар басталып кеткен.

Жобаны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп іске асырады. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасында «Нәтиже» орталықтарының жұмысы енгізілуде. Орталықтардың міндеті өтініштерді қабылдау ғана емес, сондай-ақ жүйеде «білім базасын» пайдалана отырып немесе тиісті мемлекеттік органның жауапты қызметкерімен қашықтан қызмет көрсетуді ұйымдастыру жолымен азаматтардың мәселесін жергілікті жерде шешу екен.
Қазіргі таңда «Нәтиже» орталығы облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының 13 бөлімін­де ашылғалы жатыр. «Е-өтініш» жаңа ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс істейтін аталған орталықтың жұмысын жүйелендіру үшін өңірден 60 маман арнайы оқып, білімдерін жетілдіріп келіпті. Облыстық мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау басқармасының жетекші сарапшысы Бекзат Еселбаевтың айтуынша, «Нәтиже» орталығының жұмысы тұтынушылар үшін өте тиімді болмақ. Себебі онда азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ашылған орталықтың жұмысы арқылы бірнеше мемлекеттік органдардың да қызметін ала алады.
– Егер орталық ашылатын болса, азаматтарға әр мемлекеттік органға сабылмай «бір терезе» арқылы қызмет алуға мүмкіндік берілмек. Мәселен, орталықта атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы алу жолдары бойынша дайын жауаптары мен жолдары болады. Сол арқылы тұрғындар құжаттарын рәсімдейді. Яғни мұнда кезек күтіп, арнайы маманның кеңесіне құлақ түрудің қажеті жоқ. Егер қызмет алушы оған қанағаттанбаса, онда мемлекеттік орган қызметкерлеріне телефонмен хабарласу арқылы тірлігін тындыра алады. Өмір болған соң түрлі жағдай болып тұратыны белгілі. Мемлекеттік орган қызметкерінің телефон арқылы берген жауабына қанағаттанбайтын болса, жазбаша да өтініш қалдыра алады. Немесе талон арқылы маманмен тікелей жолығуына болады. Қорыта айтқанда, «Нәтиже» орталығы жұмыс сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар халықтың уақытын үнемдеуге де өз септігін тигізетіні ақиқат, – дейді Б.Еселбаев.
Бүгінде өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүйе тестік сынақтан өтіп жатыр. Онда орталықтың арнайы білімдерін жетілдіріп келген 60 маманы жүйенің қыр-сырын толықтай меңгеру үстінде. Сонымен қатар жұмыс барысында кеткен кемшіліктер бойынша жүйені іске қосып жатқан «BTS DIGITAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына мамандар тарапынан ұсыныстар да беріліп, олқылықтың орны толтырылуда. Мұндағы басты мақсат – тұрғындардың сапалы қызмет алып, уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.