Наубайхана ашып, табысқа кенелген Ажар

0 16

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасыларға қайтарымсыз грант беріледі.

Мемлекеттің үлкен мүмкіндігін пайдаланып, бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отырған жанның бірі Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Ажар Мыңжасарова.
Ажар Әбдірахметқызы 1987 жылы Өзбекстан Республикасының Мубарак қаласында дүниеге келген. Сол жердегі Сайджураев атындағы орта мектептің орыс бөлімін 9-сыныпқа дейін оқып, оқуын әрі қарай техникалық колледжде «Заңгер» мамандығы бойынша жалғастырып, 2006 жылы арнаулы диплом алады.
– Біз 2008 жылы отбасымызбен Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аудардық. Осында келгенен кейін мен көп жыл бала күтіміне байланысты үйде отырдым. 2018 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына құжаттарымды өткізіп, Тараз қаласында үш айлық қысқамерзімді курс оқып, маникюрлеуші мамандығы бойынша сертификат алдым.
Қолыма сертификатымды алған соң керек құралдарымды сатып алып, аудан тұрғындарына ақылы қызмет көрсете бастадым. Тапқан табысым көп болмаса да, өзімізге жетеді. Кейде маникюр жасайтын аппарат бұзылады, кейде керек заттарым болмай қалады. Содан күйеуім екеуміз ақылдаса келе, басқа кәсіп ашу керек деген байламға келдік. Осылайша мен былтыр сәуір айында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығындағы мамандарға жолығып, қажетті құжаттарымды, сертификатымды осында тапсырдым. Маусым айында кіші наубайхана ашу бағыты бойынша грант иегері атандым. Грант қаражатын алған соң нан пісіретін екі пеш сатып алып, өз кәсібімді бастадым, – дейді жас кәсіпкер Ажар.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші, жас кәсіпкер алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Ол кәсібін кеңейтсем деп отыр. «Тағы да мүмкіндік болса, төмен пайызбен несие алып, нанмен бірге тәтті кондитерлік өнімдер пісіріп, аудан тұрғындарына, дүкендерге төмен бағамен өткізсем», дейді өз сөзінде.
Ажар Мыңжасарованың өмірлік жолдасы орыс ұлтының өкілі. Ол Константин Юрьевич екеуі 2006 жылы шаңырақ көтерген. Қазіргі таңда жолдасы Ақтау қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейді. Екеуі үш ұл өсіріп отырған үлгілі отбасы.

Баян ОРАЗБАЕВА,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.